Мейрамбек Мылтықбайұлының бір ерекше тұсы – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген ықыласы мен қамқорлығы. Әрбір қоғамның бастауында тұратын, бағдары мен бағамы көп нәрсені айқындайтын дүниелерді қастер тұту – ерлік әрі көрегендік. Елдің жарқын болашағы халық жадында сақталған асыл тұлғаларды ұлықтаудан басталатыны ақиқат. Қазіргі таңда елімізде, әсіресе Жамбыл өңіріндегі Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде өзекті болып отырған шерхантаным саласындағы оның атқарған еңбегі орасан дегіміз келеді.
«Қазақ орманының жолбарысы», ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы, намыстың найзағайы атанған Шерағаның асыл дүниелерін өмірінің соңына дейін жинақтап, насихаттап, қалың көпшілікке жол тартуына үлкен үлес қосқан азаматтардың алдыңғы шебінде тұрған да – Мейрамбек Мылтықбайұлы. Шерхантану саласына өзіндік үлесін қосқан журналист-публицист мамандар жетерлік.
Дегенмен, Мейрамбек Мылтықбайұлының Шерағаның өмірлік ұстанымдары мен көзқарастары, рухани өнегесі туралы жазып қалдырған дүниелерінің мазмұны мен мәні ерекше. Қазіргі кезде Әділетті Қазақстанды құру жолында саяси жаңару мен жаңғыру мәселесі қоғамдық ортада жан-жақты қолдау табуда. Қоғамды тазарту арқылы әділетті қоғам құруда күрескерлік мінезі мен қайсарлық қасиеттері күшті, аузы дуалы адамдарға шынында да ауадай қажеттілік бар. Осындай тектілікті бойына сіңірген, тегеуіріні мықты Шерхан Мұртазадай тұлғаның өмірлік өнегесі өшкен емес және оны зерделеген, насихаттаған тұлғалардың да есімі ұлттық қорымызда алтын әріптермен әдіптелетіні сөзсіз.
2009 жылдың 29 сәуірінде оқу ордамызда тұсауы кесілген «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының бағыт-бағдарын айқындауда, ұлт жазушысының шығармаларының шырынын насихаттауда, өскелең ұрпаққа өнегесін түйсіндіруде өзіндік дара үлесін қалдырған Мейрамбек Мылтықбайұлының қызметі біз үшін өте жоғары.
2014 жылы Жамбыл өңірінде «Шерхан Мұртаза оқулары» байқауы өзінің жұмысын бастап кетті. Біздің университет басшылығының қолдауымен, ғылыми-зерттеу орталығы қызметкерлері еңбегінің нәтижесінде облыс аудандарында, одан кейін қаласында оқушылар іріктеліп, облыстық кезеңде оза шауып жүлде алған жеңімпаз оқушыға ректор грантын тағайындауды ұсынған да Мейрамбек Мылтықбайұлы еді.
Байқаудың бастау алып, Шерхан шығармаларының насихатталып жатқанын қуана тілге тиек етіп, оқу ордасына өзінің үлкен алғысын жеткізгені әлі күнге көз алдымызда. Сол байқау қазіргі таңда республикалық деңгейге көтеріліп, биылғы жылы тоғызыншы рет абыроймен өтті. 2017 жылы ғылыми-зерттеу орталығы мұрағаттық материалдар негізінде Ш. Мұртазаның «Бір кем дүние» атты философиялық тұжырымға толы кітабын толықтырып, редакциялап, екі кітапты біріктіріп жарыққа шығарды.
«Тұлғатанудың өзекті мәселелері» атты облыстық ғылыми-әдістемелік семинарда осы кітаптың тұсауын Мейрамбек Мылтықбайұлының өзі кесіп, шерхантанымға келген сүбелі дүниенің маңызы туралы терең ой қозғап еді. Шерхан шығармаларының шынайы жанашыры ретіндегі азаматтық болмысына сол тұста да куә болған едік. Вариативті курс, элективті курс ретінде облыс мектептерінде оқытыла бастаған «Шерхантану» курсын жетілдіру мақсатында университеттің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы мектеп мұғалімдері үшін арнайы ғылыми-әдістемелік семинарлар жүргізе бастаған еді. Сол семинарлардың бірінде шебер спикер ретінде Шерхан шығармаларын оқытудың тиімді тұстары жайында бағыт-бағдар берген де Мейрамбек Мылтықбайұлы болды.
Жазушының 80, 85, 90 жылдық мерейтойларында «Шерхантану» орталығымен, университет басшылығымен етене тығыз байланыс жасап, өзінің ақылымен бөлісіп, кеңес беруші ретінде ол жадымызда сақталып отыр. 2022 жылдың табысы болған белгілі журналист-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері М.Төлепбергеннің «Шың мен шындық» атты еңбегінде қалың қазақтың қадірлісі, заманымыздың дара тұлғасы, Халық жазушысы Ш. Мұртазаның өмірлік ұстанымдары мен көзқарастары, рухани өнегесі туралы терең сөз қозғалған. Кітапқа Шерхан Мұртаза туралы жазылған «Шындық жолы», «Шерхан Мұртаза: Мемлекет дәулеті талапайға кетсін деген заң жоқ», «Шераға қадір тұтқан тұлғалар», «Тереңдікті теңіз тербейді», «Шындықтың шарайнасы», «Өмір мектебі» атты мақалалары топтастырылған. Еңбектің өне бойында ол Ш.Мұртазаның адамдық және азаматтық болмысына талдау жасай отырып, ерекше қасиеттерін оқырман санасына терең сіңіріп отырады.
«Мыңдарға, миллиондарға көркем туындылары арқылы асыл сезім сыйлаған, санамызға – сана, көзімізге – нұр, жүрегімізге жылу қосқан жазушылығымен қатар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болған Шераға шын әдебиет жүйріктері мен мемлекет қайраткерлерінің жақсылықтары мен үлгі тұтқан тұғырларының қадірін біліп, ағалық ақылды пейілдеріне тамсанып, кейінгі ұрпақтарды парасаттылыққа үндейді. Жазушы да пенде. Оның да арайлы қуанышы, қат-қабат қасіреті болады. Шерағаның өсу-өрлеу жолдары мен жылдары тақтайдай теп-тегіс, даңғыл болды немесе үндемей қабатын қызғаныш дейтін қызыл ит болған жоқ деп ешкім айта алмайды. Бірақ адамды адамгершілігі мен қарым-қабілетіне қарап бағалайтын адал жандардың көзіне түсіп, көңіл аударған жағдайы жәй айтыла беретін құбылыстан да құдіретті күштің болғаны деп түсінеміз» деген пікірінің қаншалықты терең, зау тұлғаның шығармашылық тұлғасы ғана емес, адамдық болмысын жан-жақты танытудағы маңызы зор деп санаймыз. Сонымен қатар, жас кезінен өткір, тура айтатын, әділ Шерағаның ұлттық құндылықтарымыздың тағдыры үшін қалай еңбек еткендігін естеліктер арқылы сөйлетеді.
Кітабының қорытындысы ретінде оның: «Өз халқының қолдауына ие, беделді де сыйлы Шераға – Шерхан Мұртазаның артында қалдырған мол әдеби шығармалары мен қайталана бермес қайраткерлік, есе жібермес күрескерлік жазбалары, өткір бір ауыз сөзі де біздің қоғам үшін, өзі өмір бойы қастерлей білген халқы үшін рухани құндылықтары болып қалатыны хақ. Биыл туғанына 90 жыл толғалы отырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің сүйікті Отаны алдындағы қарызы мен парызын адал атқарған өнегесінің өзі – өміршең», – деген пікірі Ш.Мұртазаға деген ерекше ықыласы мен махаббатын танытады.
2022 жылы Ш.Мұртазаның 90 жылдық мерейтойының қарсаңында университет басшылығы мен «Шерхантану» ғылымизерттеу орталығының бастамасымен бес томдық шығармаларды жинақтап жарыққа шығару жұмысы басталып кетті. Жазушының сан қырлы салада жазған шығармаларынан бес томға материал таңдап алу қиынның қиыны еді. Осы тұста да Мейрамбек Мылтықбайұлының кеңесі редакциялық алқа үшін таптырмас ақыл болды. Қаламгердің астастыра жазған «Ай мен Айшасын», қазынаға айналдырған «Қара маржанын», «әңгіме жанрының шебері» атанғандықтан үздік әңгімелерін және «Шерағаның шыңы» деп айдар таға отырып жазушы туралы жазылған толғаныстар мен мақалаларды, эсселерді жинақтап, бесінші томға кіргізу туралы ұсынысы алқаның барлық мүшелеріне бірден ұнаған.
Нәтижесінде мерейтой қарсаңында баспадан бес томдық шығармалар жинағы жарыққа шығып, келген қонақтардың барлығына сый ретінде ұсынылды. Мейрамбек Мылтықбайұлының қолдауының арқасында бұл орталық Шерхан Мұртаза шығармашылығын зерттеу мен насихаттаудың маңызды алаңына айналды. Ол Шерхан Мұртазадай тұлғаның мұрасын сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге айрықша еңбек етті. Марқұмның бұл игілікті істері оның жарқын бейнесін тарихта мәңгі қалдырады.
Жалпы, жазушының 90 жылдық мерейтойының қарсаңындағы ұйымдастыру жұмыстарының барлығында Мейрамбек Мылтықбайұлы сауатты түрде өте белсенді кірісіп жүрді.
Атап айтсақ:
– Тараз қаласындағы бұрынғы Ленин көшесінің Ш. Мұртаза деп ауыстырылуы кезінде;
– Тараз инновациялықгуманитарлық университетінің Ш. Мұртаза есімін иелену жұмыстарының барысында;
– қазіргі Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің аллеясында орналасқан Халық жазушысының мүсінін таңдау комиссиясының жұмысы барысында;
– ескерткіштің орналасу орнын таңдау комиссиясының жұмысы барысында, тағысын-тағы...
Айта берсең, шерхантанымға байланысты кез келген істің басында аянбай еңбек етіп, тер төккенін кейінгі ұрпақ, өскелең ұрпақ білуі тиіс. «Елдің шерін тарқатқан, өмірде таңдаған жолынан таймаған Шерағаның шыңы мен шындығы сондықтан да біз үшін тым биік, әрі қымбат», – деген қорытынды іспетті осы сөздері біз үшін өнегеге толы, әрі бағалы болып қала бермек. Көптеген жылдар бойы телевизия мен баспасөз саласында, мемлекеттік қызметтерде абыройлы еңбек атқарған, сонымен қатар, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметтерін үлкен жауапкершілікпен, еліне деген сүйіспеншілікпен атқарған Мейрамбек Төлепберген небәрі 68 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Бергенінен берері көп болар ма еді, алайда тағдырдың берген жасы осы шығар. Жатқан жері жәннат болып, елі үшін атқарған еңбектері, кейінгі ұрпаққа өнегелі өсиет ретінде рухани мұрасы қалтқысыз қызмет ете бергей!
Махметғали САРЫБЕКОВ
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




