«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ардагерлер сөзі - асыл қазына

Ардагерлер сөзі - асыл қазына
Автор
«Қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп қазақ даналығы бекер айтылмаса керек. Ұзақ жылдар бойы білімі мен іскерлігін өңіріміздің дамуына арнаған алдыңғы толқын өкілдері енді ардагерлер кеңесіндегі қоғамдық жұмыстары арқылы көпке үлгі болып отыр. Олар түрлі жиындарда тағылымды ойларын айтудан бөлек, өздері де алуан іс-шараларды жоғары деңгейде өткізіп келеді.

Соның бірі облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Шешендік өнер – асыл қазына» атты дөңгелек үстел отырысы. Жиынның тақырыбы шешендік өнер тұрғысында болғанымен, көпті көрген ардагерлердің сөзі өңірдің өркендеуі, ел мен жердің жағдайы, бірлік пен татулық, ынтымақ тұрғысында өрбіді. Іс-шараны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, жүргізіп отырды.

«Ардагерлер ұйымының басты мақсаты – елдің бірлігі мен татулығына ықпал ету. Достық пен ынтымақ, ізгі қасиеттер жолында бастамашы болу. Барлық жақсы үлгінің бастауында ардагерлер тұруы тиіс. Ортамызда өнегелі ғұмыры жас ұрпаққа үлгі болатын ақсақалдар бар. Сол қазыналы қарияларымыз – қоғамның байлығы», – деді ол.

Келесі кезекте «Шешендік өнер – асыл қазына» тақырыбында облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов сөз сөйлеп, тағылымды ой қозғады. «Қазақ жұрты жаратылысынан шешендік өнерге бейім халық. Билік ету, шешендік, күйшілік өнер секілді өзге жұртта кездесе бермейтін қазақ халқының арасында тамырын тереңге жайған дәстүр мен үрдіс бар. Ел басына күн туған шақта Майқы, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер дауды шешіп, елшілік қызмет те атқарған. Би-шешендер даулы мәселені төрт ауыз сөзбен шешіп, тындырып отырған. Олар хатсыз, қағазсыз, ауызша айтып-ақ сөздің құдіретінің арқасында талай даулы мәселенің шешілуіне ұйытқы болған.

Ахмет Байтұрсынұлының: «Әділ билердің қолындағы билік – қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді» дегенінде үлкен мағына жатқаны анық. Заңғар жазушылар Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтың көсем сөздерін оқи отырып, көп нәрсені көңілге түйдік. Олар қандай тақырыпқа қалам тартса да, көсіле сөйлеген көсемдіктері, шешіле сөйлеген шешендіктері, дүние сырын жазбай таныған даналықтары мен дара деңгейлері байқалып тұрады. Олар тілдің байлығын пайдаланған, өздері де тың тіркестер мен жаңа бейнелер жасаған биік сөз зергерлері. Билер институтының қызметін қоғамдық өмірге пайдалану біздің өңірде де жемісін беріп келеді. Облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрамы 7 адамнан тұратын билер кеңесі 2018 жылдың 22 қарашасында құрылған болатын. 2019 жылдан бастап Тараз қаласы мен аудандарда құрамы 5, 154 ауылдық округте құрамы 3 адамнан тұратын билер кеңестері құрылып, өз жұмыстарына кіріскен. Бұл бағыттағы жұмыстар осы күнде жаңашыл сипатта жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда облыс бойынша билердің жалпы саны 518 адамға жетіп отыр. Бұл – үлкен қоғамдық күш. Биыл облыстағы билер кеңестерінің белсенді жұмыстары мен кәсіби біліктіліктерінің арқасында 195 даулы іс талқыланып, оның ішінде сотқа жетпей 177 іс оң шешімін тапты. Бұл әрине, қателікке байқамай барған кісілерге оң ықпал етсе, ауылдағы сүттей ұйыған тұрғындардың ынтымағы бұзылмауына да әсер береді, – деді Оңласын Қарабайұлы.

Мұнан соң сөз алған Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров аталған ауданда билер кеңесінің араласуымен жүзеге асып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің директорбас редакторы Жаңабай Миллионов өз сөзінде баспасөзге жазылу науқаны келгенін айтып, ардагерлердің үні болып отырған басылымға белсенді жазылуға шақырды.

«Қарахан» журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбеков те әр ардагерге, ұйымдарға сенім білдіретінін айтты. Мұнан соң «Көркем сөйлеу – жүйрік ойдың жемісі» тақырыбында Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Жасұлан Әбдіманап орамды ойларын ортаға салды.

«Жас ұрпақ тәрбиесі қашанда өзекті. Қазіргі таңда көптеген мектептің директорлары әйел кісілер. Әрине, олардың білімі мен іскерлігіне күмәнім жоқ. Алайда, мектеп басшысы ер азамат болса, ол жерде тәртіп күшейіп, оқушылардың да көзқарасы өзгереді», – деді ол.

Сонымен қатар басқосуда Қордай ауданының Құрметті азаматы Құрманбек Әлімжан, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушылары Сәулет Шормақова, Бақытжан Махашев өз пікірлерімен бөлісті.

«Дөңгелек үстел» отырысын Еркінбек Солтыбаев қорытындылап, келген қонақтарға алғысын білдірді. «Бүгінгі іс-шарада қаншама терең ой, тағылымды сөз айтылды. Біз өз қасымызда жүрген белсенді, жаны ізгі, іскер азаматтарды қашанда бағалауымыз керек, құрметтеуге тиіспіз. Ондай азаматтар біздің ардагерлер арасында да баршылық. Аға буынның атқарар істері көп. Себебі, бізге қарап еліміздің болашақ жас буындары қалыптасады. Әр ардагер – өз әулетінің шамшырағы. Көпшілікке барлық жағынан үлгі болыңыздар», – деді ол.

 Мұнан кейін марапаттау кезеңі басталып, облыстың қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрген бірқатар аға буын өкілдеріне «Жамбыл облысының құрметті ардагері» төсбелгісі табыс етілді.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

Ұқсас жаңалықтар