«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дәнді дақылдарды терең қайта өңдеу саласына серпін береді

Дәнді дақылдарды терең қайта өңдеу саласына серпін береді
Автор
Дәнді дақылдарды терең қайта өңдеуді дамыту – агроөнеркәсіптік кешеннің стратегиялық дамуының негізгі басымдығы. Бұл сала өнімнің қосылған құнын арттырып қана қоймай, елдің экспорттық әлеуетін нығайтып, инвестиция тартуға ықпал етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қазақстан алдағы 10 жыл ішінде дәнді дақылдарды терең қайта өңдеу өнімдерінің әлемдік өндірушілері мен жеткізушілерінің үздік ондығына кіруі тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі шикізат базасын қамтамасыз ету, инвестиция тарту және білікті кадрларды даярлау бағытында кешенді шаралар қабылдап жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда дәнді дақылдарды терең қайта өңдеумен айналысатын үш кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр.

Олардың қатарында: Жетісу облысындағы «Жаркент крахмалсірне зауыты» – жылына 150 мың тоннаға дейін жүгері өңдеп, крахмал, сірне, глюкоза-фруктоза шәрбаты және мал азығын өндіреді, Алматы облысындағы «АзияАгроФуд» жылына 60 мың тонна жүгері өңдеп, крахмал, сірне және крахмал шәрбатын шығарады, Солтүстік Қазақстан облысындағы «БиоОперейшн» – жылына 300 мың тонна бидай өңдеп, крахмал, глютен, биоэтанол және мал азығын өндіреді.

Саланы ынталандыру мақсатында салықтық және қаржылық жеңілдіктер қарастырылған:

ҚҚС мөлшерін 70 пайызға дейін төмендету;

кәсіпорындарды құру және кеңейту кезінде инвесторлардың шығындарының 50 пайызына дейін өтеу;

негізгі және айналым қаражаттары бойынша несиелердің пайыздық мөлшерлемесін арзандату;

айналым қаражатын жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру.

2028 жылға дейін дәнді дақылдарды терең қайта өңдеуді дамытуға бағытталған үш ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, Жамбыл облысында «Fufeng Group Company Limited» – жылына 1 миллион тонна жүгері өңдеп, крахмал мен аминқышқылдарын өндіруді қолға алмақ.

Нақтырақ айтсақ, облыста жүгеріні терең өңдеу бойынша тігінен интеграцияланған өнеркәсіптік парк жобасына инвесторлар назар аударып отыр. Өйткені өңірде жобаны табысты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін дамыған инфрақұрылым мен барлық қажетті ресурс бар. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін арттыруға жол ашады. Fufeng Group директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчунь алдағы өндірісті іске қосу үшін «жылдам дәліз» тетігі аясында жасалған қолайлы бизнес-орта мен жағдайларды жоғары бағалады.

Жоба аясында Орталық Азиядағы ең ірі жүгеріні терең өңдейтін зауыттардың бірі салынбақ. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы бастапқы кезеңде 500 мыңнан 1 миллион тоннаға дейін, кейін 3 миллион тоннаға дейін ұлғайтылады. Инвестиция көлемі – шамамен 1,5 миллиард АҚШ доллары.

Пайдалануға беру кезеңінде 1 500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Өндіріс отандық шикізатты пайдалану негізінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ «Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd» (Ақмола облысы) – жылына 1 миллион тонна бидай өңдеп, глютамин қышқылы, лизин, треонин, полимол қышқылы және биопластик өндіру; «CITIC CONSTRUCTION CO. LTD» (Қостанай облысы) – жылына 1 миллион тоннаға дейін астықты кезең-кезеңімен өңдеуді жүзеге асырмақ.

Өнімдері: фруктоза, клейковина, лимон қышқылы, лизин және тағы басқа.

Аталған жобаларды іске асыру Қазақстанға терең қайта өңдеу өнімдерінің түрлерін айтарлықтай кеңейтуге, экспорттық әлеуетті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

 

Оралхан ДӘУІТ

Ұқсас жаңалықтар