Іс-шараға 50-ден астам жас қатысушы жиналды. Олардың қатарында ішкі істер органдары ардагерлерінің отбасы мүшелері де болды. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын дәріптеп, жас буынның бойында елге қызмет етуге деген құрметті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Экскурсия барысында қатысушылар департаменттің тарихи мұражайын аралап, құқық қорғау саласының қалыптасу кезеңдері мен даму жолынан сыр шертетін құнды деректермен танысты. Әсіресе Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі туралы көркемфильм жасөспірімдерге ерекше әсер қалдырды. Батырдың ерлігі арқылы Отанға адал қызмет етудің, антына берік болудың мәні кеңінен насихатталды. Сонымен қатар іс-шара барысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің өмір жолы туралы да айтылып, олардың ерлігіне тағзым жасалды. Бұл жастардың санасында батылдық, жауапкершілік және патриоттық сезімдерді қалыптастыруға ықпал етті.
Кездесу аясында полиция қызметкерлері өздерінің күнделікті жұмысы, қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі туралы жан-жақты мәлімет берді. Ашық форматта өткен диалог барысында оқушылар мен студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Құқықтық тәрбиеге бағытталған әңгімелер құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау және азаматтық жауапкершілік мәселелерін қамтыды. Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар «Заң мен тәртіп» қағидатын жастар санасына сіңіруде ерекше маңызға ие.
– Осындай кездесулердің басты мақсаты – жастарға құқықтық тәрбие беру, олардың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Біз жас буынның дұрыс бағыт таңдап, заңды құрметтеп өсуіне ықпал етуді көздейміз, – деді ПД жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Берік Сәлемов.
Тәрбиелік мәні зор бұл кездесу жасөспірімдердің құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашаққа деген көзқарасын айқындауға да септігін тигізді. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандық иелерінің еңбегі мен жауапкершілігін өз көздерімен көрген жастар үшін бұл күн ұмытылмас әсерге толы болды.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Соғыс өртін сөндірген өшпес ерлік иесі
- Бүгін, 17:56
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




