«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақтағы ахуал зерделенуде

Аймақтағы ахуал зерделенуде
Автор
Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы «Экологиялық мәселелер» жөніндегі аймақтық кеңесі партияның 2027 жылға дейінгі «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы мен басқа да бағдарламалық құжаттарын іске асыру аясында, экологиялық мәселелерді дамыту және өзге де әлеуметтік-экономикалық бағыттағы мәселелерді тиімді шешу мақсатында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Өткен жылы кеңестің 3 отырысы өткізілді, біреуі көшпелі форматта Байзақ ауданында ұйымдастырылды. Күн тәртібінде жалпы 6 мәселе қаралып, тиісті әкімдіктер мен мемлекеттік мекемелерге 39 ұсыныс жолданды. Аймақтық кеңес ұсынған әрбір ұсыныстың орындалу барысы партияның тұрақты бақылауында болып, жыл соңында ұсыныстардың нәтижелілігі мен жүзеге асу деңгейіне талдау жүргізіледі. Бұл жұмыс экологиялық мәселелерді шешу және жергілікті қоғамдастықтың мүддесін қорғау бағытындағы партияның ұстанымын көрсетеді. Кеңестің өткен жылғы отырыстары қорытындысы бойынша өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бірқатар нақты шаралар қабылданды.

Атап айтқанда, елді мекендер аумағына ағаш отырғызу бойынша мониторинг жүргізіліп, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған ағаш түрлерін – сиверс алма ағашы, недзвецкий алма ағашы, регель алмұрты, қарапайым өрік сияқты түрлерді отырғызу мүмкіндіктері қарастырылды. Дегенмен өңірдің климаттық ерекшеліктеріне байланысты 12 түрлі ағаштың кейбір түрлері өсіп-өнуге қиындық туғызатыны анықталды. Сол себепті биылғы жылы егілетін 195 мың ағаштың түрлері қысқартылды. Жоспар Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісіліп, қайта бекітілді.

Аталған ағаштар арнайы белгіленген саябақтарға отырғызылатын болады. Осы орайда Тектұрмас тарихи кешенінің аумағында гүлді қалпына келтіру мүмкіндіктері қарастырылып, қазіргі уақытта зираттарға барар жолдың екі шетіне 100 түп қылқан жапырақты арша көшеттері отырғызылды. 35 000 түп раушан гүлдерінің түптері ашылып, оларға тұрақты күтім жасалуда. Биыл тарихи кешенге қосымша 12 000 раушан шоғы отырғызылды.

Сонымен қатар жергілікті полиция басқармасымен бірлесе отырып, экологиялық нормаларды сақтау мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстар қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға, тарихимәдени нысандардың көркі мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Тараз қаласында құрылыс қалдықтары мен стихиялық қоқыстың тиісті орындарға тасталуы, тұрғындардың тазалық сақтау тәртібі бойынша тұрақты бақылау жүргізілуде. Аумақтық инспекторлар мен жергілікті билік өкілдері тарапынан қала аумағында санитарлық ахуалды жақсарту бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Өткен жылы жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, Тараз қаласында күл-қоқысты арнайы орынға тастамаған тұлғаларға қатысты шаралар қолға алынды.

Нәтижесінде, 1182 нысан иесі талапқа сәйкес тазалық сақтамағаны анықталды. Олардың ішінде 1008 тұрғынға ескерту беріліп, 174 азаматқа айыппұл салынды. Қала аумағында «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің қызметкерлері күнделікті санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізеді. Олар жол жиектерін, арық-атыздарды, аялдамалар мен саябақтар, алаңқайлардағы гүлдерді жүйелеп, талдарақтарды реттеп, қоқыс жәшіктерін тазалауда. Бұл жұмыстар қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығы, сондай-ақ Тараздың көркейіп, таза әрі әсем қалалық орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылы елді мекендер аумағында 195 мың дана ағаш отырғызу жұмыстарының толық орындалуына ықпал жасалып, қала көркі мен экологиялық ахуалының жақсаруына ерекше мән берілуде. Тараз қаласының аумағында «Жасыл белдеу» бағдарламасы бойынша экологиялық жағдайды жақсарту және қалалық ортаны көркейту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

2023- 2024 жылдары «Қызыл Абад» шағынауданында көктем және күз айларында 20000 түп қарағаш егілген болатын. Биыл аталған бағдарлама жалғасын тауып, «Қызыл Абад» шағынауданында тағы 20000 түп қарағаш егу жоспарлануда. Көктем мезгілінде 10000 түп, күз айларында қалған 10000 түп егілетін болады. Егілетін жерлерге тың және тыңайған жерлер дайындалып, топырақты өңдеу, таңбалау, суару және күтім жасау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар қала аумағына 5000 түп әртүрлі ағаш отырғызу жоспарланған. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Минералды тыңайтқыштар» зауытының ауаға шығатын зиянды қалдықтарының қалыпты нормада болуын қатаң бақылау бойынша мәселесін қарастыру, шығарындыларды бақылауды қатаңдату мақсатында Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 186-бабына сәйкес, 1-санаттағы объектілердің шығарындыларын сандық және сапалық көрсеткіштерін онлайн режимде қадағалауға және кәсіпорын тарапынан профилактикалық сипатта да, сондай-ақ, мемлекеттік бақылау тарапынан шаралар қабылдауға да жедел ден қоюға мүмкіндік беретін мониторингтік автоматтандырылған жүйелерін енгізуге міндеттейді.

Тараздағы «Қазфосфат» кәсіпорнында автоматтандырылған мониторинг жүйесі шығарындылардың үш көзіне орнатылған. Жүйе көміртегі оксиді, аммиак, фтор сутегі және шаң сияқты жеті ластаушы заттардың шығарындыларын бақылайды. Деректер ұлттық деректер базасына әр 20 минут сайын беріледі. Өткен жылы Тараз қаласы тұрғындарының шағымы бойынша «Қазфосфат» кәсіпорнында санитарлық қорғау аймағының шекарасында зиянды заттардың шекті рұқсат етілген шоғырлану нормативтерінің сақталуын бақылау үшін 15 шығу жұмыстары жүргізіліп, 35 сынама алынып, оларға тиісінше 199 талдау және анықтау орындалды. «Қазфосфат» кәсіпорнының қала және Жамбыл ауданының аумағында орналасқан фосфогипс қалдықтарының үйіндісіне қосымша гипс қалдықтарын шығармау бойынша мәселесі де қаралуда.

Бүгінгі таңда көлемі 17 миллион тоннадан асатын фосфогипс жинақталған 2 үйінді бар. Ескі үйіндінің ауданы 25, жұмыс істеп тұрған үйіндінің ауданы 28 гектарды құрайды. Екі үйінді де Тараз қаласының аумағында орналасқан, сондай-ақ Жамбыл ауданында, Тараз қаласынан 20 шақырым қашықтықта үшінші үйіндінің құрылысын жүргізуге департаменттен рұқсат алған. Облыс аумағында атмосфералық ауа жай-күйін бақылау 9 стационарлық бекетте жүргізіледі, оның 5-і автоматты бекет, ал 4-уі қол күшімен алынатын бекеттер.

2024 жылғы 15 қарашада Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі бекіткен Ұлттық гидрометеорологиялық қызметті дамытудың және жаңғыртудың 2025-2030 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде, Жамбыл облысында атмосфералық ауаның сапасын бақылайтын қосымша 5 бекет орнату жоспарлануда. Жаңа бекеттер Тараз, Жаңатас, Шу және Қаратау қалаларында салынады. Облыстағы елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдықтарды пиролиз технологиясы арқылы өңдеуге немесе басқа тиімді технологияларды енгізу мәселесі бойынша облыста шамамен 3,2 миллион тонна қалдықтар жинақталған.

Тараз қаласында – 2,6 миллион тонна. Жыл сайын қалдықтардың түзілуі шамамен 50-65 мың тоннаны құрайды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды ыдыратуға арналған пиролиз технологиясы қарастырылмаған. Қалдықтарды өңдеу бойынша өңірде инвесторларды тарту бойынша «Hasanat group» компанияларының, «Байтақ болашақ», «Инсипром», «Ecoplatform», «ТазаБиоИнвест», «Таза планета СТ» республикалық қоғамдық бірлестіктерінің және Еуразиялық қайта құру және даму банкінің инвестициялық жобалары қаралды. Дегенмен бұл жұмыс келіссөздер деңгейінде қалуда, себебі инвесторлардың талаптары қалдықтарды басқарудың аумақтық схемасын әзірлеу, тарифтерді көтеру, инфрақұрылымды дамыту және полигонды жеке меншікке беру керек. Қазір тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарының құрылысын жандандыру мақсатында «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы алған төлем қаражаты есебінен облыс бойынша 3 жоба қатысуда.

Одан басқа, Тараз қаласында 2023-2025 жылдарға «Eco Energy Plant» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және электр энергиясын өндіру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Қаржыландырушы Америка Құрама Штаттарынан компанияның инвестициялары 18,8 миллиард теңге құрап отыр. Жобаны «Тараз индустриялық аймағында» іске асыруға шарт жасалып, 10 гектар жер учаскесі бөлінген.

 

Оралхан ДӘУІТ

Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы «Экологиялық мәселелер» жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы

 

Ұқсас жаңалықтар