«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Эхинококкоз – адам мен жануарға ортақ қауіпті дерт

Эхинококкоз – адам мен жануарға ортақ қауіпті дерт
Автор
Эхинококкоз – адам мен жануар ағзасында дамитын, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін паразиттік аурулардың бірі. Бұл дерт ветеринария және қоғамдық денсаулық сақтау салаларында өзекті мәселелердің қатарында.

Аурудың қоздырғышы – Echinococcus granulosus паразиті. Оның негізгі иелері – ит, қасқыр, түлкі сияқты етқоректі жануарлар болса, аралық иелері ретінде қой, сиыр, ешкі және басқа да ауыл шаруашылығы жануарлары қызмет атқарады. Паразиттің жұмыртқалары қоршаған ортаға жануарлардың нәжісмен таралып, шөп пен су арқылы басқа жануарлар мен адам ағзасына түседі. Адам бұл жағдайда кездейсоқ аралық иеге айналады. Эхинококкоз көбінесе иттермен тығыз байланыста болғанда, жуылмаған жеміс-жидек пен көкөністі тұтынғанда, ластанған су ішкенде және жеке бас гигиенасын сақтамаған жағдайда жұғады. Ауру ұзақ уақыт бойы белгісіз өтуі мүмкін. Көп жағдайда паразит бауыр мен өкпеде киста (көпіршік) түзіп, ағзаның қалыпты қызметіне кері әсер етеді. Негізгі белгілеріне оң жақ қабырға астындағы ауырсыну, әлсіздік, тез шаршау, өкпе зақымданғанда тыныс алудың қиындауы және аллергиялық реакциялар жатады. Кисталар ұлғайған сайын ішкі ағзаларды қысып, түрлі асқынуларға алып келеді.

Эхинококкоз – жануарлардан адамға жұғатын зооноздық ауру. Сондықтан оның алдын алуда ветеринариялық қызметтің рөлі айрықша. Негізгі сақтық шараларына иттерді уақтылы дегельминтизациялау, мал сою кезінде ветеринариялық бақылауды күшейту, зақымданған ағзаларды жою, қаңғыбас иттердің санын реттеу және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу жатады. Сонымен қатар әрбір азамат жеке бас гигиенасын сақтап, қолды жиі жуып, тағам өнімдерін мұқият тазалап, тек қайнатылған суды пайдалануы қажет. Облыста бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

2026 жылға арналған жоспарға сәйкес 6350 етқоректі жануарды дегельминтизациялау көзделген. Ағымдағы жылдың мамыр айына дейін бұл көрсеткіштің 15 пайызы орындалды. Айта кету керек, дегельминтизациялау шаралары ауру ошақтары анықталған жағдайда мемлекеттік бюджет есебінен тегін жүргізіледі. Ал үй жануарларын профилактикалық өңдеу олардың иелерінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы жануарлары арасында эхинококкозға байланысты емдеу жағдайлары тіркелмеген. Дегенмен, бұл дерт көбіне мал сою кезінде ішкі ағзаларды зертханалық тексеру барысында анықталып, залалсыздандырылады. Адамдар арасында эхинококкозбен сырқаттану деректері де бақылауда. Мәселен, 2024 жылы – 64 жағдай, 2025 жылы – 55 жағдай тіркеліп, сырқаттану деңгейі 14,1 пайызға төмендеген. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында 15 жағдай анықталған.

Жалпы, эхинококкоз – адам денсаулығына ғана емес, мал шаруашылығына да айтарлықтай зиян келтіретін қауіпті ауру. Онымен күрес кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Әрбір азамат қарапайым гигиеналық талаптарды сақтай отырып, аурудың алдын алуға өз үлесін қоса алады.

 

Серіжан ТАЛАПҰЛЫ

облыс әкімдігі ветеринария басқармасы эпизоотияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы

Ұқсас жаңалықтар