Қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан қаламгердің шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақты рухани құндылықтарға баулу және ұлттық әдебиетке деген қызығушылықты арттыру мақсатында өткен шараға М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы Сәмен Құлбарақ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-журналист Баймаханбет Ахмет және өңірге белгілі прозашы Ардақ Үсейінова қатысты.
Кездесуде алғаш болып сөз алған профессор Сәмен Құлбарақ қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен баяндап, оның адами болмысы мен азаматтық келбетін де айрықша атап өтті. Сонымен қатар жазушының дүниетанымына, қаламгерлік болмысына әкесі Шаштайдың бейнесі мен тәрбиесі ерекше ықпал еткенін де тілге тиек етті.
– Қазақ әдебиетіндегі қарапайым да шынайы қаламгерлердің бірі – Жұмабай Шаштайұлы. Оның шығармаларындағы кейіпкерлер бейнесінен әкесінің – қарапайым қойшы, күй өнеріне жақын жанның әсерін анық байқауға болады. Мәселен, «Қоңыр» атты әңгімесі осы айтқандарымыздың нақты көрінісі. Оның әрбір туындысынан адам жанының терең психологиялық иірімдерін көре аламыз. Кейіпкердің ішкі күйін, жан толғанысын, рухани болмысын көркем тілмен шебер суреттейді. Бұл – жазушының қаламгерлік шеберлігінің көрінісі. Сонымен қатар Жұмабай Шаштайұлы жүргізген «Үзеңгі жолдас» телебағдарламасы да қоғам қайраткерлерінің болмысын тереңнен ашып, өткір сұрақтарымен көрерменге жаңа қырынан таныта білді, – деді әдебиеттанушы Сәмен Құлбарақ.
Жастармен өткен кездесуде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушыжурналист Баймаханбет Ахмет Жұмабай Шаштайұлының Жамбыл облысы, Қордай ауданында қызмет атқарған кезеңін ерекше атап өтті. Ол сол жылдары шыққан «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде жарияланған мақалаларын жиі оқып, жазушының журналистика саласындағы еңбегімен ерте кезден таныс болғанын жеткізді.
– Жазушымен таныстығымызға қарымды қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы себеп болды. Облыстық газетте қызмет етіп жүрген кезімде Жұмабай Шаштайұлы Нес-ағаны іздеп жиі келетін. Жеке сырластығымыз болмағанымен, арада үлкен сыйластық орнады. Сол себепті оның әрбір еңбегін қалт жібермей оқып жүретінмін. Ол журналистика мен прозаны терең меңгерген тұлға еді. Қаншалықты қарапайым болса да, ешқашан қарабайыр болмады, – дейді Баймаханбет Ахмет.
Ал прозашы Ардақ Үсейінова жазушы мен «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы арасындағы достықты ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қос қаламгердің тағдырында ұқсастықтар да аз емес. Екеуінің де әкесі қойшы болғандықтан, олар бала күнінде қой бағып, білім алуға кештеу қадам басқан. Бұл ортақ тағдыр олардың арасындағы рухани жақындық пен достықты бекемдеген. Сонымен қатар Ардақ Үсейінова Жұмабай Шаштайұлының киелі Әулиеата өңірінен жарық көрген «Жамбыл» журналының Алматыда кеңінен таралуына ықпал еткенін айтты. Бұл – қаламгердің достыққа деген адалдығының айғағы. Себебі, аталған журналдың басында досы Несіпбек Дәутайұлы тұрған еді.
Кездесу барысында жазушының: «Ең үлкен қорқынышым – ұмыт қалу» деген сөзі еске алынып, бүгінгі рухани кеш оның шығармашылығының екінші тынысы ашылғанын көрсететіні атап өтілді. Ардақ Үсейінованың айтуынша, Жұмабай Шаштайұлы сынды қаламгер ешқашан ұмытылмайды. Жұмабай Шаштайұлы – ұлттық әдебиеттің рухани ізденісін тереңдеткен көрнекті қаламгер. Оның шығармалары қазақ прозасындағы экологиялық және моральдық мәселелерді жаңа көркемдік деңгейде көтере білді. Қазіргі заман адамының рухани дағдарысын ұлттық дүниетаным тұрғысынан көрсете отырып, ойлы оқырманға ой салды. Сонымен қатар жазушы тіл мәдениеті мен көркемдік дәстүрдің жалғастығын сақтап, қазақ прозасының көркемдік аясын кеңейтуге зор үлес қосты.
Ерман ӘБДИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




