«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты
Автор
«Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!». Ұранға айналған бұл сөз мүгедектігі бар адамдарды қоғамның толық мүшесі ретінде қабылдауға жол ашады. Ерекше жандарға қамқорлық ісі – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы мүгедек жандарға қамқорлық жасауды әлеуметтік саладағы негізгі міндеттердің бірі ретінде үнемі айтып келеді. Мүгедектерді күнделікті өмірге бейімдеп, олардың ешқандай кедергісіз өмір сүруіне жағдай жасау үшін облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан көптеген ауқымды істер қолға алынған.

Басқарма мамандары мүгедектігі бар адамдардың көңіл-күйін көтеріп, өздерін қоғамымыздың толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасауға ұмтылуда. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты көмектесіп, оларды белсенді тірлікке тарту, жұмыспен қамтуға қатысты шаралар арнасын кеңейту жүзеге асырылуда. Қоғамдағы осы топтағы адамдардың тіршілік ету сапасын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып белгіленгені бесенеден белгілі.

– Мемлекеттің басты міндеті – ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажына толық жауап беру және әлеуметтік қорғау екені анық. Қоғамның қай саласына көз салсақ та тағдыр талқысына түсіп, өмір мүмкіндігін шектеген кезде де, жанын кірлетпеген, рухы биік жандарды кездестіріп қаламыз. Ерекше жандар үшін еліміз кедергісіз кеңістікке айналғалы қашан. Өмірге құштар адамдардың қоғамнан тыс қалмауына соңғы уақытта мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлініп келеді. Оларды қоғамға бейімдеу үшін өткеріліп жатқан шаруа қарқынды. Әсіресе тең қоғам қалыптастыру жолында ерекше жандарға қолын созып, көмек беріп жүрген жаны жайсаң жандар көп.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігін атап өттік. Бұл бағыттағы жұмыстар да әр тараптан жүргізілуі тиіс. Оның қатарына ерекше жандарды техникалық құралдармен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеу, жаңа оңалту орталықтарын ашу және арнайы қызметтерді кеңейту сынды ауқымды жұмыстар жатады. Біздің елімізде мүгедек жандар үшін қандай да бір кедергілер болуы тиіс емес. Демек, біз оларға өзіміздің қолдау-көмегімізді әрдайым жасауымыз керек, оларды назардан тыс қалдыруға болмайды.

Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға байланысты нақты мәселелер ретретімен өз шешімін табуда. Мәселен, Қазақстандағы барлық заңнамаларды халықаралық стандарттарғасәйкестендіру бойынша және білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қорғау және басқа да салаларда қолжетімділікті қамтамасыз етуде нақты міндеттер алға қойылды. Біздің облысымызда да бұл бағытта нақты шаралар жүзеге асырылуда. Әлеуметтік төлемдерге, жәрдемақыларға, жол жүруге, дәрі-дәрмек алуға, өзге де қарастырылған жеңілдіктерге қомақты қаржы бөлініп отыр.

Қазіргі таңда облыс бойынша 45 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде 1-ші топтағы – 4828, 2-ші топтағы – 16355, 3-ші топтағы – 17967 адамды құрайды. 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны – 6 786. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, тағдырдың тауқыметіне түскен жандарға материалдық және моральдық тұрғыда көрсетілген көмектің ешқандай да артықтығы жоқ. Облыс көлемінде бұл бағытта да тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Тарқатып айтсақ, бүгінгі күнге барлығы 24693 адамға аталған көмек түрлері көрсетілді. Оның ішінде сурдо-тифло құралдарымен –1291 адам қамтамасыз етілді. Денсаулығын сауықтыру үшін санаторлық–курорттық емделумен 4975, протез-ортопедиялық бұйымдармен 4535, кресло-арбалармен –951, жеке көмекші қызметіне –274, ымдау тілі маманымен –558 және гигиеналық бұйымдармен – 12109 адам қамтылып отыр.

Ерекше жандарға деген қамқорлық мұнымен тоқтап қалған жоқ. Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасымен бекітілген «Жол картасының» 89-тармағына сәйкес 2025 жылы Тараз қаласы мен аудандарда 262 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр. Мұндай жұмыстардың сапында пандус, тұтқа (поручень), тактилді жол, арнайы әжетханалар қарастырылған. Биыл 142 нысанға 114,2 миллион теңге қаржы бөлініп, 142 нысанда бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталды. Сонымен қатар 112 нысанда жартылай бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Облыс бойынша бейімделмеген нысан саны – 8.

Нақтырақ айтсақ, Жамбыл ауданында – 5, Жуалы ауданында – 2, Сарысу ауданында 1 нысан бейімделмеген нысан қатарын құрайды. Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыру оларға қамқорлықтың басты бағытына жатады. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен «Инватакси» қызметіне 275,4 миллион теңге қаралып, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде 14 инватакси қызметі жұмыс атқарады. Қазіргі таңда 2300-ге жуық инватакси пайдаланушысы тіркеліп, оларға 32 автокөліктермен қызмет көрсетілуде. Мүгедектігі бар адамдарға мерекелік және атаулы күндер аясында қаржылай көмек көрсетіп, олардың материалдық тұрғыдағы жағдайын жасау да еліміздің арнайы заңнамасында көрсетілген. Мәселен, мерекелік шаралар қарсаңында облыстағы мүгедектігі бар 908 адамға 8 192 500 теңге көлемінде қаржы жұмсалды.

Бұл қаражатқа олар үшін азық-түлік себеті, қаржылай көмек, киім, аяқ-қиім, дәрілік көмек, жемшөп, отын, мерекелік дастархан мен мерекелік сыйлықтар үлестірілді. Ерекше жандарға деген қамқорлық істері алдағы уақытта да жалғасын таба беретіні даусыз. Тағдыр талайымен түрлі жағдайға тап болған әрбір азамат немесе азаматша қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өзінің жайлы өмірін жалғастыруға тиісті. Олардың асқақ армандары мен өмір сүру сапасы қашанда жіті назарда.

 

Самал ИБРАИМОВА

облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік көмек, мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс бөлімінің бас маманы.

 

 

Ұқсас жаңалықтар