«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алдымен – қауіпсіздік, содан кейін – жұмыс

Алдымен – қауіпсіздік, содан кейін – жұмыс
Автор
Жамбыл облысы – стратегиялық маңызы зор өңір. Осында теміржол тораптары арқылы жүк пен жолаушы тасымалы үздіксіз жүріп жатыр. Бұл жүйенің мүлтіксіз жұмыс істеуі – сала мамандарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Біз тек рельсті жалғап қана қоймай, ел мен елді, облыс пен облысты байланыстырып отырмыз.

Теміржол – жай ғана кәсіп емес, бұл – тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін өмір салты. Бұл салада тәжірибе де, жаңашылдыққа бейімделу де қажет. Сондықтан жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастарды өндіріс орындарына тарту – бүгінгі күннің басты міндеті. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖТ Жамбыл бөлімшесі поездар қозғалысын ұйымдастыру және теміржол жүк тасымалдарын жүзеге асыру бағытында қызмет атқарады.

Бөлімше қызмет көрсететін теміржол желісінің жазбаша ұзындығы – 2162,3 километр, ал нақты жалпы ұзындығы – 1236,3 километр. Оның ішінде дара жол – 340,6 километр, қос жол – 895,7 километр. Станциялық жолдардың жазбаша ұзындығы – 518,1 километр, оның 275,9 километрі қабылдау-жөнелту жолдарына тиесілі. Жүк тасымалы процесі екі түрлі тарту күшінің көмегімен жүзеге асырылады. Оның ішінде 93 пайызы электровоз арқылы, яғни Мойынты– Шу–Отар–Тараз–Түлкібас учаскелері, ал 7 пайызы тепловозбен қамтамасыз етіледі.

Бүгінде бөлімше құрамында 57 бөлек құрылымдық пункт жұмыс істейді. Онда жалпы саны 3518 қызметкер еңбек етуде. Олардың басым бөлігін жастар құрайтынын атап өткім келеді.

Жалпы алғанда, темір жол саласындағы жұмысшы мамандардың қауіпсіздігі – біз үшін басты басымдықтардың бірі. Әрбір қызметкердің қауіпсіз еңбек ету құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясымен және Еңбек кодексімен қорғалған. Соған қарамастан, жас мамандарды тарту қиын әрі жастар арасында бұл салаға қызығушылық аз. Себебі, мамандық беделі төмендеп, әлеуметтік кепілдіктер жеткіліксіз. Жоғары оқу орындары мен колледж түлектері көбіне басқа салаларға кетіп жатады. Сондықтан біз, өңірдегі жұмысшы жастар, кәсіби қолдаумен қатар, әлеуметтік мәселелерге де баса назар аударылғанын қалаймыз. Әсіресе баспана, тұрақты жұмыс орны, қайта даярлау курстары мен әлеуметтік жеңілдіктер – саланың дамуына және жастардың ұзақ жылдар бойы еңбек етуіне ынталандыратын негізгі тетіктер. Ал еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау – тек басшылықтың емес, әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Қауіпсіз еңбек – жоғары өнімділік пен табыстың, ең бастысы өміріміздің кепілі. Біз ұстанатын басты қағида – «Алдымен – қауіпсіздік, содан кейін жұмыс».

«Қазақстан Темір жол Жүк тасымалы» «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» Жамбыл локоматив пайдалану депосының Қауіпсіздік және еңбекті қорғау секторының басшысы әрі жас маман ретінде мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауын қолдаймын. Себебі бұл жыл қарапайым еңбек иелерінің беделін көтеретін, олардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған маңызды бастама болды.

 

Әділет ТҮЛЕКОВ

«Қазақстан Темір жол Жүк тасымалы» «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» Жамбыл локоматив пайдалану депосының Қауіпсіздік және еңбекті қорғау секторының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар