Жарлық шыққаннан кейін маусым айының аяғы мен шілде айының басында Қорағаты болысында тұратын Ақкөз батыр халыққа жария салып, жарлыққа қарсылық жасауға шақырады. Меркі ауылының төменгі жағындағы Алтын арық деген жерге қазіргі Луговой, Қордай, Шу аудандарынан 10 мыңнан астам жастар жиналады. Содан Меркідегі приставтың кеңсесіне шабуыл жасауға дайындалады. Осы әңгімені естіген Меркідегі, Кузьминкадағы, Новотроицктегі орыстар Меркіге жиналып, көтерілісшілерге қарсы тұруға бел буады. Шілде айының басында көтерілісшілер Меркідегі приставтың кеңсесіне шабуыл жасайды. Бірақ жиналған орыстар көтерілісшілерге қарсы тұрып, қару қолданып, кеңсеге жасалған шабуылды тоқтатады. Біраз күн өткен соң Шу өзені бойына жиналып жатқан орыстарға көтерілісшілер ойламаған жерден шабуыл жасап, жер жастандырады.
Әулиеатадан келген әскерге де көтерілісшілер қарсы шығып, бар күштерін көрсетеді. Осындай қиын жағдай орын алғанын естіген Ташкенттің генералгубернаторы 200 әскер бөліп, оларға 2 зеңбірек, 6 пулемет береді, бұл әскерді басқаруға Савченко деген майор бекітіледі. Көтерілістің басындағы Ақкөз Қосанұлының жанында саяси көмекші болып Тұрар Рысқұлов жүреді.
Жеке хатшысы Ысқақ Асимов деген кісі, ал атқосшысы қазіргі Қазақ ауылының тұрғыны Андабай деген кісі болады. Савченко бастаған орыс әскерлері көтерілісшілердің жиналған жерін айнала қоршайды, оларға жергілікті орыстар да қосылады. Зеңбіректерімен, алты жерден қойылған пулеметтерімен қазақтарға оқты қарша боратады. Қолында қылышы, найзасы, шоқпары бар қазақтар оқты қаруға қарсы тұра алмай жеңіліс табады, көбі сол жерде қаза табады. Ақкөздің атқосшысы Андабайды Савченко атта шауып бара жатқан жерінен аяғын шауып түсіреді де, оны өлдіге санап сол жерде тастап кетеді. Сол кезде Ақкөз батыр, Тұрар Рысқұлов және Ысқақ Асимов Қырғызстанға өтіп кетеді. Ал қолға түскен қазақтарды Савченконың бұйрығымен Луговой–Чалдавардың ортасындағы бағаналарға асып қояды. Тұрар Рысқұлов пен Ысқақ Асимов Қырғызстан арқылы Ташкентке өтіп кетеді.
Ақкөз Қосанов болса 1920 жылы Шудың базарында жүргенінде, орыстар танып қойып ұрып өлтіреді. Тұрар Рысқұлов Түркістан республикасын құрамын деп Ташкентте қалады, Ысқақ Асимов Ұлы Октябрь революциясынан кейін Әулиеатаға келіп, совет үкіметінің орнауына көп еңбек етеді. Кейіннен Шымкент облысының екі ауданында партия комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек етеді, Мәскеудің жоғарғы партия мектебін бітірген соң Қостанай облысы партия комитетінің екінші хатшысы болады. 1937 жылы Шымкент облысының Түлкібас ауданында атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген жерінен ұсталады. 1938 жылы 10 қаңтарда Шымкенттің Албастысай деген жерінде Ысқақ Асимов, Алашорда үкіметінің Әулиеата уезін басқарған Әзімхан Кенесарин және басқа да партия, Алашорда қызметкерлері атылады. Ал енді атқосшы Андабай жергілікті тұрғындардың арқасында тірі қалады.
Әскерді басқарып, көтерілісті басқан майор Савченко 1926 жылы 35 жылға сотталып, 1961 жылы Каменка ауылындағы немересінің үйіне келеді. Осы жерде 70-ші жылдың аяғында қайтыс болады. Осы көтерілістен кейін тірі қалған кісілерден кезінде сұхбат алып, газетке жазған едім. Содан кейін ғана Меркідегі көтеріліс тарихқа енген еді. Осы көтеріліске 2026 жылдың маусым айында 110 жыл толады. Көтеріліс туралы көптеген іс-шаралар өткізсе, құба-құп болар еді.
Москау НОҚРАБЕКОВ
ардагер журналист
Ұқсас жаңалықтар
Таза ауыз сумен 19 елді мекен қамтылды
- 6 желтоқсан, 2025
Масылдық неге дендеп барады?
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




