Несіпбай Бәбітәліұлы 17 жасынан бастап ұсталықпен айналысқан. Ұста болғанда болат балқытып, қызған пешпен алысқан – темір ұстасы. Яғни, жастайынан еңбекпен етене жақын болған жан. Әкесі мен ағалары айналысқан ұсталық өнерден Несіпбай да айналып өткен жоқ.
Бұрынғы «Бесжылдық» кеңшарында ұста бола жүріп, талай машина-трактордың сынған жерін бүтіндеп, көптің алғысын алды. Темір ұстасы болудың қандай қиын жұмыс екенін тек сол жұмысты атқарып, сезінгендер біледі. Олар көп те емес. Көп болмайтыны да жұмыстың ауырлығынан. Себебі, бұл жұмыста сенің денсаулығың мен шыдамдылығың сынға түседі. Бір сөзбен айтқанда, көзіңе де, өзіңе де күш түсетін кәсіп. Бірақ кеңшар үшін керек. Кеңшардың техникасы тоқтамай жүріп тұруы тиіс. Осы машақаты көп, бейнетіне орай алғысы да жетерлік жұмыспен 11 жыл айналысып, айналасына қолынан келген көмегін көрсетті.
1985 жылдан бастап егіншілік саласына ауысты. Звено жетекшісі ретінде диқандықтың ала жаздай бел жаздырмайтын жұмысына кірісіп кетті. Дегенмен 28 жастағы жалындап тұрған жігітке диқаншылық аса қиынға соққан жоқ. Оның үстіне жанып тұрған отпен жұмыс істейтін темір ұсталығынан келді емес пе? Сушылық жұмыс қайдан ауыр болсын?!
Осылайша, кеңшардың кез келген жұмысына бейім Несіпбай Сағындықов от пен судан қатар өтіп, еңбек майданында ысыла түсті. Звено жетекшісі деген 3-4 адамның бастығы. Соларды қасыңа ала жүріп, кеңшардың 250-300 гектар жерін суарасың. Звеноңа жас жігіт те, жалқау да келеді. Оның әрбірімен жұмыс істеп, қатарға қосу, еңбекке баулу сенің міндетің. Мұнан бөлек солардай өзің де кетпен көтеріп жұмыс істейсің. Сол уақытта звено жетекшілерін көп марапаттап, орден, медальға ұсынатын. Депутаттыққа сайлауға бар күштерін салатын. Бейнетіне қарай ол да лайықты құрмет деп айтуға болады. Бірақ Несіпбай ақсақал медаль да алған емес, депутат та болған жоқ. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген Абай хәкімнің сөзін ұстанып, адал бейнетімен еленіп, ауылдың еңбекшіл азаматының бірі болып жүре берді.
Осылайша, ақсақал өзінің ғұмырын таза еңбекке, адалдыққа, өзінің бейнетіне лайық жұмысқа арнады. Одан жаман болған жоқ. Жұбайы Арзыгүл екеуі екі ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірді. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ісінде, отағасының жағдай жасау барысында Арзыгүл апамыздың еңбегі үлкен. Отбасының берекесі мен мерекесі осы кісі. Қандай азаматтың жұмысы алға басады деген сауал бар. Отбасында береке орнаған, асыл жары үйіне сән берген, отағасының әр қимылына мән берген шаңырақ – бақытты шаңырақ. Осындай шаңыраққа отағасы болған кісінің ісі алға басады. Несіпбай ақсақал – осындай ұлағатты үйдің тірегі деп айта аламыз. Ұл өсіп, қыз өскен соң да қанатың, көмекшің болады екен ғой. 2011 жылы Несіпбай Сағындықов «Нұрғали» шаруа қожалығын ашты. 18 гектар жері бар. 10 сиыр өсіріп отыр. Шаруашылығы аса үлкен емес. Бірақ басқаларға үлгі болып көрсетуге жетерлік. Оның ішінде 7 гектарға бидай, 7 гектарға жоңышқа еккен.
Тағы баяғы өзі білетін диқаншылық, өзіне бала күннен таныс – Жер-Ана. Бірақ Несіпбай ақсақал қазір қолына кетпен-күректі аз ұстайды. Себебі, ұл есейген, немерелер де жетілді. Немеренің алды Отан алдындағы борышын өтеп жатыр, 6 айдан соң міндетін өтеп оралады. Кіші немерелері де қолқанатқа жарап қалды. Себебі «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, ендігі жұмысты ұлдары мен немерелері жалғайды. Ауылдың жұмысы бітпейді. Сол бітпейтін бейнет бұларға ұнайды. Осы маңайдағы жапырақтың сылдыры, бұлақтың сыңғыры құлақтарына жайлы естіледі. Сол бір әдемі көріністен көз алмай, даланың сырларын тыңдай бергілері келеді. Өздеріне таныс, өздеріне ыстық тіршілік. Оның сырына үңілсек, арғы аталары да, әкесі де осы жерден нәсібін тапты. Осы табиғи байлығы мол далада адал кәсіппен ғұмыр кешті.
Адалдық бұларға да – мұра. Адалдық жолы адастырмайды. Соны кейінгі буын ұғынып жатқаны қандай жақсы! Бұл кісілер өзінің шаруа қожалығындағы жерінен мол өніп алып, мал азығын әзірлеп, жем - шөбін қамдап отыр. Артығын сатады. Сату деген – табыс көзі. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деп көңіл жұбатамыз. Әйтпесе, қазіргі таңда егіншіліктің де шекені шылқытатын пайдасы болмай тұрған тәрізді. Себебі баршасы қымбат. Тұқым да, жанар май да қымбат. Жеріңді орғызуың, жинатуың бәрі ақша. Бәрі – шығын. Соған қарамастан әр шаруа қожалығы жыл сайын өздерінің жерін пайдаланады. Жер бос жатпауы керек. Тіпті балалары мен немерелері еңбекке үйреніп өседі. Қанша дегенмен диқанның өз серті де бар. Ешкімді құр тастамайды. Төгілген тердің, жасалған еңбектің өтеуі болмай тұрмайды. Міндетті түрде болады. Диқаншылық та солай. Биыл өнім аздау болғанымен, келесі жылы сол өнімді екіүш есе мол аласың. Себебі, Жер-Ана ешкімге қарыз болмайды. Жаратушы пендесінің еңбегін жемейді. Оны жермен айналысқан кісілер өте жақсы біледі.
Біз әңгімелеп отырған «Нұрғали» шаруа қожалығында да жетістіктермен қатар ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер де бар. Себебі бұл – нарық. Нарық заманында тек сенің ғана жағдайың болсын деген ұғым жоқ. Барлық шаруа қожалығы алға қарай ұмтылады. Жұмысынан, егіні мен мал шаруашылығынан мол табыс табуға ұмтылады. Соның ішінде істің көзін тапқан адамдар байлықтың да өзін табады. Ондай кісілердің жұмысы да жүріп, жолы да бола береді. Бұл тұрғыда Несіпбай Бәбітәліұлы да ойын бөліседі.
– Шаруа қожалығын ашқанымызға 15 жылға жуықтады. Басында жеке кәсіпкерлік еді, қазір – шаруа қожалығы. Біздің шаруашылық аса үлкен емес. Бірақ болады. Қанағат етеміз. Мал дегенде он шақты сиыр. Оны да келіндер сауып, айран сүтін сатып, сүт өнімдерін ұқсатуға күш салады. Бидай өсіріп, мал азығы ретінде жинап аламыз. Биыл жоңышқа жақсы өнім берді. Артылған 500 түкті саттық. Түгін мың теңгеден өткіздік. 500 мың теңге табыс түсті. Әрине, бұл ауыз толтырып айтарлық та табыс емес. Бірақ шағын шаруашылықтың қажеттілігі үшін біраз мүмкіндікке апаратын қаражат. Қазір диқаншылықтың шығыны да шаш етектен. Мәселен, әлгі жоңышқалықтың әр гектарын 8 мың теңгеден ақыға орғызамыз. Сонда 6 гектар жеріңді 50 мың теңгеге орып береді деген сөз. Шығын деген осылай жалғасып кете береді. Бірақ біз оның бәріне үйренгенбіз. Нарықта шығын мен табыс қатар жүретінін, үлкен тәуекелдерсіз табыс келмейтінін ұғынып үйренгенбіз. Ең бастысы, ұл-қыздарымды еңбекке тәрбиелеп, іскерлікке баулып өсірдім. Бәрі де бейнеттен қашпайды. Қолымдағы балам Бауыржан техниканың тілін жақсы біледі. Өзі жөндей береді. Шаруа қожалықтың мүшесі – Бауыржан. Шаруа қожалыққа техниканың тілін білетін адам өте қажет, – дейді Несіпбай Сағындықов.
Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




