«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әулетімен қожалықтың жұмысымен айналысады

Әулетімен қожалықтың жұмысымен айналысады
Автор
Жамбыл ауылдық округінде қазіргі таңда 2210 тұрғын бар. Тұрғындардың көпшілігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, өсірумен айналысады. Мал санын көбейтіп, диқандықты кәсіп етеді. Округ әкімі Данияр Әлежановтың да тізгін ұстағанына аса көп уақыт бола қойған жоқ. Алты айға енді жуықтады. Соған қарамастан шаруа қожалықтарымен жұмысты жандандыруға, халықпен етене жұмыс істеуге бейім екенін көрсетіп отыр.

Аталған ауылдық округтегі ірі шаруашылық – «Бекжан» шаруа қожалығы. Төрағасы – ауданға есімі белгілі кәсіпкер азамат Нұржан Телеубаев. Аталған шаруа қожалығы 2004 жылы құрылған. Оның өзіндік себептері де бар. Әуелі соған тоқталып өтсек те артық болмас. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында тер төгемін дегендерге нағыз үлгілі жол осы екенін байқадық. Бұл күнде заман ағымына бейімделіп, бір үлкен шаруашылықтың тасын өрге домалатып отырған Нұржанның әкесінен сөз бастағанымыз жөн. Бұл тәуекелдің бастауында сол Қойтай Телеубаев тұр. Ол Алматы ауыл шаруашылығы институтын инженермеханик мамандығы бойынша бітіріп, дәл осы «Бесжылдық» кеңшарында 40 жылға жуық еңбек етіп, оның 35 жылында бас инженер болған кісі.

Қазақта «Дарақ бір жерден көгереді» деген нақыл бар. Ауыл шаруашылығын, техникамен жабдықтау саласын жетік білетін Қойтай ақсақал да бір жерде жүріп көгерді. Өзіңіз ойлаңызшы, 35 жыл бір шаруашылықта бас инженер болып еңбек ету үшін адамға қандай білім, қандай шеберлік керек. Ол – бір шаруашылықтың тарихына куә болып жүрді, тарихын бірге жазды деген сөз. Ол кезде кеңшарлар еңбеккерлерінің жұдырықтай жұмылып, бес саусақтай бірігіп, ынтымақтаса жұмыс істегенін алдыңғы толқын ағалар мен апалар жақсы біледі. Ма л, егіншілік, техника барлығы тек бір орталықтан басқарылды. Кеңшардың барлық тізгіні бір ғана адамның қолында тұрды. Ол – директор. Ал кеңшардағы бүкіл техникаға жауапты адам – бас инженер. Үлкен кеңшарда мәселен, 70-80 машина -трактор болса, оның тоқтаусыз жүріп тұруын қамтамасыз ету бас инженердің жұмысы. Ал техника кеңшардың барлық саласына қажет. Яғни, бас инженер шаруашылықтың барлық саласын, жер-су атауын, жайылымдық пен егістіктің орналасу жағдайын өте жақсы біледі деген тұжырым осыдан шығады.

Осы шаруаны 35 жыл атқарған кісіні кеңшардың көшбасшы үздігі демегенде не дейсіз! Асқар тауының сондай нығметке қолы жетіп тұрса да, Нұржан Қойтайұлы жоғары білім алуға асыққан жоқ. Сол кезеңде барлық аудан орталықтарында жұмыс істеп тұрған кәсіптік-техникалық училищеден көлік жүргізуші әрі механизатор мамандығын меңгеріп, кеңшарға барып комбайнның руліне отырды.

Тракторшы болды. Жиырма екі жыл механизатор болып, шаруашылықтың алқабында тер төкті. Егістікпен бірге тыныстап, табиғаты тамылжып тұрған даламенен сырласты. Өзі дамыл таппайтын, техникасы бұзылмайтын озат механизаторлардың қатарына қосылды. Еңбегі еленіп те жатты. Ең бастысы, кеңшардың ауыл шаруашылығына жылдар бойы сүбелі үлесін қосты. Жылдар бойы талай кеңшар директоры, талай бригадирмен бірге жұмыс істей жүріп, шынықты. Басшымен қалай байланыс жасау керек, әріптестермен қалай сыйласу қажеттігін әбден ұғынды. Кезі келгенде кеңшар басшылығы да, әріптестері де сонысына, жауапкершілігіне риза болып сыйлап, құрметтей бастады.

Еліміз азаттық алған тұста кейбіреулер жаңа жағдайға бейімделіп, шаруа қожалық аша бастады. Кеңшарлар мен ұжымшарлар тарап, елдің әрі-сәрі болып қалған уақыты. Сол уақытта іскерлік танытқандарға қарап, Нұржан жаңа бір күннің жарқырап туып келе жатқанын жан жүрегімен сезді. Арада біраз жылдар өткенде өзі де «Бекжан» атты шаруа қожалығын ашып, талай жылғы жоспарын жүзеге асыруға ықпал етті. Қожалықты ашу барда, оның аяғынан тік тұрып кетуіне табандылықпен шыдау бар. Ол өз алдына бөлек мәселе.

Қожалықтың жұмысы басталған алғашқы жылдарда құжаттық жұмыстарға қатысты да, шаруашылықты дамыту ісіне қатысты да біраз өзекті жайттар орын алғаны рас. Бәріне төзді, қиын шақта жол тапты. Ауырлықты еңсерді, жаңашылдықтың жолында қайыспас қара нардай мығым тұрды. Бір жағынан жұмыстың оңтайлы болған тұстары да бар. Себебі, кеңшар тарағанмен, ауыл сол қалпы. Ауылдық округтің егістік алқаптары бұрынғы орнында тұрды. Тек баяғыдай тұтас бір құрылым емес, әр жердің өз егесі бар. Әйтпесе, бұл шаруашылықтың егіс алқабының әр бұрышы Нұржанға таныс. Талай тракторымен шарлаған жері.

Екінші тиімділігі – техникаға бейім болуы. Машина болсын, трактор болсын өзі жүргізе береді. Қолынан техниканы жөндеу де келеді. Яғни, тракторшылар мен жұмысшылардың қасында шіреніп тұрмай, өзі де жөндеу жұмыстарына кірісіп те кеткен кездері бар. Сондықтан шаруашылықтың жұмысы жүрді. «Бекжан» шаруа қожалығында 35 гектар егістік, 1500 гектар жайылымдық жер бар. Жүріп тұрған тракторының өзі – төртеу. Екі комбайны, ауыл шаруашылық техникалары талапқа сай. Егістік жеріне бидай, жүгері және бақша өнімдерін егеді. Мұнан бөлек 1 мың қой, 40 жылқы өсіріп отыр. 6 адамды тұрақты жұмыс көзімен қамтығаны – ауылдың дамуына қосқан үлесі.

– Шаруа қожалығының жұмысы жеңіл емес. Шапқылап, жұмысшыларды қамшылап жүрмесең іс бітпейді. Оны ерте сезініп, әлі де сол екпінді, елгезек қалпымызды жоғалтқан жоқпыз. Қазіргі заманда қимылдаған адам, бір нәрсеге ұмтылған кісі қадірлі. Шаруаны жолға қойып, ауылдағы бірқатар елдік істерге атсалысатын жағдайға жеттік. Ол қайырымдылық ісімізді туған жерге деген азаматтық парызым деп білемін. Жалғыз мен ғана емес, бірнеше қожалық төрағалары мүмкіндіктеріне қарай елге көмек беруге дайын тұрады. Ауыл болып қолға алған ортақ істерде аянып қалмайды. Осы жағы мені қуантады. Себебі, әркімнің тірлігі өзі үшін. Халық мүддесі үшін жасалған тірліктің ғұмыры ұзақ. Оның игілігін ел көреді. Жас ұрпақ көреді. Сол болашақ сенің игілің үшін алғысын айтады. Сол алғыс пен рақмет әр азаматтың көсегесін көгертеді. Біздің ауылдық округте жасалған игі істер көп. Ол ұйымдастырушы азаматтармен қатар іскер, кәсіпкер жігіттердің де ынтымағының жемісі. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтылмаған. Жұмыла көтерген нәрсенің әрқашан сәтті аяқталып, берекесі болатынын үнемі көріп-біліп жүрміз. Ауылдың қариялары да ұлағатты. Жастардың басын қосып, тәрбие мен өмірдің өнегелі тұстарынан сыр шертеді. Нағыз ақсақал, ел жанашыры екендерін осылай білдіреді. Менің әкем туралы да замандастары жылы сөздер айтып жатады. Сол кезде төбем көкке бір елі ғана тимей, марқайып тұрамын. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген сөздің де мазмұны терең екенін енді ұғынып жүрміз. Сол асқар тау жанашырымыздың ісін жалғастырып, ізін жалғап жүргенімізді мақтан етемін. Келешекте шаруа қожалықтың аясын кеңейтіп, мал басын өз төлінен көбейту жоспарымызда бар. Шаруашылықтың жұмысы жүрген сайын ауыл экономикасына да үлесіміз қосыла беретінін түсініп отырмыз. Нарықтың заңы басқа. Қазіргі уақыт сенің осалдығыңды кешірмейді. Еңбекқор болу қажет. Еңбекқорлықты іскерлікке ұштастырған кісінің ұтылатын тұсы жоқ. Ауыл шаруашылығына еңбегіміз сіңген ұзақ жылдар ішінде осыған көзім жетті. Төзімді адам барлығын жеңеді. Еңбекшіл адам ортадан озады. Оған көзіміз бұрынырақта да жеткен, қазір де сол ұстанымнан айныған жоқпыз. Қожалықтың жұмысында әулетімізбен жүрміз. Бірікпесең береке болмайтыны тағы рас. Бірге туған бауырым – Нүркен, оның баласы Бексұлтан да қожалығымыздың бір тракторын жүргізеді. Өзімнің 3 ұл, 1 қызым бар. Қыздың жолы басқа жол, үш ұлым туралы айтайын. Үлкен ұлым Мертай – жол полициясы қызметкері, Ертайым – төтенше жағдай саласында істейді. Ауысымдық жұмысынан шыққан кездерінде трактор руліне отырады. Кіші балам Бекжан егістік алқабында су да суарады, егістікке жақсы қарайды. Осылайша, ЖерАнаға мейірім төгіп қараған сайын, Жер-Ана да біз күткендей несібе беріп жатыр. Оның бәрін жоққа шығаруға болмайды. Осы күнге жеткеніміз Жаратқанның жақсылығы. Осы күнімізге шүкір деп, жеткен жетістігіме тәубе деймін. Алдағы уақытта да елмен етене, жұртпен бірге жұмыла еңбек етеміз. Сол адал еңбегіміздің жемісін жесек, халықтың үдесінен шықсақ деген тілегіміз бар, – дейді «Бекжан» шаруа қожалығының төрағасы Нұржан Телеубаев.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар