Біздің өңірде де қарапайым ісімен көзге түскен, бір мекемеде ұзақ жыл тер төккен еңбек озаттары аз емес. Солардың бірі – Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының аға сахнашысы Жарылқап Сүлейімбеков.
Жарылқап Өрнекбайұлы 1979 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеп келіп, өзі туып-өскен Өрнек ауылында (бұрынғы Крупская) еңбекке араласады. Кеңшардың барлық қара жұмысынан бас тартқан жоқ. Атап айтқанда, құрылыста да, мал шаруашылығында да жасқа тән жігерімен көзге түсті. Беріректе отбасылы болып, бөлек отау болған шақта Жамбыл ауданының бір шетіндегі Өрнек ауылынан Тараз қаласына қоныс аударған. Облыс орталығы саналатын үлкен қалада іздеген кісіге жұмыс көп екені белгілі. Жарылқап та табылған әртүрлі жұмыстарды атқара жүріп, өзінің тындырымды азамат екенін дәлелдей түсті. Ал кейінгі 26 жылдан бері аталған театрда әуелі сахнашы, қазір аға сахнашы болып еңбек етеді. Көпшілікке түсінікті болу үшін айтып өтейік, театрда дәл осындай жұмыс штаты бар. Сахнашы – сахнаның қойылым алдында жабдықталуына, қойылым біткен соң жабдықтардың жиналуына жауапты адам. Әдетте, театр десе көрермендер тек актер мен актрисаларды елестетеді. Қойылым біткен соң, өнер шеберлеріне қолын соғып құрметтеп, театрдан шығып кетеді. Ел алдында көрсеткен өнерінен кейін актердің де жұмысы шегіне жетеді. Ал сол сахнаның сыртында да талай жұмыс барын, қойылымнан кейін де қарбалас істер жалғасын табатынын біз аңғара бермейміз.
Ол іс – сахнашы жұмысшылардың көзге көрінбейтін, алайда маңызы жоғары еңбектері. Сахнашылар қойылым басталардан бұрын сахнаны құрып, декорациясын жасап, дайындап қояды. Ол жерде сахнадағы жабдықтардың үйлесімділігі, әртістердің қауіпсіздігі, ойнау барысында кедергіге тап болмауы назарға алынады. Еңбек адамының жұмысы сахна құрумен де бітпейді. Олар актерлердің ойынына қатысты түрлі жабдықтардың жоғары-төмен қозғалып, жылжып тұруын да қадағалайды. Бір сөзбен айтқанда, қойылымнан соң өнер саңлақтары міндеттен босайды. Ал сахнашыларға қойылымның алдында да, көрермен қайтып кеткеннен кейін де қарбалас жұмыс. Себебі, сахнадағы жабдықтарды өз орнына ретімен әдемілеп жинап кетуі керек. Уақытпен санаспайтын кісілер де – міне осылар. Бұл ретте адал еңбек иесінің де өз айтары бар.
– Уақыт шіркіннің де тоқтамай зымырайтыны бар. Дегенмен дәл осы театрда еңбек етіп келе жатқаныма аттай жиырма алты жыл. Әуелі алты жыл сахнашы болсам, кейінгі жиырма жыл бойы аға сахнашымын. Былайша, жұмыс сол жұмыс. Үш кісі бірдей тер төгеміз. Аға сахнашы – сахнаға тікелей жауапты. Басшылық құрам жұмыстың үйлесімді жүруін менен талап етеді. Ал режиссер мен қоюшы – суретші әр қойылымның негізгі идеясын жоспар түрінде маған ұсынады. Сол жоспарды назарға ала отырып, сахнаны әріптестеріммен бірге құрамын. Ұзақ жыл тәжірибем болғандықтан, басшылық та, режиссер, көркемдік жетекші де маған сенім артады. Ұзақ жылғы өз жұмысымда өзіме ешқандай сөз келтірген емеспін. Қойылым да жеңіл, ауыр деп бөлінеді. Кейде уақыты қысқа жеңіл қалжыңға құрылған қойылымдар болады. Оларға қатысты сахнаны 45 минутта жабдықтап шығуға болады. Ал «Сталинге хат», «Қос жебе», «Гамлет» деген қойылымдар өте күрделі. Оның жабдықталуы да 2 сағаттан астам уақытты алады. Басқа мемлекетке, басқа қала мен облыстарға өнер сапарымен барамыз. Бір сахна кіші, біреуі үлкен болады. Оның бәрінде өз тәсіліммен тиімді жұмыс істеймін. Ал маған ең ыстық, ең қолайлы сахна – өз театрымыздың сахнасы. Дегенмен бізге қатысты жұмыс сәтімен, кідіріссіз жүріп жатады. Себебі, жұмысқа адалдық – менің басты ұстанымым. Ол асқар тау әкемнен жұққан қасиет. Әкем жоғарыда аталған «Өрнек» ұжымшарында есепші, кейіннен ұзақ жыл бас есепші болды. Алам десе, қолында тұрды. Бірақ қоғамның сынық шегесіне қол салған емес. Айлыққа жұмыс істеді. Біздің бойымызға да адалдықты сіңіріп өсірді. Әлі есімде, мектеп оқушысы кезімде ұжымшардың алқабынан арбаға тиеп әкелген шөбімді кері қайтарып жіберді. Басым салбырап сол шөпті алған жеріме апарып төктім. Бұл – маған өмірлік сабақ болды. Қайтадан ондай теріс қылыққа барған емеспін. Атам Сүлейімбек қарапайым еңбек адамы болды. Сол адалдық бізді абыройдың биігіне шығарды, – дейді аға сахнашы.
– Жарылқаптың жұмысы тек сахна сыртында емес. Жарық беруші жарықты өшіріп, қараңғылық орнағанда сахнадан артық заттарды алып кету де сахнашының жұмыысы екен. Яғни, бұл кісінің көзге көрінбейтін, қолмен ұстамайтын міндеті өте көп. Оған еңбек адамы әбден төселген. Уақытпен де санаспайды. Мәселен, сенбі тек түске дейін ғана, қысқартылған күн. Бірақ ол күні спектакль жүрсе, сахнашы жұмысшылар кешкі сағат 21-ге дейін жүре береді екен. Дегенмен театр басшылығы ауыр еңбекті ескеріп, қойылым жоқ күндерде сахнашыларға екі-үш күн демалыс беріп алады. Менің байқағаным, Жарылқап Өрнекбайұлы басшылық құраммен де, режиссермен де, актерлермен де өте сыйласып, тығыз жұмыс істейді. Өзі сахна құрып, өзі театрда жүріп атақты актерлерді көріп қалайын, танып қалайын деген ой бұл кісіде мүлдем жоқ. Жарылқап Өрнекбайұлының алған марапаты да аз емес. Ол барлық марапатқа лайық. «Біз Жарылқап Сүлейімбеков ағаның жұмысы ауыр екенін түсінеміз. Жарылқап аға өзгенің жұмысына құрметпен қарайтын, өнерді сүйетін кісі. Театрға тұрақтауы да өнерді құрметтеуі. Біз де Жарылқап ағаны сыйлап, еңбегін жоғары қоямыз», – дейді аталған театрдың көркемдік жетекшісі Анар Сағымбекова.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




