Жуырда ғана мұнда облысқа белгілі суретші, карикатурашы, кескіндемеші Қали Қораласбаевтың тамаша көрмесі ұйымдастырылды. Ал мұндай өнер иелерінің қоржынындағы туындылар, яғни портрет, кескіндеме, басқа да бұйымдарының мұртын бұзбай көрмеге қою бір бөлек, оны сақтау жауапкершілігі тағы бар. Бұрнағы күні көрме галереяда ауқымды жиын өтті. Оған атсалысып жүрген көркемсурет галереясының меңгерушісі Балнұр Райқұлованы кездестіріп, әңгімеге тартқан едік. Мәдениет саласында 11 жыл төңірегінде еңбек етіп жүрген Балнұр Сембекқызы меңгерушілікке келгеніне алты жыл толыпты. Мамандығы – тарихшы. Тараз Мемлекеттік университетінің түлегі.
– Бүгінгі күні біздің қорда 1700 сурет, картина, графика сынды туындылар бар. Осы бұйымдарды тамашалай келген тұрғындарға қызмет көрсетеміз. Әрине, әр адамның талғамы әр түрлі. Сондықтан, өнер туындыларының көркемдігін, рухани маңыздылығын, тартымдылығы мен тәрбиелілігін барынша түсіндіруге тырысамыз. Алдымен өнер адамының осы шығармасы арқылы қоғамға не бергісі келгенін түсіну парыз. Өлең немесе әдеби шығармаларды оқу арқылы өз жаныңыздың қалауын қанағаттандыра аласыз. Картина, сурет, кескіндеме өнерінде адам баласына туындыны бірден қабылдау ауыр. Ол бірнеше рет қарағаннан кейін барып түсінікті болуы да мүмкін. Таңдау көрерменде болғанымен, туындының шынайылығын ашу, құбылысын таныту галерея қызметкерлерінің шеберлігінде. Сондықтан, үнемі ізденісте болу басты мұратымыз, – дейді Балнұр Райқұлова.
Жоғарыда атап өткеніміздей мұнда көрмелерден бөлек саяси, әдеби, әлеуметтік маңызы бар жиындар да өтіп тұрады. Мысалы, галерея қызметкерлері көрме залынан бөлек, Алматыда Ә.Қастеев атындағы музейде, Астанадағы Ұлттық музейде және басқа да қалаларда көшпелі көрмелер өткізеді. Биыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің симпозиумы осы галереяда ұйымдастырылды. Әлемнің тоғыз мемлекетінен келген суретшілердің туындылары осында қойылды. Бұл өте үлкен жауапкершілікті талап ететін жиын болғаны анық. Бірақ, мәдени маңызы жоғары болғандықтан Балнұр Сембекқызы секілді өз ісінің кәнігі мамандары мұндай істі аса үлкен жауапкершілікпен алып шықты.
– Көрмедегі туындыларды тамашалай келген азаматтардың жас ерекшелігіне қарамай қызмет көрсетеміз. Көбіне қалаға келген туристер бас сұғады. Тілдік кедергілер жоқ. Өйткені, бізге шет тілін білетін, арнайы дайындалған гид мамандар көмекке келеді. Сондай-ақ тұрақты түрде Қазақстан Суретшілер Одағы және «Тараз-Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, өнер адамдарымен байланысып, жұмыс жоспарын бекітіп аламыз. Көркем дүниелердің ортасында жүріп, көркемдікті жаны сүйген Балнұр Райқұлова үш бала тәрбиелеп отырған жас ана. Жолдасы Ғалымжан Ниязбеков Халыққа қызмет көрсету орталығында еңбек етеді. Ұрпағына өнегелі тәрбие беріп, еңбек қадірін ісімен дәлелдеп, ел мұратының әлеуетін көтеріп отырған мұндай жарасымды отбасының шаңырағында береке мен ынтымақтың жарасымды тірлігі көпке үлгі болары анық.
Ерман ӘБДИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




