Бүгінгі күні облысымызда ирригациялық каналдарды жөндеу және реконструкциялау бойынша 3 жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, өңірде 23 суару каналын реконструкциялау жобасы аяқталуға жақын. Нәтижесінде 19746 гектар егістік алқапқа су беру жақсармақ. Жыл соңына дейін ұзындығы 103 шақырымнан асатын 5 каналды реконструкциялау жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Облысымызға арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, қазіргі таңда Ислам даму банкінің қолдауымен ұзындығы 415 шақырымды құрайтын 76 каналды жаңғырту жобасы әзірленуде. Бұл шара 24877 гектар алқапқа ағын су жеткізуді жақсарта түспек.
Бұдан бөлек, 2028 жылға дейінгі су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес, облыста 10 жаңа су қоймасы салынып, жұмыс істеп тұрған 3 су қоймасы реконструкциядан өткізіледі. Сондай-ақ 45 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізу жоспарланған. Ал келесі жылы Ақмола және Қалғұты су қоймаларының құрылысын бастау жоспарланған. Сонымен қатар Теріс-Ащыбұлақ және Қарақоңыз су қоймалары реконструкциядан өткізу көзделген. Ал облыс әкімдігі тарапынан 7 жаңа су қоймасының жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында су шаруашылығы саласын дамыту үшін ирригациялық жүйелерді жаңғыртудың маңызын атап өтті. Осы бағытта біз шетелдік серіктестермен тығыз жұмыс істеп келеміз. Мысалы, жуырда Финляндия Президенті Александр Стуббтың Қазақстанға ресми сапары аясында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Финляндия Республикасының Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану мен басқару, тәжірибе және заманауи технологиялар алмасу, сондай-ақ екі елдің тиісті мемлекеттік органдары арасындағы институционалдық және ғылымитехникалық байланыстарды нығайту бағытындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Меморандум сондай-ақ суды өнеркәсіптік жолмен тазарту және қайта пайдалану технологияларын дамыту, су үнемдеу технологияларын қолдану тәжірибесімен алмасу, деректер жинау, су есебін цифрландыру және су мониторингі салаларында инновациялар мен технологиялармен бөлісуді көздейді. Сонымен қатар тараптар су тасқыны мен құрғақшылық қаупін басқару бойынша тәжірибе алмасуға ниетті. Құжатта бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және білікті мамандар даярлау жоспарланған, оның ішінде жерасты суы мен су дипломатиясы салаларында да кадрлар дайындау қарастырылған. Бұл меморандум– үздік тәжірибелер мен инновациялық шешімдерді енгізуге жол ашатын бірлескен бастамалар мен жобаларды жүзеге асырудың маңызды қадамы. Қазіргі уақытта Қазақстанда су шаруашылығы саласын жаңғырту мен тұрақты дамытуға бағытталған ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Біз Финляндияның су ресурстарын тиімді басқару, инновациялық технологияларды енгізу және тұрақты су пайдалану тәжірибесін жоғары бағалаймыз. Мұндай халықаралық озық тәжірибені енгізу ортақ мақсаттарға жетуімізге көмектеседі. Мұндай заманауи жобалар Жамбыл өңірінде жүзеге асыруда. Атап айтсам, «Өтеміс» каналын реконструкциялау кезінде заманауи неміс технологиялары қолданылып, олардың тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденді, – дейді Нұржан Молдиярұлы.
Сонымен ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов облысымызға келген іссапары барысында «Өтеміс», «Сеңкібай» және «Белқожа» шаруашылықаралық су каналдары жүйелеріндегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жобалар аймақтың суару каналдары, дренаж жүйелері мен гидротехникалық нысандарын реконструкциялаудың екінші кезеңі аясында жүзеге асырылып жатыр.
«Өтеміс» каналы жүйесінде жалпы ұзындығы 28 шақырым болатын учаскелерде бетон төсеу, сондайақ гидротехникалық нысандарды жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 47 адам және 17 арнайы техника жұмылдырылған. Бүгінге дейін 15,7 шақырым каналға бетон төселген. Барлық жұмысты вегетация кезеңі басталғанға дейін аяқтау жоспарлануда. Жоба іске асқаннан кейін осы жүйе арқылы ылғалдандырылатын алқап көлемі 5131 гектарға жетпек.
Қазір нысан 1626 гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етіп отыр. Ал «Сеңкібай» каналында ұзындығы 14, 2 шақырымды құрайтын учаскеде реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Жалпы алғанда, жоба 21,8 шақырым каналды жаңартуды көздейді. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Қазір нысанда 13 арнайы техника мен 9 маман жұмыс істеуде.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 4075 гектар егістік алқапқа су жеткізілетін болады. «Белқожа» жүйесінде жалпы ұзындығы 19,215 шақырымды құрайтын учаскелерде бетондау жұмыстары жүргізілуде, оның 15,8 шақырымы бүгінде аяқталған. Сонымен қатар гидротехникалық нысандарды реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске асқан соң, жүйе арқылы суарылатын жер көлемі 2896 гектарға дейін ұлғая түспек.
Қазіргі таңда канал 1860 гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз етуде. Мұнда да барлық жұмысты вегетация кезеңі басталғанға дейін аяқтау көзделген.
«Бұл жобалардың мақсаты – суару каналдары мен ондағы нысандардың техникалық жай-күйін қалпына келтіріп, су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы мелиорациялық жағдайды жақсарту. Нысандардың жағдайымен танысқаннан кейін келесі жылғы вегетация кезеңінің тұрақты өтуі үшін жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету жергілікті билік өкілдеріне тапсырдым», – дейді министр.
Осы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен жақынырақ танысқан Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңір тұрғындарымен арнайы кездесті. Министр кездесуде аймақта атқарылып жатқан жұмыстар мен жергілікті су шаруашылығын дамытуға бағытталған алдағы жоспарлар туралы баяндады. Кездесу барысында тұрғындар министрге каналдарды салу және реконструкциялау, суару суына берілетін субсидиялар, судың «қара нарығымен» күрес және балық шаруашылығына бөлінетін сулимиттерін қайта қарау мәселелері бойынша сұрақтар қойды.
«Өткен вегетация кезеңі ауыл шаруашылығының тиімділігі суды қаншалықты ұқыпты әрі жауапкершілікпен басқара алуымызға тікелей байланысты екенін көрсетті. Бұл тек нақты жоспарлауды ғана емес, сонымен қатар су саласын дамытуда жүйелі көзқарасты талап етеді. Сол себепті біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі – су шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан гидротехникалық нысандарды салу, реконструкциялау және суару жүйелерін автоматтандыру жобалары суды тиімді пайдалануға және оның шығынын азайтуға мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Жиында тұрғындар өңірдегі каналдарды жөндеуге қатысты сұрақтар қойды. Жалпы су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту – Мемлекет басшысы министрлікке жүктеген негізгі міндеттердің бірі. Министрдің айтуынша, ел бойынша гидротехникалық нысандарды салу және реконструкциялау жоспарын іске асыру үшін жеке инвестициялар тартылуда. Сонымен қатар су ресурстарын басқаруды автоматтандыру және цифрландыру саласында жетекші компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Дегенмен суды үнемдеуге тек мемлекет қана емес, тұтынушылардың өздері де үлес қосуы қажет. Ол үшін су үнемдейтін технологияларды енгізіп, ылғалды аз қажет ететін дақыл түрлерін өсіруге көшу маңызды.
Кездесуде диқандар мен шаруалар су үнемдеу технологияларын енгізу мен суды тиімді пайдалану мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Әрбір сұраққа министр мен сала мамандары тарапынан жан-жақты әрі нақты жауаптар берілді. Ведомство басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру шараларына баса тоқталды. Атап айтсақ, өткен жылы министрлік су үнемдеу технологияларын сатып алу, орнату және инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу үлесін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтқан болатын. Сонымен қатар суармалы суға сараланған субсидиялар енгізілді – егер су үнемдеу жүйелері қолданылса, субсидия көлемі 85 пайызға дейін артады.
«Аптап ыстық пен жауыншашынның болмауы Қазақстанның оңтүстігінде күрделі жағдай туғызды. Алайда жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде ахуалды тұрақтандырып, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ете алдық. Министрлік арнайы жұмыс топтарын құрып, оңтүстік облыстардағы су шаруашылығы жағдайына мониторинг жүргізді, суармалы суды әділ бөлуге бақылау жасады, кезекшілік кестелерін бекітті, заңсыз су алуға қатысты тексерістер жүргізді және түсіндіру жұмыстарын атқарды. Болашақта мұндай қиындықтарға жол бермеу үшін су үнемдеу технологияларына белсендірек көшу қажет. Осы мақсатта біз заманауи суару жүйелерін енгізуді субсидиялау шарттарын жетілдірдік», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
– Осында келер алдында Түркістан облысында болдым. Ондағы жағдаймен салыстырғанда Жамбыл облысында мүмкіндік те, су көзі де мол. Енді көрші облыстағы жұмыс барысына тоқталар болсам, алдымен ондағы Көксарай су реттегішінің жұмысымен таныстым. Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК жергілікті филиалы нысанда ауқымды механикалық тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда нысанның жоғарғы және төменгі бөліктерінен 60 мың текше метр құм мен қиыршық тас шығарылды. Бұл жұмыстар Көксарай су реттегішінің өткізу мүмкіндігін жақсартып, Қызылорда облысына суды тиімді жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатыр. Тазалауға 28 арнайы техника тартылған. Оның жартысы Қызылорда филиалынан жеткізілген. Жұмыстар желтоқсан айының ортасына дейін, яғни нысаннан су жібергенге дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Көксарай су реттегішінің жоғарғы бөлігінде ұзындығы 2,5 шақырым болатын аумақта геомембрана төсеу арқылы сүзілуді азайту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бұл су шығынын азайтып, су реттегіште қосымша 200 миллион текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстарға 10 арнайы техника жұмылдырылған. Нысанның жұмысымен танысқаннан кейін «Қазсушардың» Түркістан филиалына сүзілуді азайту шараларын Көксарай су реттегішінің басқа учаскелерінде де жалғастыруды тапсырдым. Қосымша жұмыстарды орындауға уақыт жеткілікті. Қазір ауа райы қолайлы, сондықтан қосымша бір-екі учаскеде геомембрана төсеуге болады. Министрлік филиалға қажетті техниканы бөлді, барлық материал жеткілікті. Көксарай су реттегішінің кешенді реконструкциясы басталғанға дейін оның жұмыс тиімділігін барынша арттыру қажет. Көксарай су реттегішінің су жинау тиімділігін ұзақ мерзімге қамтамасыз ету мақсатында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы ұзындығы 36,4 шақырым болатын бөгет учаскесінде 60700 геошпунт орнату жобасын әзірлеп жатыр. Жоба жүзеге асқан соң, су қоймасы 3 миллиард текше метрге дейін су жинай алады. Сондай-ақ реконструкция су тасқынының алдын алып, Солтүстік Аралға жіберілетін судың көлемін арттырады. Сонымен қатар Түркістан облысына жұмыс сапарым аясында өңір тұрғындарымен сіздермен кездесіп отырғандай есептік кездесу өткіздім. Тұрғындарға аймақта атқарылып жатқан жұмыстар мен жергілікті су шаруашылығын дамытуға бағытталған алдағы жоспарлар туралы баяндадым. Қазір Түркістан облысында ирригациялық каналдарды жөндеу және реконструкциялау бойынша бес жоба іске асырылып жатыр. Бұл шаралар 51589 гектар егістік алқапқа су жеткізуді жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Шардара ауданында 20 мың гектар жердің мелиорациялық жағдайын арттыру мақсатында «Қызылқұм» ирригациялық-дренаждық жүйесін реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Ол жобаны аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Ал Түркістан облысының сегіз ауданында тік дренаж жүйесіне жататын 95 ұңғыманы реконструкциялау, 512 ұңғымаға күрделі жөндеу жүргізу және 732 ұңғыманы қайта қосу көзделген. Биыл Шардара өңірінде дренаж жүйелерін жетілдіру бойынша екі жоба аяқталады деп күтіліп отыр. Бұл 44 мың гектар жердің мелиорациялық жағдайын жақсартады. Жыл соңына дейін Төлеби ауданында «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал 2027 жылы Бәйдібек ауданында «Бәйдібек-ата» су қоймасы пайдалануға беріледі. Сонымен бірге «Боралдай» және «Иқансу» су қоймаларын салуға арналған жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек үш су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 40 гидротехникалық құрылысжайда көпфакторлы зерттеу жоспарланған. Қорыта айтқанда, Түркістан мен Жамбыл облысында өткен вегетация кезеңі ауыл шаруашылығының тиімділігі суды қаншалықты ұқыпты әрі жауапкершілікпен басқара алуымызға тікелей байланысты екенін көрсетті. Бұл тек нақты жоспарлауды ғана емес, сонымен қатар су саласын дамытуда жүйелі көзқарасты талап етеді. Сол себепті біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі – су шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан гидротехникалық нысандарды салу, реконструкциялау және суару жүйелерін автоматтандыру жобалары суды тиімді пайдалануға және оның шығынын азайтуға мүмкіндік береді, – дейді министр.
Жалпы облыста 113 су қоймасы бар. Оларға 136,6 миллион текше метр су сыяды. Су қоймаларының 60-ы каналдар, 53-і еріген қар, жер асты сулары мен өзендер арқылы толтырылады. Биылғы вегетациялық кезеңде 91,2 миллион текше метр су жиналған. Жинақталған судың көлемі бекітілген 10 мың гектар алқапты тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.
Бүгінгі күні өңірдегі су қоймалары мен бөгеттерді жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл су нысандарын қалыпты жағдайда ұстауға ықпал етеді. Биыл 9 су қоймасын жөндеу жоспарланып, оның жетеуінде құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қалған екеуі жыл соңына дейін тапсырылады. Бұдан бөлек, 5 су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Кешенді жоспарға сәйкес 203 каналды қайта жаңғырту міндеті тұр. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, Ислам даму банкі, сондай-ақ бюджет есебінен жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылмақ. Ал «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ербол Әбдірахмановтың айтуынша, 4 мыңға жуық шаруамен келісімшарт жасалып, 90,078 гектар жерге 533,1 миллион текшеметр су берілген.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, өңірде су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдалану бойынша жұмыстар жоспарлы атқарылуда. Ал, ШуТалас бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нариман Сулайманов заңсыз су пайдаланушыларға қабылдаған шаралар туралы айтып өтті. Кездесуден кейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылды. Сондайақ министрліктің департаменттері мен комитеттері, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы және Шу-Талас бассейндік инспекциясы өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізіп, кездесуде облыс тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер талқыланды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




