«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сарбаздар әскерден оралды

Сарбаздар әскерден оралды
Автор
Тараз темір жол бекетінде мерзімді әскери қызметін абыроймен өтеп, туған жеріне аман-сау оралған сарбаздарды салтанатты түрде қарсы алу шарасы ұйымдастырылды. Оларды жұрт ырғақты әуен, құшақ-құшақ гүл және жанардан аққан қуаныштың көз жасымен қарсы алды. Бұл күні көптің ортасынан табылған жауынгерлер өз міндеттерін адал атқарғандықтары арқылы тараздықтардың атына кір келтірмегендіктерін көрсетіп, Отанды қорғау сияқты маңызды істі тапсыруға лайықты азаматтар екендігін дәлелдеді.

Салтанатты сәтте қолдарына гүлдері мен шарларын ұстаған бір топ адам перронға жиналып тұрды. Олар Балқаштан келген пойызды, оның ішіндегі вагондарымен мерзімді әскери қызметінен босап, туған жерлеріне оралып келе жатқан перзенттерін қуана қарсы алды. Осы сәтті сарбаздардың туыстары мен достары бір жыл күтті емес пе?! Міне, олардың Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімінде қызмет атқарған ұлдары абыроймен орталарына қайта оралды. Отан алдындағы міндеттері орындалды.

Қарсы алушылардың арасында әскерде болғандардың тек туыстары ғана емес, сонымен қатар облыстық және қалалық қорғаныс істері басқармасының жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері де болды. Олар кезінде осы жігіттерді әскерге шығарып салған болса, бүгін енді оларды салтанатты түрде қарсы алып, көппен бірге қуанысуда. Бұл күнгі көтеріңкі көңілкүй барлығын еліне аман-есен оралған сарбаздарды да, олармен қайта көріскен ата-аналарды да тілмен айтып жеткізгісіз қуанышқа бөледі.

– Мен бір жылымды әскер қатарында өткізгеніме өкінбеймін, – дейді 53898 әскери бөлімінде қызмет етіп оралған Вадим Ромашов.

– Әскерде жүріп көптеген жаңа достар таптым. Ол жер маған көп нәрсені үйретті: тәртіп пен жауапкершілікті. Өзімді қиындыққа салып, сынадым, сол арқылы бұрынғыға қарағанда физикалық және психикалық тұрғыдан күштірек бола түскенімді түсіндім. Вадимнің анасы Злата Ромашова өз еркімен әскерге бару туралы шешім қабылдаған ұлын мақтаныш тұтады. Ол, әрине, уайымдағанын мойындайды, бірақ оның сенімді жерде қызмет етіп жатқандығын ойлап, көңілін жұбатқандығын да жасырмады. Тараз қаласының тұрғыны Айдар Болтабек те өзінің інісін мақтан тұтады, ол бауырының әскерде қызмет етуге деген ұмтылысын әуел баста қолдаған.

– Інім Бағдәулет – менің ғана емес бүкіл отбасымыздың мақтанышы, – дейді Айдар,

– Ол қызмет барысында өзінің жақсы сарбаз екенін дәлелдеді, оған бөлімшені басқару сеніп тапсырылды және кіші сержант атағы берілді. Інім әскерден нағыз азамат болып оралды! Айнала құшақтасу, қуаныштың көз жасы, достардың қол алысуы. Салтанатты кездесу бүкіл қала үшін нағыз мереке болды. Ең бастысы, оралған жігіттердің ешқайсысы бір жылдарының әскери қызметке арналғанына өкінбейді. Олар үшін бұл өмірдегі абыройға жеткізген маңызды кезең. Жыл ішінде әжептеуір есейіп, ер мінезденген Отан қорғаушылар соңғы рет әскери формада сап түзеп жүру үшін перронда сапқа тұрды. Қызмет аяқталды. Алда – жаңа мақсаттар, оқу, жұмыс, жаңа жетістіктер!

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар