Осы байқауда өңіріміздің атынан өнер көрсету Байзақ ауданының аналарына сеніп тапсырылған болатын. Сол күннен бастап аудандық аналар кеңесінің төрайымы әрі «Қазақ аналары – дәстүрге жол» аудандық жобасының төрайымы Шырын Қапарова бұл жауапты істі қолға алды. Ол іскер аналармен ақылдаса келе, облыс намысын қорғауға Диқан ауылдық округіндегі өсіп-өнген, елге сыйлы Мамырайымовтар әулетінің 10 келіні таңдап алынды. Топ жетекшісі аталған ауылдағы аналар кеңесінің төрайымы Мәншүк Мамырайымова.
– Біз бұл байқауға екі айға жуық дайындалдық. Алдымен қатысатын әулеттің келіндерін нақтылаған соң, оларды Мәдениет саласының үздігі Ерсін Қалыбаева сахнаға шығарып, сахна мәдениетін үйретті. Байқауға қатысқан 10 ананың киімдері мен қолөнер, бисер жұмысын, кимешектерін Тараз қаласындағы «Гүлфайруз студиясы» тігіп, дайындады. Қолы ашық, жүрегі жомарт Тараз қаласы, Меркі, Қордай, Байзақ аудандарының аналары жолақымызды, жатар орын, ас-ауқаттың қаржыларын көтерді. Ал Баян Жалбиева қаржыландыру жұмыстарын ұйымдастырып, игілікті іске өз үлесін қосты. Сондықтан осындай ауқымды шараға қол ұшын созған аналарға алғыс айтамыз, – дейді Шырын Мамашайқызы.
Қызылордаға ауданнан шыққан 25 ананы облыстық «Дәстүрге жол – Қазақ аналары» жобасының төрайымы Гүлфайруз Нұрабаева бастап барды. Біздің облыстан барған аналарды Қызылорда вокзалында Шиелі ауданының аналары ас-ауқат, басқа да сән-салтанатымен әндетіп қарсы алған. Содан соң республика бойынша үздік ауыл атанған Нағи Ильясов атындағы ауылды аралатып, көрсеткені де игі іс. Байқау «Сәлем – сөздің анасы», «Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын!», «Отбасым – кіші Отаным!» деп аталатын үш кезеңнен тұрды.
Бірінші кезеңде қатысушы абысындар бірін-бірі таныстырса, екінші кезеңде ән, би өнерімен ұштастыра отырып, өздерінің қолдарынан шыққан ұлттық қолөнер бұйымдары туралы айтып өткен. Ал үшінші кезеңде абысындар отбасылық дәстүрге әлеуметтік желілердің тигізер пайдасы мен зияны туралы тартымды көрініс көрсетті.
Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Жамбыл облысының келіндері жүлделі екінші орынды жеңіп алып, өңірдің абыройын асқақтатты. Осылайша, Диқан ауылында тұратын өнерлі абысындар арнайы диплом, 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа қол жеткізді. Ал бұл жеңісте облыстық және Байзақ аудандық «Қазақ аналары-дәстүрге жол» жобасының төрайымдары Гүлфайруз Нұрабаева мен Шырын Қапарованың еңбегі үлкен.
Сундетулла ӘБІЛОВ
журналист.
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




