Яғни әрбір тәуелсіз ел перзенті жеңіс жолында жан берген жүздеген, арғы тарихта мыңдаған баһадүр атабабалардың ұрпағы. Бұл ажал апанына бозала шақ, бозбала сәтте кіріп барып, бұл күнде есімі ерлікпен қатар аталып, рухы еліне жеңіс болып қайтқан кез келген батырдың ұрпағына мәңгілік мақтаныш. Мен де топырағы текті, даласы дастан Талас топырағында дүниеге келіп, отты жолмен Отанына жеңісті арқалап алып келген атам Әбілқаш Шалқарбаевтың ерлігін кие тұтып, батырдың келіні атануымды риясыз бақыт сезінемін. Ұлы Жеңіс мерекесін көзсіз ерліктің айқын көрінісі дейміз. Ал оның тамыртарихында қаншама тағдыр жатыр. Қара жамылған қаншама отбасы, қара қағазға жазылған есімдер, қасірет шеккен ел, қаңыраған қарашаңырақ...
Қаншама ұрпаққа Ұлы Жеңіс әке болды. Жетімдердің көз жасымен өнген жеңіс гүлі үміт бағына айналды. Адамзатқа төнген ажал елшісі секілді майдан өр рухты майдангер аталарымыздың ерлігінің арқасында ұрпаққа жеткен жоқ. Жалғыз Отанның жолында жан садаға деп кеудесін оққа, жүрегін отқа тосқан сол батырларымыздың рухы әрбір Жеңіс күні бір аунап түсетін шығар. Себебі, сүйегі серттен, қаны қасиеттен жаралған батырлар рухы ұрпақ ұмытпаған сайын мәңгілікке ұлықтала берері анық. Қалай сені жұбатам, аңыра, Ана, Сау қайт деп Тәңіріңе жалын, Ана. Мына отырған иеміз құласа егер, Саған жар, әке бізге табыла ма?,– деп өзінің де балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген Мұқағали ақын айтпақшы, қаншама қаракөз осы бейбіт күнді жәудіреп күтті десеңізші.
Жалпы, адамзат тарихында ірілі-уақты он бес мыңға жуық соғыстар өткен екен. Бірақ солардың ішінде ауқымы, құрбандықтары мен алапаттығы жөнінен ең жантүршігерлігі осы болды. Оның әрбір сәті халқымызға төнген ең ауыр күндер еді. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен Отаны үшін, келешек ұрпақ үшін қилы соғыс жүріп жатты. Бір күшке жиналған ағайын елдер қарсы алдындағы жауға алынбас қамал болып жұмылды... Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Мәскеу мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыл ерлік көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады. Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын шүберекке түйген жауынгер халық екендігін ерлігімен мәңгілікке мойындатты. Ердің ері шыдайтын сын сағатта бомбаның арасында бозбала шақтың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті.
Жас кезден-ақ адамдарға сұғылған, Талай-талай айыр барын ұғынғам. Көз алдымда... Соңғы жылы соғыстың, Құйттай бала алашаға тығылған. Айырда емес барлық кінә, халайық, Кемпірде емес барлық кінә, бар айып. Соғыс деген Қара Кемпір қарайды Тарихтан екі көзі алайып..., – деп ақын Өтежан Нұрғалиев Гомерше эпикалық сарында суреттеген сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық рухын дәлелдеді. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына басты, майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды. «Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады... Батырлық – табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзіңді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті ғана емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады. Өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі», – деп даңқты батыр Бауыржан Момышұлы айтқан осы сөз батырлар жүрегінің өмірлік ұраны болды.
Олардың қайқайсысы да мәңгілік құрметке лайық. Сол қаһарман хас батырлардың қатарында қаршадайынан соққы өтіне, соғыс өртіне қасқайып қарсы тұрған атам Әбілқаш Шалқарбаевтың ерлік жолы әулетіміздің ғана емес, әрбір қазақ баласына өшпес өнеге деп айтсам артық болмас. Шалқарбаевтар шаңырағына келін болып түскенімнен бұрынырақта атамыз мәңгілік сапарға аттанып кеткен екен. Бірақ мәңгілік ерлік иесінің есімі біздің шаңырақта ғана емес, қарашаңырақ – қазақ даласында жаңғырып тұратынына тарихтың өзі куә, жеңістің өзі дәлел. Соғыс өртін өшіргенімен, ерлігі ешқашан өшпейтін атамыз жайлы өлмейтін өсиеттері мен өнегелі өмір жолы болашағымыздың мәңгілік маздаған бағдаршамы секілді. Себебі атам көзі тірісінде көкірегін қарс айырар осынау қасірет жайында жарияға жар салып тіс жармаса да, ауылдастары мен кісіге деген қамқорлығы, өскелең ұрпаққа деген шексіз мейірімі, адал еңбегінің өзі сарқылмас қазынадай жыл өткен сайын жаңғырып келеді. Ал оның алапат соғысқа алғашқылардың бірі болып кіріп, алаш даласынан Германияға дейін жаудың еңсесін есеңгіреткен ерлігі ешқандай жалт-жұлт еткен жарнамаға мұқтаж емес. Себебі ол уақыттың өзі ұмытпайтын, Жеңістің өзі ұмыттырмайтын, ұрпақтың өзі ұлықтайтын тарихи шындық. Сол отты жолда атамның қаншама қандыкөйлек жолдастары ерлікпен қаза тапты. Қаншамасы көз алдында жат далада жан тапсырды. Қаншамасы туған топыраққа оралмады. Қаншамасы қайтадан жақындарын құшағына алып, бауырына баса алмады. Қаншамасы мәңгілік сағынышқа айналып кетті... Осының барлығы жанына қорғасындай батқан атамыз зұлматтың зілін ұрпағымен бөліспеуі арқылы да «терең өзендер үнсіз ағатынын» сөзсіз аңғартып кеткендей. Ал терең өзендер ұзақ сарқырап, айналасын қалың орманға айналдыратыны да өмір дәлелдеген шындық.
Апамыздың ақыл-кеңесі арқылы біздің бойымызға сіңіп, жан-дүниемізге дарыған атамның дариялы жолы әрбірімізге рухани нәр, мәңгілік жігер береді. Апам екеуі алапат соғыстың соққысынан тұралап қалған ел өміріне тіршілік сәулесін шашып, 14 перзентті дүниеге алып келіп, олардың әрбірін бағып-қағып, тәрбиелеуінің өзі де ерлікпен пара пар. Бүгінде бәйтеректің орнында қалған сол бау-бақшадай ұл-қыздары батырдың ұрпағы деген атқа сөзбен ғана емес, іргелі ісімен лайықты бір қауым елге айналып отыр. Биыл атамыз көзі тірі болғанда сол мәуелі әулетінің ортасында жүз жасын тойлар еді. Десек те атамыздың орнын жоқтатпайтын ормандай отбасы үшін бұл мерейтой Ұлы Жеңіс мерекесімен қашанда қатар тұратын қастерлі сәт. Соған орай асқаралы асқар тау атамыздың ғасырлық мерейтойын өзінің кіндік қаны тамған киелі өлке – Талас топырағында, Сәду Шәкіров ауылында ұйымдастырып, рухына Құран бағыштап, ас беруді жоспарлап отырмыз. Осылайша Ұлы Жеңіс күнімен тұспа-тұс атамыздың рухына тағзым етіп, майдангерлеріміздің мәңгілік есімін ұрпақ жадында жаңғыртуға ниеттіміз. Ғасыр тойынан ғибрат алып, атамыздың ерлік жолы арқылы ұрпақ сабақтастығын жалғауға тағылымды талпыныс, ұлағатты ұмтылыс болады деген сенімдеміз.
Роза ӨМІРБЕКОВА
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
А. Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




