«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туберкулез бойынша аурушаңдық төмендеді

Туберкулез бойынша аурушаңдық төмендеді
Автор
Өмір үшін қауіпті дерттің бірі – туберкулез. Ол жұқпалылығымен де қатерді арттырады. Сондықтан, аурудың алдын алу, емдеудің тиімді тәсілдері қолданылып, бұл бойынша мамандар ел ішінде мол ақпараттар таратып та жүр. Жақында ғана облыста Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының қатысуымен туберкулезге қарсы жұмыстар жөнінде адвокациялық кеңес өтті. Кеңес туберкулезбен күрес саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталды.

Еліміздегі «Туберкулезді тоқтатайық» Ұлттық серіктестігінің жұмысын дамыту және азаматтық қоғамның туберкулезге қарсы іс-қимылға қатысуын кеңейту мәселелеріне арналған жиында пайдалы мәліметтер айтылды. Бұл іс-шараны денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Аденов, ҰФҒО жанындағы Глобалдық қордың Гранттарды жүзеге асыру бағдарламасының тобы және облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова туберкулезбен күресте үкіметтік емес ұйымдардың атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті.

– Облыста соңғы жылдары туберкулез бойынша аурушаңдық пен өлім-жітім көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді. Алайда, әлі де назар аударуды қажет ететін мәселелер бар. Әсіресе, осал және қызмет қолжетімділігі төмен халық топтарымен жұмыс жүргізуде бірқатар қиындықтар сақталып отыр. Дәл осы санаттағы тұрғындармен жұмыс істеуде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі айрықша маңызды. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар профилактикалық шараларды күшейтіп, халықтың ақпараттану деңгейін арттырып, пациенттердің емді толық әрі уақытылы қабылдауын қамтамасыз ету арқылы туберкулездің таралуын тежеуге бағытталған жалпы стратегиялық міндеттердің тиімді іске асуына елеулі үлес қосып келеді, – деді Айжан Серікбайқызы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек соңғы жылдардағы туберкулез бойынша көрсеткіштерді ұсынды. Оның мәліметінше, соңғы 10 жылда аурушаңдық 2 есеге, өлім-жітім 5 есеге төмендеген. Ал соңғы 20 жылдағы нәтиже бұдан да жоғары. Басқарма басшысы 2024 жылдан бастап жергілікті бюджеттен үкіметтік емес ұйымдарға 10 миллион теңге бөлінетінін атап өтті. Бұл ұйымдар профилактиканы күшейтуге, осал топтардың қызметтерге қолжетімділігін арттыруға, пациенттерді сүйемелдеуге және психоәлеуметтік қолдау көрсетуге елеулі үлес қосып келеді. «Туберкулезді тоқтатайық» Ұлттық серіктестігінің төрағасы Шахимурат Исмаилов адвокациялық кеңестің мақсаттары мен міндеттерін таныстырып, мемлекеттік құрылымдар, медицина ұйымдары және азаматтық қоғам арасында күш біріктіру қажеттігін ерекше атап өтті.

Облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Жалғас Жүзбаев өңірдегі туберкулездің эпидемиологиялық ахуалы туралы 2024 жылдың қорытындысы және 2025 жылдың алғашқы 9 айы бойынша ақпарат берді. Сондайақ облыста скрининг және профилактика бағдарламаларының даму барысын баяндады. Жиын барысында «Тараз Анти-ВИЧ» үкіметтік емес ұйымының үйлестірушісі Георгий Геронтиди үкіметтік емес ұйымдардың облыстағы туберкулез ауыртпалығын азайтуға қосқан үлесі жөнінде талдамалық баяндама жасады.

Қатысушылар Ұлттық серіктестікті одан әрі дамыту, ҮЕҰ әлеуетін күшейту және жұмыс тобының тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарды талқылады. Кеңес қорытындысында конструктивті пікір алмасудың нәтижесінде туберкулезбен күрестегі бірлескен жұмысты одан әрі жетілдіруге және өңір тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған негізгі басымдықтар айқындалды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар