«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мал дәрігерінің жалақысы соңғы екі жылда 40-60 пайызға өсті

Мал дәрігерінің жалақысы соңғы екі жылда 40-60 пайызға өсті
Автор
Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдаудың әсерінен ауыл шаруашылығына деген бетбұрыс түзеліп, көптеген фермерлік шаруашылықтар, ет және сүт өңдеу кәсіпорындары, мал сою пункттері ашылып жұмыс істей бастады. Міне, «Медицина адамды ғана емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген тәмсілмен қаруланған сала мамандарының экономикамыздың бір бұрышын көтеріп тұрған мал ауруларына қарсы жұмыстардың жоспарлы жүргізіліп жатқанынан ел хабардар. Жалпы соңғы жылдарда осы салаға көп көңіл бөлінудің арқасында, әсіресе жұқпалы ауруларға қарсы іс-шаралар жүйелі атқарылуда.

Ветеринария саласының негізгі қызметі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, ауруларды диагностикалау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта жоспарланған іс-шаралар жоспарлы атқарылуда. Сондай-ақ облыс көлемінде ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау мақсатында жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу бойынша вакцина егу және диагностикалық ветеринариялық ісшаралар жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Жалпы алғанда облыс аумағында 2025 жылы ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге 3,4 миллиард теңге бөлінді. Вакцинация жоспары – 16,5 миллион, орындалғаны – 13,4 миллион, диагностика жоспары – 5,6 миллион, орындалғаны – 4,5 миллион.

2025 жылға әр мал басына жүргізілетін қызметтер құны 2024 жылғы бағадан көтеріліп, бүгінде аудандық және ауылдық округтердегі ветеринар мамандарының айлық жалақылары лауазымдары мен біліктілігіне қарай 143333 теңгеден 300615 теңге аралығында төленуде. Айлық көрсеткіші соңғы екі жылмен салыстырғанда орта есеппен 40-60 пайызға өскен. 2025 жылы облыс бойынша жалпы 1491790 төлді бірдейлендіру және дерекқорға енгізу жоспары бекітіліп, ағымдағы уақытта 1371878 төл бірдейлендірілді, орындалуы 94 пайызды құрап отыр. Нақтырақ айтсақ, бұзау – 149158, қозы-лақ – 1158 973, құлын – 60216, бота – 1618, торай – 1913-ті құрайды.

Облыс аумағында жануарлардың өлекселері мен биологиялық қалдықтарын залалсыздандыруға арналған барлығы 44 биотермиялық «Беккари» шұңқырлары бар. Биылғы жылы ауылдық округтерде аудандар бюджеті есебінен 30 шұңқыр салу жоспарланып, бүгінде 21 шұңқырдың құрылысы аяқталған.

2025 жылы бекітілген «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында қоныстанған аудандардың, нақтырақ айтсақ, Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ, Шу аудандары мен Тараз қаласының тұрғындарын қорғау жөніндегі іс-шаралар» жоспарына сәйкес, эндемиялық аймаққа енгізілген 46 елді мекендерде І, II және ІІІ кезеңдер (14 сәуір-15 мамыр), (16 мамыр-21 маусым), (18 тамыз-18 қыркүйек) бойынша көлемі 5,7 миллион шаршы метрді құрайтын 24398 қора-жайлар мен 168 мың шаршы метр буферлік аймақ және барлығы 580 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары залалсыздандырылды.

Ауылдық округтерде қызметтік ғимараттары ескірген және талапқа сай келмейтін ветеринариялық пункттерді жаңа типтік үлгідегі (мал емдеу алаңы және тоғытпасымен) ветеринариялық пункттермен қамту мақсатында 2025 жылы типтік үлгідегі 46 ветеринариялық пункттердің құрылысын жүргізу жоспарланған.

Ағымдағы уақытта 25 нысанның құрылысы аяқталып, бұл бағытта жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар облыс әкімінің қолдауымен ветеринария саласы ағымдағы жылы 50 дана жаңа НИВА автокөліктері мен 160 термочемодан және мал дәрігер мамандары 1150 дана арнайы жаздық киім, 1150 дана арнайы аяқ киімдермен қамтамасыз етілді. Облыстық бюджеттен 50 дана «Нива» автокөлігін сатып алуға 420 миллион теңге және 160 дана термочемодан алуға 13,6 миллион теңге бөлінді.

Одан бөлек, қазіргі таңда қосымша 50 «Нива» автокөлігіне мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды және 1150 дана арнайы қыстық киімдерге де тапсырыс берілді. Жалпы алғанда мемлекеттік тапсырыс бойынша жоспарланған ветеринариялықпрофилактикалық және диагностикалық іс-шаралар өз деңгейінде жүргізілуде.

 

Оралхан ДӘУІТ

Ұқсас жаңалықтар