Біздің кейіпкеріміз өзінің бүгінгі жұмысын мақтаныш тұтпаса да, қадір тұтатын, жақсы атқаратын жан. Әлия Амантаева – Қордай ауданының тумасы. Аудан орталығындағы мәдениет үйінде еден жуушы болып жұмыс істейді. Отбасында төрт бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Бір қыз бен үш ұлдың шешесі. Анасынан жастай жетім қалған үш бауырын (егіз ұл мен бір қызды) өз қамқорлығына алып, өсіріп, жеткізген қамқор әпке.
Ол қазіргі таңда өзінің төрт баласымен бірге отбасында 2-ші топтағы мүгедек ағасын да бағып отыр. Өмірдің тауқыметін көп тартқан Әлия Жапарбекқызы ауыр тағдырына налып, айналасындағылардан мейірім тілеп, қоғамға қол жайып, қарап отырған жоқ. Қайта бәріне сабырлық танытып, қолынан келер еден жуу ісін еңбекқорлықпен атқарып, бос уақытында елдің сұранысы бойынша үйлерді ақыға әктеп-сөктеп немесе бөлмелердің дуалына түсқағаз жабыстырып, арасында ыстық бәліш пісіріп, сатып, шиеттей бала-шағасының болашағы үшін талмай-таянбай шапқылап, нанын адалынан тауып жүр.
Әрбір әйелдің өмірдегі тірегі – отбасы дейтін болсақ, Әлия Жапарбекқызына тұрмыс құрып, ана атану ерекше қуат, үлкен жауапкершілік сыйлағаны анық. Ол үшін «Ана» деген тек ардақты ат қана емес, өмірдің ең басты мәні іспетті. Содан да болар, ол балаларын тәрбиелеуде мейіріммен қатар тәртіпті де ұстануды жөн деп тапқан. Әр балаға бөлек көңіл бөліп, әрқайсысының болашағына алаңдап, жақсы жол көрсетуге бар күшін салып келеді.
Уақыт өте келе екі немеренің әжесі атанып, өмірінің жаңа кезеңіне аяқ басқан секілді. Немерелерінің күлкісі, еркелеген дауысы оның өміріне жаңа бір жылылық, шуақ алып келгендей. Ал оның қолында бірге тұратын мүгедек ағасына жасап жатқан қолғабысы, қамқорлығы өз алдына бөлек әңгіме. Ол ағасына бала күнінен бастап қамқор болып өскен, есейген шағында бұл жауапкершілікті толық өз мойнына алған. Оның мейірімі, адалдығы, бауырмалдылығы – осы таңдаудан анық көрінеді. Ол үшін мүгедек қандасына қарау – міндет емес, жүректің қалауы.
Әлия Жапарбекқызы – қиындық көрсе берілмеген, жақсылықты жүрекпен қабылдап, жамандыққа төзімділікпен шыдай білген жан. Өмірдің талай сынағынан сүрінбей өткен есті әйел. Жан-жағындағы адамдар оның сабырлы мінезін, даналығын, әр сөзінің салмақты екендігін ерекше бағалайды. Ол балаларына тірек, немерелеріне мейірім, ағасына қорған бола білген нағыз қазақ қызының, анасының жарқын үлгісі.
– Менің жалпы еңбек өтілім 20 жылды құрайды. Оның 10 жылын наубайханада нан пісіруші болып өткіздім, соңғы 10 жылда аудандық мәдениет үйінде еден жуушы болып келемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Еңбек аптасының жұмыс күндері таңғы сағат 9:00-ден бастап кешкі 18:00-ге дейін мәдениет үйінің үлкен залын жуып, тазалаумен айналысамын. Осындағы залдың, сахна мен трибунаның, сондайақ әкімшілік қызметкерлер отыратын орындықтардың тазалығы менің мойнымда. Мұнда менімен бірге еден жуушы болып тағы екі қыз жұмыс істейді. Олар екі қабатты ғимараттың бірінші қабатын және екіншісі екінші қабатын тазалайды. Мекемемізде аптасына кем дегенде 3-4 әртүрлі мәдени, қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Сондай күндері уақытпен санаспай, таңғы сағат 7-8-дер шамасында жұмыс орнымыздан табылып, тазалық жұмыстарын үйлестірумен айналысып кетеміз. Ел қатарлы еңбек етіп, нәпақамды адалынан тауып жүргеніме шүкір деймін. Алла ғұмыр берсе, осы жерден зейнетке шықсам деген ниеттемін, – дейді Әлия Жапарбекқызы.
Мәдениет үйі секілді қоғамдық орындарда ұйымдастырылатын әрбір жиыннан кейін шашылып қалатын қоқыстарды жинастырып, тазалау немесе ластанған дәретхананың ішін жуып-шайып, бастапқы қалпына келтіру секілді жұмысты қиналмай атқарып жүрген жандарға бәріміз де ризашылығымызды білдіруіміз керек. Ал жоғарыда сөз болған Қордай аудандық мәдениет үйінің тазалықшыларына мекеме басшылығының алғыстан басқа айтары жоқ.
«Бұлар біз үшін тазалық сақшылары» – дейді мұндағы қызметкерлер.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




