«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отанды қорғап, көп отбасыға көмектескен ерекше жан

Отанды қорғап, көп отбасыға көмектескен ерекше жан
Автор
Кешегі ел басына күн туған, ат ауыздығымен су ішкен сұрапыл жылдарда Отанын қорғауға аттанған ержүрек қазақ азаматтары аз емес. Солардың бірі – 36 жасында Ұлы Отан соғысына қатысқан, Шу ауданының перзенті Арапбай Сарыбаев.

Ол қан майданда жан аямай шайқасады. Сондай жойқын шабуыл кезінде оның оң жамбасына оқ тиіп, жараланады. Әскери госпитальда есін жиғанымен, оң жақ иығы мен қолынан айырылады. Ұзақ емделіп болған соң, ІІ-топ мүгедегі болып, елге оралады. Бір қолы мен иығы кем болса да Арапбай ақсақал қатардан қалған жоқ. Мүгедектігім бар деп қарап отырмай, еңбекке араласты. 1948 жылдан бастап ұжымшарда мал бақты.

Бұл жұмысты 1974 жылға дейін абыроймен атқарды. Баққан малы семіз болды. «Шелді мал, төлді мал» дегендей, қойы қоңды, жұмысы оңды болған азамат үнемі мақтау мен марапаттың ішінде жүрді. «Мал баққанға бітеді» дегендей, малдың бабын білген кісі әрқашан абыройлы. Төгілген тер әрқашан өзінің жемісін береді. «Еңбектің түбі – зейнет» деп бекер айтылмайды.

Мүгедектігі бар азамат бола тұра, отыз жылға жуық озат шопан атану екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Тіпті, 1954 жылдан бастап 30 жыл бойы еңбек озаты ретінде Шу ауданының Құрмет тақтасында Арапбай атаның суреті ілініп тұрған. Ол озат еңбегі үшін бірнеше марапаттармен марапатталған кісі. Кеудесіне әр жылдары 6 медаль, «Құрмет белгісі», «Еңбек даңқы», «Еңбек Қызыл ту» ордендерін таққан.

Мүгедектігі бар азамат болса да Арапбай Сарыбаев айналасына нұрын шашқан, жағдайы төмен отбасыларға үнемі көмектесіп отырған. Мұқтаж отбасыларға соғым кезінде сойысқа мал беріп, қолдаған кездері де өте көп. Өзінің он екі мүшесі бүтін болмаса да, тепсе темір үзетін жігіттердің талайынан абыройы да, сіңірген еңбегі де биік тұрады.

Арапбай қария уақытында өзіне қандай марапат беріп жатқанына да мән бермепті. Сондықтан, бірқатар ордендері марапат иесін таппай, архивте жатып қалған. Соны бірнеше жылдан кейін баласы Әскербай Сарыбаев іздеп жүріп, анықтапты. Ол кісінің де айтары бар.

– Әкем өзінің елеулі өмірінде отыздан астам отбасыға материалдық көмек көрсеткен кісі. Өзі мүгедектігі бар жан бола тұра өзгеге қол ұшын беру де ерлікке жатады. Мәселен, Ташкент қаласындағы зілзала кезінде де қаржылай көмек көрсеткен. Сонымен қатар, Шу қаласындағы мешітті кеңейтуге де өз қаражатын ұсынған. Туысы Әбдірахман Дәуітовқа үнемі қолдау көрсетіп, туысының Социалистік Еңбек Ері атануына ықпал еткен. Әкемізге аудан басшылығы кезексіз көлік алуға да рұқсат еткен. Былайша айтқанда мен осындай озат, қайырымды, батыр әкеммен мақтанамын, – дейді баласы Әскербек Арапбайұлы.

 

Байжан ЕМБЕРДІ

журналист.

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар