«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ЖИ-ді енгізу қалай жүріп жатыр?

ЖИ-ді енгізу қалай жүріп жатыр?
Автор
Тараз қаласындағы №30 мектепте «Amanat» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен білім беру саласына жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу жобасын түсіндіру бойынша педагогтермен кездесу өтті.

Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру аясында ұйымдастырылды. Ел Президенті ЖИдің маңыздылығын атап өтіп, оны мектеп қабырғасынан бастап енгізу қажеттігін атап өткен болатын. Осы мақсатта ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «Amanat» партиясы бірлесіп, «Ustazga AI» атты арнайы жобаны іске қосты.

Аталған жоба ұстаздарға ЖИ құралдарын білім беру процесіне тиімді қолдануға мүмкіндік бермек. Жиынға «Amanat» партиясы облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Уалихан Болатбек, «Daryn. Online» компаниясының бас директоры Айбек Қуатбаев, «Daryn Ustaz» орталығының директоры Ерлан Абдиманапов, сондай-ақ, білім басқармасы мен аудандық, қалалық бөлімдердің мамандары, мектеп директорлары мен мұғалімдер қатысты.

Кездесуде партия облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Уалихан Болатбек жобаның мақсат-міндеттері мен тиімді тұстарын кеңінен түсіндіріп, мұғалімдердің қызығушылығын тудырып отырғанын жеткізді. Іс-шара педагогтердің ЖИ технологияларын меңгеруіне жол ашып, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететінін де тілге тиек етті.

– Биыл ақпан айында іске қосылған «Цифрлық қоғам» партиялық жобасы қарттар, балалар және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды цифрлық қауіпсіздік негіздеріне оқытуға, киберқауіпсіздікті арттыруға және қоғамның жалпы цифрлық сауаттылығын көтеруге бағытталған. Жоба бастапқыда 5 өңірде пилоттық режимде басталып, қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде кеңейтіліп жатыр. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында қойылған міндеттерге сәйкес жаңартылды. Осыған орай, «Amanat» партиясы мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі бірігіп, педагогтерге жасанды интеллектіні оқу процесіне тиімді енгізуге бағытталған «Ustazga AI» жобасын қолға алып отырмыз, – деді Уалихан Болатбек.

Айта кетейік, жоба үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде ұстаздар «Жасанды интеллект – педагогтың көмекшісі» атты тегін онлайн курстан өтеді. Бұл кезең 2025 жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады. Бұл жөнінде жиын барысында «Daryn Ustaz» орталығының директоры Ерлан Абдиманапов мәлімдеді. Келесі кезеңде өңірден жобалары іріктелініп алынған 400 мұғалім «Мұғалім «Amanat» педагогикалық хакатонына қатысады. Ал соңғы кезеңде Хакатоннң 20 жеңімпазы 2026 жылдың маусым айында Оңтүстік Кореяда өтетін 7 күндік халықаралық тағылымдамаға қатысуға мүмкіндік алады.

– «Ustazga AI» жобасы – ұстаздардың заманауи технологияларды, әсіресе жасанды интеллектіні тиімді пайдалануына жол ашатын жаңа мүмкіндік. Басты мақсат – мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, оқу үдерісін заманауи құралдармен байыта отырып, білім сапасын арттыру. Жасанды интеллект – бұл болашақтың емес, бүгіннің құралы. Сондықтан ұстаздарымыз осы мүмкіндікті дер кезінде меңгеріп, оны күнделікті тәжірибесінде дұрыс қолдана білсе, бұл оқушылардың да, мұғалімнің де жұмысын жаңа деңгейге көтерері анық. Жоба аясында мұғалімдерге теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, нақты білім мен дағдылар беріледі. Бүгінгі білім беру саласының дамуы технологиямен тығыз байланысты болғандықтан, біз ұстаздарға жан-жақты қолдау көрсетіп, оларды цифрлық жаңғыруға бейімдеуге дайынбыз, – деді «Daryn Ustaz» орталығының директоры Ерлан Абдиманапов.

Педагогтерге жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдануды үйрету – білім беру сапасын арттырудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар мұғалімдердің жүктемесін азайтып, оқыту процесін жаңғыртуға септігін тигізеді. Осыған орай, барлық білім беру ұйымдарының мамандары «Ustazga AI» жобасына белсенді қатысып, заманауи технологияларды меңгеруге мүмкіндік ала алады.

Үш жылда 170 ауыл талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылады

Бүгінгі таңда, интернет пен цифрлық инфрақұрылым қоғамның барлық саласының қозғаушы күші. Сондықтан ауыл мен қаланың арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту – басты міндеттің бірі болып саналады. Осы мақсатта «Қолжетімді интернет» жобасы аясында Қазақстан Републикасының Үкіметі мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы арасында ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетке қосу жөнінде инвестициялық келісім жасалған.

Жобаның басты мақсаты – халыққа, мемлекеттік және әлеуметтік нысандарға жоғары жылдамдықты интернетті қолжетімді ету, ауылдық жерлерде цифрлық теңсіздікті азайту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру. Бұл ауыл мектептері, әкімдіктер, емханалар, полиция және шекара бөлімшелерінің интернетке қосылуын қамтамасыз етеді.

«Amanat» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған «Өңірлік даму» жөніндегі кеңес отырысында елді мекендерді талшықтықоптикалық байланыс желісімен, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын сапалы мобильді және интернет байланысымен қамтамасыз ету мәселелері туралы Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақберен Сейдімханов кеңінен әңгімелеп берді. Аталған келісім аясында 2025–2027 жылдары облыс бойынша 170 елді мекен және сол елді мекендердегі 307 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл бастама халықтың өмір сапасын жақсартып, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын цифрландыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы құрылыс-монтаждау жұмыстарын Шу мен Меркі аудандарынан бастап, екі колонна арқылы екі бағытта қатар іске асырып жатыр. Бұл ретте, осы жылдың соңына дейін облыстың 54 елді мекенінде талшықты-оптикалық желі тарту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 19 елді мекенде мобильді байланыс 4G деңгейіне дейін жаңартылып, интернетпен қамту үлесі 78,8 пайызға жетеді деп күтілуде. Қазір бұл көрсеткіш 73,4 пайызды құрайды. Жоба ауыл тұрғындарына электрондық үкімет қызметтерін қашықтан пайдалану, онлайн-білім алу және қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін кеңейтеді. Кәсіпкерлер өз өнімдерін онлайн сату, мемлекеттік сатып алуларға қатысу және банктік сервистерді қолдану арқылы бизнестерін дамытуға жол ашады. Бұл өз кезегінде өңір экономикасын жандандырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. «Қолжетімді интернет» жобасының тағы бір маңызды бағыты – республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойында антеннадіңгек құрылымын салу.

2024-2026 жылдар аралығында барлығы 12 антенна-діңгек құрылымын орнату жоспарланған. Оның ішінде Шақпақата – Отар бағыты бойында ұзындығы 449 шақырым болатын аумаққа 7 антенна. Ал Мойынқұм ауданындағы Хантау – Ақсүйек және Бурылбайтал – Қашқантеңіз бағыттарында ұзындығы 203 шақырымды қамтитын аумаққа 5 антенна-діңгек орнату жоспарлануда. Қазіргі таңда 9 антенна бойынша жобалықсметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтті. Ал Мойынқұм және Меркі ауданындағы екі нысан бойынша сараптама қорытындысын алу жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Одан бөлек, Мойынқұм ауданындағы бір нысанның орналасу аумағы Көктерек ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесіне тиесілі болғандықтан, қазіргі таңда Цифрландыру және архивтер басқармасы операторлармен бірлесіп жаңа координаттар бойынша келісу және жерді мемлекет балансына қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі аталған барлық нысандар бойынша құжаттама әзірлеу жұмыстары толық аяқталған соң, антенна-діңгек құрылымдарын салуға жеке инвестиция тарту тетіктерін қарастыруда. Бұл ретте, жобаларды іске асыру үшін байланыс операторларымен өзара әріптестік орнату және келісімшарттар жасау мәселелері зерделенуде. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту – өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі кепілі. Бүгінгі таңда облысымыздың цифрландыру бағыты жүйелі түрде дамып келеді.

«Қолжетімді интернет» жобасы осы бағыттағы ең ірі және нәтижелі бастамалардың бірі болып табылады.

Қазақстан әлемдегі Топ-100 суперкомпьютер қатарына кірді

Ұлттық суперкомпьютер «Alem.Cloud» әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің халықаралық рейтингі TOP500 тізімінде 86 орынды иеленді. Бұл рейтингке тек HPL (HighPerformance Linpack) стандарты бойынша тәуелсіз тестілеуден өткен, яғни әлемдік деңгейде мойындалған есептеу өнімділігіне ие кластерлер ғана енгізіледі. «Alem.Cloud» ұлттық суперкомпьютер кластері Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ инфрақұрылымының негізінде құрылған болатын.

Суперкомпьютер жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер және үлкен деректерді талдау бағыттарындағы жобаларды іске асыруға арналған. Кластердің архитектурасы жоғары тығыздықтағы бірыңғай GPU-кешеніне біріктірілген 64 HPE Cray серверінің базасында іске қосылған. Әрбір есептеу торабы жоғары жылдамдықты қамтамасыз ететін NVIDIA H200-бен жабдықталған. Alem.Cloud суперкомпьютері жобасы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі G42 тобына кіретін Presight халықаралық технологиялық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды.

Presight жоғары өнімді есептеу кластерлерін жобалау мен AI экожүйесін дамытуға техникалық қолдау көрсетіп, әлемдік үздік тәжірибелерді Қазақстанның қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік берді. Жүйе жоғары петафлопс диапазонында өнімділікті қамтамасыз етеді және Қазақстан мен Орталық Азия аймағындағы ең қуатты есептеу платформасы болып саналады. Суперкомпьютер бағдарламалық жасақтамасы SUSE Harvester (виртуализация және таратылған есептеулерге арналған жаңа буын гипервизоры), SUSE Rancher (Kubernetes пен AI-жүктемелерін орталықтан басқару платформасы) технологияларын қамтиды.

Кластердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін SUSE NeuVector (контейнерлік қауіпсіздік, желілік бақылау және рантайм-қорғау жүйесі), Palo Alto Networks желілік сегментация және киберқауіпсіздік шешімдері, сондай-ақ Thales криптографиялық және аппараттық шифрлау құралдары қолданылады.

Бұған дейін «ҰАТ» АҚ техникалық мамандары халықаралық серіктестермен бірлесіп, HPL (Linpack) әдістемесі бойынша кешенді тестілеу жүргізді. Мақсаты – жүйенің нақты есептеу өнімділігін өлшеу және оның TOP500 рейтингінде тіркеуге дайын екенін растау. Нәтижесінде суперкомпьютер қажетті көрсеткіштерге жетіп, Қазақстанның жаһандық TOP500 рейтингіне ресми түрде өтінім беруіне мүмкіндік берді.

Біз цифрлық егемендікті қалыптастырып жатырмыз

Бүгінде IT саласында 200 мыңнан астам адам еңбек етуде, олардың шамамен 20 мыңы – жасанды интеллект саласының мамандары. Мақсат – алдағы бес жыл ішінде 1 миллион азаматқа жасанды интеллект дағдыларын үйрету. Қазіргі уақытта Tech Orda білім беру бағдарламасы аясында 9037 маман білім алды. Бағдарлама онлайн және офлайн форматтарда жүзеге асырылады және кең аудиторияға да, тәжірибелі мамандарға да бағытталған. Сондай-ақ 12-1 8 жас ар ал ығ ын дағ ы жасөспірімдерді оқытуға арналған TUMO креативті технологиялар орталығына қабылдау жүріп жатыр. Ол alem.ai базасында ашылып, балаларға анимация, бағдарламалау, 3D-графика және генеративті ЖИ бағыттарында тегін білім алуға мүмкіндік береді. Ал жастар мен студенттер үшін Tomorrow School – Қазақстандағы алғашқы peer-to-peer форматындағы ЖИ мектебі жұмыс істейді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесе отырып мемлекеттік қызметшілерге арналған AI Qyzmet бағдарламасы іске қосылды. Ол жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесіне этикалық және тиімді енгізуді көздейді. Бүгінде 50 мыңға жуық мемлекеттік қызметші осы бағдарлама бойынша оқудан өтті. Сондай-ақ БАӘ-мен әріптестікте әзірленген QazCoders бағдарламасы жас ерекшелігіне қарамастан бағдарламалау және ЖИ курстарын ұсынады. Сонымен қатар MIT институтымен бірлесіп, жасанды интеллект пәнін мектеп бағдарламасына енгізу бастамасы іске асырылуда.

2025 жыл Қазақстан үшін цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы маңызды жыл болды. Биыл экзаскейл деңгейіндегі есептеулерді қамтамасыз ететін және ұлттық ЖИ-модельдерін қолдайтын Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерлік кластері құрылды. Қазақстан NVIDIA және Freedom Holding Corp. компанияларымен бірлесіп тәуелсіз AI Hub құру туралы келісімге қол қойды.

Бұл жоба елге өз есептеу қуаттарын қамтамасыз етіп, Қазақстанның өңірлік ЖИ орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді. Маңызды оқиғалардың бірі – Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы. Бұл экожүйе зертханаларды, AI Academy, TUMO School және Tomorrow School оқу орындарын біріктіріп, жас инженерлер, зерттеушілер мен кәсіпкерлердің білім алу және жұмыс істеу алаңына айналды. Биыл Amazon Kuiper компаниясымен спутниктік интернет жобасын іске қосу туралы келісімге қол қойылды, сонымен қатар Starlink және OneWeb желілері Қазақстан нарығына кірді. Бұл жобалар шалғай мектептер мен ауылдарға жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Generation Nation бастамасы ондаған мың оқушы мен студентті жасанды интеллект, робототехника және бағдарламалау салаларына тартты.

«Цифрландыру – бұл ең алдымен адамдар. Сол адамдардың еңбегінің арқасында қазақстандықтардың өмірін жеңіл әрі ыңғайлы ететін қызметтер енгізіліп жатыр. Сондай-ақ олар жаңашылдық мәдениетін қалыптастырып, елдің цифрлық болашағына үлес қосуда», – дейді Қазақстан Республикасының Премьерминистрінің орынбасары Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Қазақстан сондай-ақ Cisco, Groq және Joby Aviation компанияларының пилоттық жобалары үшін өңірлік алаңға айналды. Бұл бастамалар жоғары өнімді есептеулер, энергия тиімді технологиялар және қалалық мобильдік бағыттарындағы инновацияларды дамытуға бағытталған.

Цифрландыру күні қарсаңында Astana Hub өзінің 7 жылдығын атап өтті. Осы уақыт ішінде хаб Қазақстан мен Орталық Еуразиядағы ITиндустрияның негізгі орталығына айналды. Резиденттердің саны 1 875-ке жетті, олардың 470- тен астамы шетелдік қатысушылар. 2019 жылдан бері қатысушылардың жиынтық табысы 4,3 миллиард АҚШ долларын құрады, ал 2025 жылы IT-қызметтер экспорты 1,5 миллиард доллардан асады деп күтілуде. Жеті жыл ішінде Astana Hub стартаптары 840 миллион доллардан астам инвестиция тартқан. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматта көрсетіледі. eGov, Smart Data Ukimet, Digital ID және Alem.AI платформалары күн сайын мыңдаған мамандардың жұмысын қамтамасыз етіп, қызметтерді ыңғайлы, қолжетімді және қауіпсіз етеді.

«2025 жыл – цифрлық серпіліс жылы болды. Біз цифрлық егемендікті қалыптастырып жатырмыз – мұнда жасалған технологиялар бүкіл өңірге қызмет етеді. Біздің инженерлер мен зерттеушілеріміз адамға қызмет етуге бағытталған жасанды интеллектіні дамытудағы жаһандық қозғалыстың бір бөлігіне айналуда», – деді Жаслан Мәдиев.

 

Оралхан ДӘУІТ

Ұқсас жаңалықтар