«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таласым, неткен тамаша...

Таласым, неткен тамаша...
Автор
Қойнауы құтты, қазынасы мол Талас топырағында жүзеге асып жатқан нәтижелі істер аз емес. Ынтымағы жарасқан ауданнан жүйелі жұмысты, береке мен жарасымды тірлікті көруге болады. Қай саланы алып қарасаңыз да ілгерілеу бар. Бастысы, аудан атқамінерлері елмен етене араласып, халықтың көкейіндегі мәселелерін мүмкіндігінше жылдам шешіп беруге ұйытқы болуда.

Өнеркәсіп өркендеуде

Ауданда өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі жыл соңына дейін 103 пайызға жоспарланған болатын. 9 айдың қорытындысына сәйкес, болжаммен өнеркәсіп өндірісінің көлемі 28 миллиард теңгені құрайды. Саланың өсуін 2014 жылғы (5 миллиард теңге) өндірілген өнеркәсіп өнімен салыстыратын болсақ, 5,5 есеге артқан.

«Talasinvestcompany» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 10477 тонна цианид натрий және 3385 тонна сульфат аммоний өндіріп, ақшалай табысы өткен жылмен салыстырғанда ақшалай 420,3 миллионға, ал заттай цианид натрий 974 тоннаға артық орындалды. Осы өндірілген өнімнің 2355 тоннасы Тәжікстан, Қырғыз, Моңғолия елдеріне экспортталып, жалпы сомасы 3 600 миллион теңгеге жетті.

«Alina croup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өнімі 27866 тонна мәрмәр ұнтағы, ақшалай 116376 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда ақшалай 16,8 миллион теңгеге және заттай 2340 тоннаға артық орындалды. Тау-кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібінің көлемі 8172,8 миллион теңгені құрады, яғни өткен жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері 226,1 миллион теңгеге артық немесе 102,8 пайызға орындалған.

2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау көлемі 1765,9 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері 106,4 миллион теңгеге артып отыр. Нақты көлем индексі 93,7 пайызды құрады.

Аудан бойынша кәсіпорындар арасында еңбек жанжалдарын, даулар мен шиеленістерін болдырмауға бағытталған шаралар қабылдау бойынша тиісті түсінік беру жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың қаңтар айынан бастап 163 кәсіпорын, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарында айлық жалақы 10-20 пайызға көтерілген.

Асыраушы салада да өсім бар

Ауданда 8 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 11,9 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде мал шаруашылығында 10,2 миллиард теңгенің және өсімдік шаруашылығында 1,7 миллиард теңгенің өнімдері өндіріліп отыр.

Жалпы, қойешкі, жылқы, түйе, мүйізді ірі қарада да едәуір өсім бар. Аталған уақыт ішінде 3494 тонна мал және құс еті әзірленген. Егін шаруашылығында да ілгерілеу аз емес. Аудан бойынша жалпы 22 мың 359 гектар егістік жер бар. Биыл 12 544,3 гектар егіс алқабына ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылыпты. Оның ішінде 4560 гектар күздік бидай болса, бұрынғы жылдардан қалған 4236 гектарға көпжылдық шөп орналастырылған. 2025 жылдың өнімі үшін 4500 гектар күздік бидай, 1050 гектар жаздық арпа, 350 гектар мақсары, 10 гектар күнбағыс, 495 гектар дәндік жүгері, 85 гектар қант қызылшасы, 100 гектар картоп, 275 гектар бақша дақылдары, 195,3 гектар көкөніс, 910 гектар көпжылдық шөп егу жоспарланған болатын.

Алайда жаздық арпа егу көлемі жоспардан аз орындалды. Жоспармен салыстырғанда жаздық арпа көлемі 466 гектарға төмен. Әйтсе де бұл жағдайдың да орны толды. Аудан агрономдары оң шешімін тапты. Мәселен, арпа егілмеген алқаптарға балама дақыл ретінде мақсары егілді, оның көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 3 есеге ұлғайып, 1220 гектарды құрады. Бұл – майлы дақылдарға деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді.

Көктем айында ауыл шаруашылығы дақылдары 3758,3 гектар жерге орналастырылды. Оның ішінде 584 гектар жаздық арпа, 342 гектар дәндік жүгері,1220 гектар мақсары, 10 гектар күнбағыс, 85 гектар қант қызылшасы, 105 гектар картоп, 276 гектар бақша дақылдары, 195,3 гектар көкөніс пен 941 гектар көпжылдық шөп егілген. 4500 гектарга күздік бидай егіліп, бүгінгі күнге 22050 гектар алқаптан өнім жиналды. 584 гектар жердің арпасы орылды. Барлық арпа өсірілген жер – 5084 гектар. Күздік бидайдың орташа түсімі гектарына – 4,9, жаздық арпа – 5,3 центнерді құрап отыр. 1220 гектар мақсары алқабынан 375 гектар орташа түсімі 5 центнерді көрсетіп, 1875 тонна өнім жиналуда. 105 гектарға егілген картоп алқабынан орташа 210 центнер өнім алынып, жоспар орындалды. 276 гектар бақша дақылдары алқабынан орташа түсім 305 центнерді көрсетіп, жалпы 83875 тонна өнім алынды. 195,3 гектар көкөніс алқабының 173 гектарындағы орташа түсім 220 центнер болып, 38060 тонна өнім жиналуда.

Биылғы жылға 390 гектар егіс көлемі тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен егіліпті. Көктемгі егіс-дала жұмыстарына 439 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы тартылған. Сонымен қатар 16 ауылшаруашылығы техникасы алынды. Оның ішінде 12-сі трактор. Жаңа техникалар қазіргі таңда ауыр жұмыстарды жеңілдетіп тұр.

«Ауыл аманаты» ауылдың жағдайын көтереді

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бүгінгі күнге 341,628 мың теңгеге 48 жобаға өтініш қабылданды. Қаратау қаласынан – 294,2 миллион теңгеге 40 жоба, Қызыләуіт ауылдық округі бойынша – 17,1 миллион теңгеге 3 жоба, С. Шәкіров ауылдық округі бойынша – 17,45 миллион теңгеге 2 жоба, Ойық ауылдық округі бойынша – 4,625 миллион теңгеге 1 жоба, Кеңес ауылдық округі бойынша – 5,2 миллион теңгеге 1 жоба, Тамды ауылдық округі бойынша – 3 миллион теңгеге 1 жоба жүзеге асты.

Сала бойынша жылы жай, балық шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, наубайхана, құрылысқа қажетті өнімдер шығару бойынша жобалар ұсынылған.

Алыс ауылға да көгілдір отын жетті

Ауданда бас-аяғы 23 елді мекен бар. Оның 17 елді мекені газдандырылған. Ол 17133 тұрғынды немесе атқарылған жұмыстың 73,9 пайызын құрайды. 2027 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін игі қадамдар жасалуда. Майтөбе және Қожағаппар елді мекендеріне газ құбырларын салу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 704 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.

Мердігер «Ақ Барыс-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2024 жылдан ауыспалы нысанның жалпы жоба құны – 1,9 миллиард теңгені құрап отыр. Сонымен қатар Қасқабұлақ, Есейхан және Қараой ауылдарын газбен қамтамасыз ету бойынша жеткізуші газ құбырының құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 898,2 миллион теңге бөлініп, «Газ-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер болып анықталыпты.

Қазіргі таңда құрылысмонтаж жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 2176,9 миллион теңгені құрайды. Нысан 2026 жылға өтпелі. Бастысы, аудан бойынша барлық тұрғындардың от жағып, күл шығармайтын сәттеріне аз ғана айлар қалды. Бұл – мемлекеттің тұрғындарға жасап жатқан қамқорлығының бір белгісі екені анық.

Таза ауыз су – денсаулық кепілі

Қазіргі таңда аудандағы 23 елді мекеннің 20-сы немесе ауылда тұратын тұрғындардың 87 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізген тұрғындар саны 18566 адамды құрайды. 2025 жылы «Темир-Строй Сервис и Ко» серіктестігі Қожағаппар ауылында, «Пырақ Құрылыс» серіктестігі Сейілбек елді мекендерінде су құбырының құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтады.

Осылайша, аталған елді мекендерде таза ауыз су халық игілігіне берілді. Қараой ауылында су құбырының құрылыс жұмыстарын аяқтауға 160,6 миллион теңге бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Мердігер компания «Байсын-А» серіктестігінің жұмысы ширақ. Сонымен қатар Арал және Қайыр ауылдарын сумен жабдықтауға арналған кері осмос қондырғысы бар модульдік контейнерлік блоктарын орнатуға облыстық бюджеттен 72,4 миллион теңге бөлінгені де – ауыл тұрғындарына деген қамқорлық.

Қаратау қаласындағы флора саяжайын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бөлінді. Таза ауыз су – денсаулық кепілі десек, таластықтар бұл ретте жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Тіпті ең шалғай ауылдарға дейін таза ауыз су жеткізудің барлық мүмкіндіктері жүзеге асып жатыр.

Ең бастысы, қолдау мен ұмтылыс, жақсы ниет бар. Ал халыққа деген қолдау сөз жоқ жақсы жемісін беретіні анық.

Сапалы жол жолаушылар үшін шын қуаныш

Аудан аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 587,59 шақырымды құрайды. Оның 394,1 шақырымы облыстық маңызы, 193,49 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Биыл қала және елді мекендердегі көшелерді орташа жөндеуге аудандық бюджеттен жалпы 868,1 миллион теңге қаражат бөлініпті.

Мердігер «Тараз Көлік жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қаратау қаласында 10 көшенің орташа жөндеу жұмыстарын ойдағыдай жүргізген. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 329,6 миллион теңге бөлініп, қаражат толығымен игерілген. Майтөбе, Қызыләуіт, Есейхан және Көктал ауылдарында 11 ауылішілік көшесін орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 317,5 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күнге жөндеу жұмыстары аяқталды.

Тамабек және Бөлтірік шешен ауылдарында 3 ауылішілік көшені орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 221 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күнге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер компания «Тараз Көлік Жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Қаратау қаласындағы Панфилов, Тамды Әулие мен Арбатас көшелерінің автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға 2025 жылға республикалық және облыстық бюджеттен 696,4 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге Панфилов көшесін қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталып отыр. Сапалы жол әр жолаушыға қуаныш сыйлайтыны анық.

Тұрақты жұмыс табу – үлкен қолдау

Қазақстан Республикасының «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында 2808 адам тұрақты жұмыспен және жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Бұл жылдық жоспардың 78,3 пайызға орындалғанын көрсетеді.

Атап айтқанда, 950 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 133 адам «Жастар практикасы» жобасы бойынша алғашқы еңбек жолдарын бастаған. Әлеуметтік жұмыспен 70 азамат қамтылса, 58 адам ақылы қоғамдық жұмыс тауып отыр. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 49 жас маман еңбекке кедергісіз араласқан. Сонымен қатар кәсіптік оқытуға – 60, жұмыс орнында кәсіптік оқытуға – 20 адам жіберілген.

«Бастау – Бизнес» жобасымен – 147, онлайн оқытумен 206 адам қамтылып отыр. 2025 жылы әлеуметтік көмек түрлерін төлеуге 623,4 миллион теңге жоспарланып, 8 айда 125,2 миллион теңгесі төленді.

Жастарға қолдау қашанда жоғары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл бастама жастардың кәсіби білім алуына, өздеріне тұрақты жұмыс орнын табуына бағытталған.

Жалпы, ауданда жастар саны – 14354 адам (қалада 9490, ауылдық округте 4864 жас), ол аудан халқының 30,3 пайызын құрайды. Оның ішінде экономикалық белсенді жастар – 8679 адам. 2025 жылы 1615 жасты жұмыспен қамту жоспарланған.

Қазіргі таңда 1243 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып, жұмысқа орналасты. Жыл басынан жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында әртүрлі бағыттарда 813 іс-шара өткізіліп, оған барлығы 20366 жас қатысты. Бұл ауданда ұйымдастыру, тәрбие жұмыстарының лайықты жүргізіліп отырғанын көрсетеді.

Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековтің бастамасымен алдағы уақытта да талай ігі істердің жүзеге асырылуы жоспарланған.

Ақындар жырлаған Талас

Талас – қашаннан қонақжай, кең пейілді, жомарт мекен. Осынау топырақтың қасиеті туралы талай ақындар жырлады. Саналы ғұмырын Талас ауданында өткізген белгілі ақын Нарша Қашағанұлы көп толғанды.

Аяулы ақынның:

Таласым неткен тамашам менің,

Мақтамас кімдер даласын, жерін.

Отанның ары, тірліктің нәрі,

Ертеңге беттеп барасың елім.

Қасиетіңнен айналайын, туған ауылым,

Сенің арқаң сайрандауым, жайраңдауым, – деп толғануы бекер емес.

Әйгілі айтыс ақыны Шорабек Айдаров ертеректе Талас ауданына Солтүстіктен келген қонақтарға:

Байлығымды осылай елестетем,

Бұл Талас сіздерге де емес бөтен.

Ағайын аяқтағы етіктерін,

Біздің өгіз терісі емес пе екен, – деп өңірдің байлығы мен мүмкіндігін түрлендіріп жеткізгені бар. Композитор Сәрсенбек Бәкірдің «Ақкөл –Талас» әнінде де қасиетті топырақтың жетістіктері жақсы көрініс табады.

Талас топырағы қазіргі таңда да дамып, жаңашыл бағытта өрлеуге бет алды. Іскер адамдарынан бөлек, қарапайым жұмысшылары да болашаққа нық қадам басуда.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар