«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дауларды сотқа жеткізбей шешудің жолы қайсы?

Дауларды сотқа жеткізбей шешудің жолы қайсы?
Автор
Білім қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитетінің ұйымдастыруымен №1 Ш. Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясы базасында облыстық көшпелі семинар өтті. Оған облыстық оқуағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков, өңірлердегі филиал төрағалары, құқықтық инспекторлар, келісу комиссиясы мен атқару комитетінің мүшелері қатысты. Семинардың мақсаты – келісу комиссиясының жұмысын жүргізудегі құжаттардың жүргізілуі бойынша тәжірибе алмасу.

Келісу комиссиясы – бұл ұйымдарда жеке еңбек дауларын міндетті сотқа дейінгі қарау үшін құрылатын тұрақты жұмыс істейтін орган. Аты айтып тұрғандай жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы жеке еңбек дауларын сотқа дейін шешу.

Бұл келісу комиссиясы Жуалы аудандық комитетінде де құрылып, жұмыс істеуде. «Кәсіподақтың Жуалы аудандық филиалының келісу комиссиясының жұмыс тәжірибесі туралы» тақырыбында ұйымдастырылған облыстық көшпелі семинарда ауданда болған, көтерілген мәселелер бойынша жұмыс процесі көрсетілді.

Жиынды аудандық филиал төрағасы Мәжит Айжанов ашты. Оның айтуынша, бүгінгі күні филиалға қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы мүше саны 3700-ден асады. Жыл басынан кәсіподақ мүшелері тарапынан бір мыңға жуық жазбаша және ауызша арыз-шағым түскен. Оның дені Еңбек заңы аясында шешімін тапқан. Ал келісу комиссиясында соңғы үш жыл көлемінде 26 отырыс өтіп, арызданушылардың шағымы қаралса, биыл 11 іс оң шешімін тапқан. Сөйтіп келісу комиссиясының араласуымен 7 дау сотқа жетпей шешілген.

Семинар барысында аудандық филиалдың құқықтық инспекторы Гүлжан Орынбаева мен аудандық білім бөлімінің келісу комиссиясының мүшелері Ақмарал Оразалиева, Ләззат Саяқова, Ерназар Жүзбаев, Бағлан Әбдікәрімова және Несібелі Исламова жұмыс процесіндегі мәселелер, оларды шешу, құжаттарды рәсімдеу туралы айтып, өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісті. Ал №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының педагог-психологы Мира Үсенбаева семинар қатысушыларымен психологиялық тренинг өткізді.

Бұл осыдан кейін ұйымдастырылған топтық жұмыс алдындағы ширату, сергіту сәті болып, іс-шараға қатысушылардың ойын бір арнаға жинақтап, интеллектуалды ойынға қатысу белсенділігін арттыра түсті. Топтық жұмыста цифрландыру игілігі кеңінен пайдаланылып, жаңа технологияға сүйене отырып семинар қатысушылары жеке еңбек дауларына байланысты заңнамалық актілер бойынша сұрақтарға жауап берді. Мұнда зеректігімен көзге түскендер қатарында Әлия Джолшибекова, Әділ Ақметұлы, Ирина Александровна, Ернұр Ермек және басқалар болды.

«Миға шабуыл» кезеңінде де аудандық филиал төрағалары мен құқықтық инспекторлар білімдері мен тәжірибелерін осы арада тағы бір көрсетті. Сөйтіп қатысушылардың белсенділігі тақырыпты ашып қана қоймай, тәжірибе алмасып, кейбір сұрақтарды бірлесе талдауға да жол ашты.

Білім қызметкерлері кәсіподағының Мойынқұм аудандық комитетінің төрағасы Бақтияр Махамедов семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, іс-шара барысында көп ақпарат алғанын, көшпелі семинардың әріптестер арасындағы байланысты арттырып қана қоймай, тәжірибе алмасуда да үлкен көмекші екенін айтты. Семинарды жергілікті кәсіподақ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков қорытындылады.

«Бүгін ауданда ұйымдастырылған көшпелі облыстық семинар қатысушылары үшін жақсы әдістемелік басқосу болды. Мұнда көп мағлұматтар айтылды. Мазмұнды жақсы талқылау өткізілді. Семинарды осында ұйымдастыруымыздың да бір себебі келісу комиссиясының ауданда болған, көтерілген мәселелер бойынша жұмыс процесі сіздердің назарларыңызға ұсынылды. Топтық жұмыста берілген сұрақтар мен талқылаулар сол атқарылған жұмыстардың нәтижесі болатын. Ол алдағы уақытта сіздердің де жұмыстарыңызға септігі тиеді деген сенімдемін», – деді Ерұлан Сәбенұлы.

Ал облыстық семинарды ұйымдастырып, талапқа сай өткізген Жуалы аудандық комитет төрағасына салтанатты жағдайда жергілікті кәсіподақтың Алғыс хаты тапсырылды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар