«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ертегі тыңдаған баланың ертеңі жарқын

Ертегі тыңдаған баланың ертеңі жарқын
Автор
Ертегі тыңдап өскен баланың ертеңі жарқын болады. Бала санасына ұлттық құндылықтарды ерте жастан сіңірудің маңызы зор. Бұл ретте мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің атқарып отырған қызметі орасан. Ертегі тыңдап өскен баланың қазақи ұлттық дәстүрді меңгеріп, үйренуі де бөлек болады.

Байзақ аудандық білім бөліміне қарасты «Мұрагер» бөбекжайбақшасы «Болашақ» тобында «Әжемнің ертегісі» тақырыбында ертеңгілік ұйымдастырылды. Іс-шара барысында кішкентай бүлдіршіндер тақпақ айтып, танымдық ойындар ойнады.

Жалпы, бұл топта 28 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ертеңгілік тәрбиешілердің ізденімпаздығының арқасында өте қызықты өтті. Ертеңгіліктің басты ерекшелігінің бірі – әжелердің қонаққа келгенінде болды. Қазақы нақышта киінген әжелер Шамша Жұмабаева мен Шырын Қапарова бүлдіршіндерге «Балапан» ертегісін байыппен айтып берді. Әжелер ертегі ғана айтып қоймай, балғындарға бес тас ойынын көрсетті.

Ұлттық ойынға бүлдіршіндер де қызыға қарап, өздері ойнап көрді. Бұл ойын балалардың саусағын нығайтып, дәлдікке үйретеді. Қонаққа келген әжелерге алғыс ретінде балалар «Күз» әнін хормен шырқады.

 

Назерке ЕСТІБАЙ

«Мұрагер» бөбекжайбақшасының тәрбиешісі.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар