Суыт хабар келмей тұрып алдында үш күн бұрын ғана Мейрамбек Мылтықбайұлымен телефонмен тілдескен едім. Артынша қазасын естіп, көңілім құлазыды. Оның елге берері әлі көп еді. Есімін жас кезінен білсем де, жақын араластығым облыс әкімінің орынбасары болып келген кезінен басталды. Облыс әкімдігінің басқармаларында қызметте жүргенімде Мейрамбек Мылтықбайұлымен жиі кездесіп, аймақтағы тіл, әлеумет, мәдени, рухани мәселелер төңірегіндегі жиындарда ой бөлісетінбіз. Ойы жинақы, шешімі ұтымды, пікірі пайымды, кез келген ұсынысын салыстырмалы түрде дәлелдей білетін. Қайшы пікір болса, ой елегінен өткізіп, әбден тереңіне бойлап пісіріп алатын да, содан кейін барып келісімін беретін.
Мейрамбек Төлепбергеннің ел газеті «Егемен Қазақстанда» жүргенде журналистік сараптамаларын жиі қарайтынмын. Оның Ұлбике ақын, Ақ кесене, Көк кесене мұраларын зерттеу мақалалары әдебиет зерттеушілеріне де тың жол салды. Ал Ұлы Отан соғысы жылдары «Кеңес Одағының батыры» атағын алып тұрып, оны кеудесіне қадай алмаған қазақ жауынгерлері, оларға батыр атағын алуда кімдердің кедергі болғандығы – нағыз патриот, елжанды азамат екендігін көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары болып тұрған жылдары Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағына атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімін беру туралы ұсынысымды оң көріп, оны аймақ басшысына жеткізіп, бұл мәселе түбегейлі шешілген болатын. Елдің мүддесін ойлайтындығы осыдан-ақ көрініп тұр емес пе?! Ол–тіл жанашыры еді.
Облыстық телеарнаны басқарған жылдары форматы бөлек арнайы бағдарлама ашып, оны өзі жүргізіп, өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтікэкономикалық мәселелеріндегі түйіткілдерді кейіпкерлерді шақыру арқылы ашық алаңда сөз етті. Қоғам қайраткерлерімен қатар еңбек адамдарының да дауысы естіліп жатты осы бағдарламада. Өзім де осы бағдарламаның талай қонағы ретінде шақырылдым. Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланғаннан кейін де өзінің ұстанымынан таймады. Мұнда да тіл, руханият, әлеумет, мәдениет мәселелерін жиі көтеріп отырды. Әсіресе, облыс орталығындағы Көне Тараз қалашығы аймағындағы музейдің жай-күйін егжей-тегжейлі зерттеп, оны халық мүддесіне жарату үшін және әуежайдағы қазақ тілінің жанкешті күйін көтеруі – азаматтық ұстанымының дәлелі болды. Миллиондаған қаржының далаға кетуі – халық қалаулысының жан айқайынан тиісті органдарға жетті.
Мейрамбек Мылтықбайұлы адамгершілігі жоғары, парасат биігіндегі азамат ретінде жадымызда қалды. Әрине, оның еңбектері ел есінде, әлі де насихаттала беретініне сенемін. Қызы Айғаным жиі хабарласып, әкесімен пікірлес болған кісілерге ризашылығын білдіруі көзкөргендіктің, жақсы тәрбиенің көрінісі. Мәкең артына жақсы ұрпақ та қалдырған екен.
Үртай САПАҚОВА
Мемлекеттік қызметтің үздігі.
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




