«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Поэзияның ақ гүлі, қызғалдағы еді...

Поэзияның ақ гүлі, қызғалдағы еді...
Автор
Қазақ әдебиеті мен руханияты ауыр қазаға ұшырады. Саналы ғұмырын поэзияға арнаған аяулы ақын, көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Күләш Ділдәқызы Ахметова 80 жасқа қараған шағында өмірден озды. Үлкен ақын жүректің соғуын тоқтатуын барша қазақ елі ауыр күйзеліспен қабылдады. Ақын қазақ поэзиясында нәзік лирикасымен, азаматтық асқақ үнімен есте қалды. Ол өзінің шығармашылығымен ұлттық руханиятқа өлшеусіз үлес қосты. Әдемі өлең жазды, өнегелі өмір сүрді. Аяулы жар, ардақты ана болды. Нағыз аяулы ғұмыр. Алла енді екінші өмірін берекелі етсе екен деп тілейміз. Ақынның қазасы – қазақ руханияты үшін орны толмас өкініш. Дегенмен оның артында қалған мөлдір мұрасы, жанды тербейтін поэзиясы мәңгі жасай бермек. Өйткені Күләш Ахметованың адами қасиеті мен ақындық әлемі – тұтас бір ұлттың мақтанышы.

Ақын есімі әрқашан жүрек төрінде

Күләш Ахметова бар ғибратты ғұмырын сәулелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге мол үлес қосқан халқымыздың аяулы ақыны еді. Нәзік қаламынан туған сыршыл өлеңдері, елдікті дәріптеген жалынды жырлары оқырман тарапынан аса жоғары бағаға ие болды. Өнегелі өмір сүріп, соңына әдеби бай мұра қалдырған Күләш Ахметованың есімі мен жарқын бейнесі ұмытылмайды.

 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Қазақстан Республикасының Президенті

 

Үзіліп түсті теректен

(Күләш Ділдәқызының рухына)

Бір өзің жыр мен ән әпкем,

Кеттің бе сен де, жан әпкем.

Жапырақ жаздың жүрегі,

Үзіліп түсті теректен.

 

Алақанға салған бар елің,

Өлеңнің құты, бағы едің.

Бір рет келер өмірге,

Қайталанбайтын жан едің.

 

Қараша қаздар қайтқанда,

Қоштасу әнін айтқанда.

Қараша айы өттің бе,

Айналып құсқа кеттің бе?

 

Сезімнің аппақ гүлі едің,

Күңіреніп жатыр ұлы елің.

Тоқтатты әттең, соғуын,

Қазақты сүйген жүрегің.

 

Қазақтың рухы жанысын,

Қайырбек ағам жарысың.

Жатарсың жаның жай тауып,

Таластың естіп ағысын.

 

Өмірді бақи жырладың,

Әулиеатаның сырларын.

Алатаудың ақбас шыңдарын,

Қаратаудың қатпар мұңдарын.

Үзілген сенің деміңді,

Жалғайды өшпес жырларың.

 

Бауыржан ЖАҚЫП

ақын,

Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы,

республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы.

 

Ұқсас жаңалықтар