Биыл 904 гектарға арпа, 185 гектарға бидай себілді. 262 гектарға пияз егілсе, қант қызылшасының көлемі 124 гектарды қамтыды. 198 гектарға дәндік жүгері, 359 гектарға жоңышқа егілді. Сонымен қатар округтегі төрт түлік бойынша да өсім бар. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара – 280, жылқы – 490, уақ мал – 3300 басқа жетіп отыр.
«Қазіргі таңда қант қызылшасын жинау, қазу жұмыстары жүріп жатыр. Жоғарыда айтылған 262 гектар пияздан орта есеппен 6750 тонна өнім жиналды. Сонымен қатар 1386 тонна жүгері, 3150 тонна бақша өнімдерін, 113 тонна асқабақ жинауға қол жеткіздік. 78 гектарға егілген мақсарыдан 390 центнер өнім жинадық. Айналып келгенде диқандардың еңбегі ақталды деп айтуға болады. Биыл ауа райы да қолайлы болды. Біз әкімшілік тарапынан шаруа қожалықтарға үнемі қолдау көрсетіп отырамыз. Сондықтан да ауыл тұрғындарының еңбекке деген сенімі мен құрметі жоғары. Олар қай шаруа қожалықта еңбек етсе де, төккен терлері ақталатынына көздері жетеді. Әр жұмысшының құқығы қорғалуын заң аясында назарға алып, оларға өз құқықтарын ұғындырып отырамыз. Шаруа қожалық төрағаларымен де тығыз жұмыстар жүріп жатады. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға шақырып, құжаттарын реттеуге көмегіміз дайын. Себебі, ел мен жердің дамуы – баршамызға ортақ. Келесі жылға егіс алқаптарын дайындау – алдағы күндердің ісі. 2026 жылы округтің егістік алқабында қандай жұмыстар жүретінін шаруа қожалық жетекшілерімен бір пысықтайтын боламыз. Бұл талқылауға барлық шаруа қожалық төрағалары ынта білдіріп отыр. Округ тізгінін ұстаған соң, әйел азамат болсам да, жұмысты жоғары сапаға шығаруға күш саламын. Қалай десек те біз көздеген биік межемізден түспейміз. Әр шаруа қожалық мүшелері еңбектің әрқашан жеміс беретінін түсініп отыр», – дейді Ақбастау ауылдық округінің әкімі Нұрсұлу Дүзеева.
«Нұржау» қожалығына нұр жауып тұр
Аталған округте жүзден астам шаруа қожалық болғанымен, өрлеуге ұмтылып, дамудың даңғыл жолына түскендерінің жөні басқа. «Жақсылардың кеудесі алтын сандық» дегендей, іскер азаматтар басқарған шаруашылықтардың қадамы да ширақ болады. Сондай ынтымағы жарасқан еңбек ұжымының бірі – «Нұржау» шаруа қожалығы. Оны Нұрқас Жақыпов жоғары жауапкершілікпен басқарып отыр. Нұрқас басқаратын шаруа қожалық егіншілікпен де, мал шаруашылығымен де айналысады. Екі салада да өнімді еңбек етіп, табысқа жетіп жүр.
Биыл 40 гектарға қант қызылшасын егіп, алқапқа тамшылатып суару технологиясын енгізді. Біз «Нұржау» шаруа қожалығының қант қызылшасын жинап жатқан қарбалас жұмыстарының үстінен түстік. Жұмыс жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Қант қызылшасының қазылуына байланысты қосымша жұмысшылар жұмылдырылған. Барлығы да ауылдың тірлігіне шыныққан, сайдың тасындай жігіттер. Баршасының жүздерінен көңілдерінің көтеріңкі екенін байқауға болады. Себебі, жомарт күз айында қызылша алқабында тер төккеннің өзі еңбекшінің қуанышы, диқаншының дамылсыз ісінің жемісі.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай қазір алажаздай өсірген қызылшамызды қазып, жинап жатырмыз. Үлкен жүк көліктеріне артып жатырмыз. Көңіліміз көтеріңкі. Себебі, жиналған өнімнің көлемі көңілімізден шығады. Атап айтқанда гектарына 90 центнерден айналады деп есептеп отырмыз. Тәтті түбірдің шығымы жақсы. Диқан дала бізді қалай қуантса, осы еңбек етіп жатқан жұмысшы, механизатор жігіттерді біз де солай қуантамыз. «Диқаншының бір күні жылға азық» дегендей, жаз бойы бейнетін кешіп, өсірген қант қызылшасы өнімінің дұрыс болуы – еңбектің ақталуы. Кейде шаруа қожалықтар арасында қант қызылшасынан пайда аз дегендей ұғым бар. Міне, өзім біраз жылдан бері қант қызылшасын өсіріп келемін. Бірақ, еңбегіміздің ақталмай қалған кезі жоқ. Үнемі ойлаған жоспарымыз жүзеге асып жатады. Биыл тамшылатып суару технологиясын қолдандық. Тамшылатып суару барысында үштөрт есе суды үнемдеуге болатынына көзіміз жетті. Алдағы уақытта да бұл технологияны қолдана береміз. Біздің шаруа қожалық егіннен бөлек, мал шаруашылығымен де айналысады. 900 қой, 40 жылқы өсіріп отырмыз. 4 кісі тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта мал басын өз төлінен көбейту ойымызда бар. Сол кезде тағы да бірнеше кісіні тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады деп ойлаймын. Жұмысшы, малшылардың жалақысы мен сыйақысы уақытылы беріледі. Одан бөлек малшыларға ұн мен ет өнімдерінен қарасып тұрамыз. Мүмкіндігіміз келгенше еңбек адамдарын ынталандыру, жұмыстарын әділ бағалауға күш саламыз. Еңбек адамы көңілді болған жерде жұмыс та сапалы жүреді. Бір сөзбен айтқанда «төрағамын» деп көптен бөлектенбеймін. Шаруа қожалықтың мүддесі жолында бәріміз жұмылып еңбек етеміз, жемісін де бірге көреміз, – дейді төраға Н. Жақыпов.
Қант қызылшасы алқабында сушы, түрік ұлтының өкілі Юсип Ұстахметовты да кездестірдік. Ол да жаз бойғы еңбегінің ақталғанына сенімді.
«Біз төраға Нұрқас Жақыповпен таныс, сыйлас болып кеттік. Бірнеше жылдан бері бірлесіп еңбек етеміз. Қызылша алқабына биыл тамшылатып суару әдісін қолданды. Бұл жаңа технологияны да меңгеріп алдық. Арықпен суарғанға қарағанда көп тиімділігі бар. Қант қызылшасы суды өте керек етеді. Жаз бойы шамамен он бір мәрте суардық. 40 гектар алқапты суару жұмысы оңай емес. Бірақ жұмыс қиын болса да, табатын табысымыз да жоғарылай түсетіні қуантады. Ал қаптың іргесіндегі кіші Аса өзенінен су алдық. Хасан Демихасан деген азаматпен бірге қант қызылшасының суына жауапты болдық. Сол жұмысымызды жемісті, тиянақты атқарған сияқтымыз. Қазіргі таңда қант қызылшасы жиналып жатыр. Алынып жатқан өнім көлемі жаман емес. Осынша үлкен алқапта өнім шықпай қалған, су бармай қалған жері жоқ. Қызылшаның өнімділігі жоғары екеніне көзіміз жетіп отыр. Бұл жетістік біздің де ала жаздай төккен теріміздің жемісі деп айта аламыз. Енді өнім жақсы бағаға өткеріліп, барлық жұмысшылар сыйақы алсақ, маусымды солай көңілді аяқтап шықсақ деген тілегім бар. Ал бұйырса келесі жылы да осы шаруа қожалықтың құрамында, осы қант қызылшасы алқабында еңбек етемін деп ойлаймын. Суару технологиясына сүйеніп, өз жұмысымды сапалы атқарған сияқтымын. Жалпы бұл ауыл бірлігі мен ынтымағы жарасқан ауыл. Жалпы, өзім түрік ұлтының өкілімін. Дегенмен Тараз қаласында және осы ауылда менің қазақ достарым көп. Сол қазақ достарымның көптігіне қуанамын. Сол азаматтармен бірге талай пайдалы істі жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да көптеген жұмыстарды бірге атқарсақ деген ойым бар. Мен қазақ достарымның кең пейілі мен адалдығына үнемі куә болып келемін. Сондықтан өзім де әр жұмысты сапалы, тиянақты, жүйелі істегенді жақсы көремін. Жүйелі жұмыстың жеміс беретіні даусыз. Әр жұмысты сапалы, рахметін алып істегенге не жетсін. Әр жетістік адамның өзіне байланысты. Жұмыстың жаманы жоқ. Мәселе сол жұмысты қалай атқарғанында ғой. Сапалы жұмыстың қашанда оң нәтижесі бар, – дейді сушы маман Юсип Ұстахметов.
Біз бұл шаруа қожалықтан жемісті жұмысты, еңбеккерлер арасындағы ынтымақ пен бірлікті, өнімді тірлікті байқадық. Алдағы уақытта да сол береке мен бірлік жалғасын табатын сияқты.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




