Ерекше жандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында еліміздің әр аймағында арнайы орталықтар ашылған. Солардың бірі – облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Әлеуметтік оңалту орталығы» мемлекеттік мекемесі. 150 төсек орынға арналған орталық 2023 жылдың қазан айында пайдалануға берілген болатын. Содан бері 800-ге жуық адам осы мекеменің игілігін көріп үлгерген.
Мұнда бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жандарға және егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ қарияларға әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Бір айта кетерлігі, мұнда емделу ұзақтығы – үш ай ғана. Бірақ, мүгедектігі бар кісілерге бір жылдан соң тағы бір мәрте келулеріне рұқсат бар. Ал егде жастағы кісілер сол үш ай бойы емделумен шектеледі. Себебі, емделгісі келетіндер көп.
Қазірдің өзінде 480 кісі кезекте тұр екен. Орталық директоры Индира Қожамқұлованың айтуынша, мұнда 8 бағыт бойынша тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, экономикалық, құқықтық мәселелер бойынша көмек береді. Еңбекке баулу, мәдени жұмыстар да тұрақты жүргізіледі.
Ерекше жандарға қажетті барлық құрал-жабдықтар сатып алынған. Мүгедектектігі бар адамдардың оңалуына, емделуіне барлық жағдай жасалғанына көзіміз жетті. Бірқатар қызмет алушылармен сөйлесіп, жағдайын да сұрадық.
Риясыз қамқорлыққа ризамыз
Емделіп жатқандардың арасында алуан мамандық өкілдері, түрлі тағдыр иелері бар. Мәселен, ІІ-топ мүгедектігі бар Дүйсенбек Тауасаров 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан екен. Желтоқсан оқиғасы – ел азаттығының бастауы ретінде айтылып жүр. Демек, Тауасаров Тәуелсіз еліміздің алғашқы қадамдарына үлес қосқан адам.
«Әуелі әскерге барып, зоотехникалық мал дәрігерлік техникумды оқып, Алматыға кештеу бардым. 1986 жылы Алматы зоотехникалық – мал дәрігерлік институтының «Мал дәрігер» мамандығына сырттай бөлімге оқуға түскенмін. Желтоқсан айында сессияға бардым. Сол кезде бұрынғы Фурманов көшесімен келе жатқан жастарға қосылып, орталық алаңға бет алдық. Желтоқсанға осылай қатысып, оның тексеру, қудалауын да біраз көрдік. Жұбайым Әлия Хамзина да – желтоқсаншы. Сол жылдары Алматыда студент еді. Кейінірек денсаулық жағдайымда біраз ахаулар шығып ем алдым. Халық емшілеріне де қаралдым. Олар таза жүріп, таза тұруым керектігін айтты. Сонымен 5 уақыт намазға келіп, өзіме де емшілік қонды. Домбыраның әуенімен біраз науқасты емдедім. Қазір осы орталықта ем қабылдап, денсаулығымды түзеп жатырмын. Бұл жерде барлық қолдау, жанашырлықты сезінудеміз. Осы кезге дейін маған әр жылдарда жалпы 12 ота жасалған.Осындай орталықты салып берген мемлекеттің қамқорлығына ризамыз», – деді.
Полигон зардаптарын көзіммен көрдім
Келесі емделуші Шу ауданынан келген 77 жастаға ақсақал Бектен Қарғабаев. І-топтағы мүгедектігі бар азамат жас күнінде Семей полигонында әскери қызметте болыпты. Денесінде сол уақыттан қалған зардап бар.
«Семей полигонын көзіммен көрген адаммын. Оның денсаулыққа зияны жылдар өткеннен кейін де шыға береді екен. Соңғы уақытта қан қысымым көтеріле беруші еді. Осы орталыққа келгелі жағдай қалыпты. Мейірбике қыздар күніне екі рет қан қысымымды өлшейді. Істеріне дән ризамын. Жұбайым 2021 жылы өмірден озып кетті. Қазір Шу қаласында қызыммен тұрамын. Ол пәтерді де мүгедектігі бар адам деп, әкімшілік берді. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттің қамқорлығын көріп отырмын, – дейді ол.
Отыз жыл бас есепші болған
Емделушілердің қатарында жасы үлкені 79 жастағы Роза Сержанова. ІІ-топ мүгедектігі бар әжеміз кезінде қызмет те істеген екен. Мамандығы – есепші. Жас күнінде еңбектің өрінен көрінген білікті маман. Маңдайға жазылса талай кісі қызмет атқарады. Үлкен орындарда да отырады. Бірақ адам ізгілік пен кісілік қасиетін жоғалтпағаны жөн. Сонда сол адамгершілік кейін өзінің алдынан жақсылық болып шығады. Әркімнің жолы әртүрлі. Дегенмен, адамдар көбінесе жасаған жақсылығының жемісін көреді.
«30 жасымнан бастап зейнетке шыққанша құрылыс, химия саласына қатысты мекемелерде есепші, бас есепші болып ұзақ жыл еңбек еттім. Өзім Шығыс Қазақстан облысының тумасымын. Семей қаласына жақын кішкентай қалашықта туып өстім. Жолдасым екеуміз қызмет жағдайымен Әулиеата жеріне ертеректе келгенбіз. Екі ұлым бар еді. Екеуі де бақилық болды. Адам ешкімнен ауыр тағдыр сұрамайтыны анық. Амал нешік, жағдай осылай болды. Дегенмен, екі баламнан ұрпақ қалды. Соған тәубе деймін. Бір немерем әскери салада қызмет істейді, әскери шені – подполковник. Өзім келініммен бірге тұрамын. Балам бақилық болса да, келінім маған жақсы қарайды. Көңілімді аулап тұрады. Ол да Алланың маған жасаған жанашырлығы шығар. Осылайша, жасым ұлғайған шақта келініммен сырласып, сыйласып отырған жағдайым бар», – деді Роза апай.
Ал Жамила Жанысбаева болса шалғайдағы Сарысу ауданы, Түгіскен ауылдық округінен келіпті. Үш ұл-қызынан 7 немере сүйіп отырған әже. Осыдан біраз жыл бұрын миына қатты зақым келіп, ауырған. Бірнеше жыл қасында қызы көмекші болып жүрген. Соңғы үш жылдан бері жағдайы жақсарып, өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі жетіпті. Осы жолы орталыққа көмекшісіз келіпті.
«68 жастамын. Осы бір сырқат жабысқанша талай жұмысты атқардым. Жас күнімде наубайханада еңбек еттім. Кейіннен ұзақ жыл еден жудым. Барлығы бала-шағаны асырап, өсірудің қамы. Бәлкім сол еден жуған кезімде денсаулықты құртқан шығармын. «Бейнеттің зейнетін» көріп отырмын бүгінде. Жолдасым бар. Перзенттеріміз өсіп-жетілді. Қазір қабағымызға қарап, жағдайымызды жасап отыр. Олардың жүрегі мейірімге толы. Немерелердің де алды есейіп қалды. «Апалап» олар да жанымнан шықпайды. Денсаулық жағдайыммен алысып жүргенім болмаса, бір әженің басынан кешіруге тиісті жақсылықтарды мен де көріп жатырмын. Ол үшін жаратқанға мың тәубе», – дейді Жамила Тұрғанбекқызы.
Біз мүгедектігі бар өзге де кісілердің бөлмелерін аралап шықтық. Егде жастағы Өрісбек Бөлтірік, жуалылық Мейрамбек Зембаев, таластық Қалдан Бектасов және басқалар орталық қызметіне ризашылықтарын жеткізді.
Қызмет алушыларға сапалы қызмет
Орталықта еңбекке баулу мақсатында, қол өнері, мүсіншілік саз өнері бойынша мамандар жұмыс істейді. Аспазшылардың тәулігіне 4 мезгіл дайындаған тамақтары да қызмет алушылардың көңілінен шығады. Бұл ретте бірқатар мамандардың белсенді еңбектерін атап өту ләзім. Ол туралы орталық директорының әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Айнұр Ермашева айтып берді.
– Орталық жұмысы сапалы жүруі – мамандардың жемісті еңбегінің нәтижесі. Өздеріңіз көргендей, қызмет алушылар алғысын айтып жатыр. Сол алғысқа ие болу оңай емес. Осы орайда медбикелер Гүлдария Дембаева мен Шынар Әбдиеваның, психолог Қарлығаш Дәуірбаеваның, заңгер Кенжеәлі Смағұловтың жұмысын айрықша атап өтуге болады. Сонымен қатар еңбек нұсқаушысы Айгүл Құлымбетова, өнер шеберханасының жетекшісі Рахат Исатаева, мүсін шеберханасының жетекшісі Сержан Сағындықов, музыка жетекшісі Батыр Бабасов – өз ісінің шебері. Осы кісілердің жолымен бірнеше жас маман сапалы жұмысқа ұмтылуда. Бізге ең қажеттісі қызмет алушылардың ризашылығы. Бас аспазшы Лейла Әзимова, аспазшылар Рабиға Бердіханова, Индира Бектұрсынова, тамақты диеталық жағынан қадағалаушы Құралай Түзебайқызы да тек алғысқа лайық мамандар. Осындай білікті мамандардың жұмысына біз де ризамыз, – дейді ол.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




