.Діни сенім, Құдайға деген сенім Құдайға құлшылық ету сенімі, Құдайдан бұл дүниеде де, ол дүниеде де қандай да бір жақсылық тілейтін психологиялық ұстаным. Діни сенім әртүрлі діндердің, конфессиялардың және секталардың діни ілімдерін оқып үйрену арқылы қалыптасады.Қалыптасқан діни сенім адамды сол сенімнің бағытына түсіреді, сол дінге кірген адамның сол сенімнен шығып кетуі психологиялық тұрғыдан өте қиын. Мұндай жағдай адамды депрессияға, сенімсіздікке ұшыратуы мүмкін.
Жастар – біздің жарқын болашағымыз. Оларға жіті көңіл бөлу, тәрбиелеу – дін жетекшілері мен идеология қызметкерлерінің алдындағы негізгі мәселелердің бірі. Олардың болашағы осыған байланысты. Жастарымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан салтдәстүрін ұдайы жадында сақтап, оны құрмет тұтып қадірлеуі, өз туматуыстары мен отандастарына ілтипат көрсетуі үшін кез келген қоғамда нағыз шынайы құндылықтар бірінші орында тұруға тиіс. Жастар арасында діндарлар саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Мешітке баратындардың, жұма намазға баратын жамағаттың басым көпшілігі жастар. Оларға бұл тұрғыда дұрыс бағыт беріп, мына теңіздей толқыған алмағайып уақытта діннің теріс ағымдарына еріп кетпеуін барынша қадағалағанымыз жөн. Әйтпесе ертең өкініп жүруіміз әбден мүмкін.
Бүгінгі таңда қазақ жастарын негізінен интернет адастыруда. Өйткені, ғаламторда теріс дінді насихаттайтын псевдошейхтардың дәурені жүріп тұр. Еліміздегі діни оңалту жұмыстарының мақсаты – сол жалған дінді уағыздаушылардың ықпалына түскен жастардың бетін бері – ресми дінге бұру болып тұр. Өкінішке қарай, бұл жеңіл жұмыс еместігін уақыт көрсетіп отыр.
Қазақстанда халықаралық, дінаралық келісім, өзара татулық пен сыйластық ежелден қалыптасқан үрдіс. Аллаға сансыз шүкір, бұл оның Қазақстан халқына нәсіп еткен ұлы сыйы, нығметі, әрі біздің атабабамыздан қалған құнды мұра. Осындай үлкен қазынаның қадіріне жетіп, оны сақтап, молайту – перзенттік борышымыз.
Соңғы жылдары отандас - тарымыздың, әсіресе, жастардың рухани дамуына кері әсері бар әртүрлі жағдайларды байқаймыз. Діни тәрбие адам бойында ар-намыс, Отанға деген сүйіспеншілік, тағы басқа сезімдерді оятады. Дін адамды төзімділікке, алыпқашпа, бөтен ойларға кеңдікпен қарауға үйретеді. Осындай жағдайға кейбір жастардың шала сауаттылығының нәтижесінде басқа радикалды діни ағымдардың шырмауына түсіп кетіп бара жатқандығын да байқаймыз. Соған сәйкес әртүрлі қылмыс, экстремизм, төзімсіздік, дінаралық, ұлтаралық алауыздық пен текетірес секілді көріністер табылуы ықтимал. Осындай құбылыстардың болуын қалайтын, елдегі ахуалдың тұрақсыздануы үшін қолынан келгенін аямайтын күштердің де бар екені жасырын емес.
Бүгінгі таңда елімізде орын алып отырған діни мәселелердің ахуалы бәрімізге белгілі. Сараптама мәліметтері теріс ағымдардың ықпалына түскендердің басым көпшілігі он сегіз бен жиырма бес жас аралығындағы жастар (студенттер) екенін дәлелдейді. Тіпті, кейінгі жылдары қоғамға теріс діни ағымдар деген атауға ие болған «Жаңа өмір» («Новая жизнь»), «Ехоба куәгерлері» («Свидетели Иеговы»), «Рақым» («Благодать»), «Жетінші күн адвентистер шіркеуі» («Адвентисты 7-дня»), Тәкфир секілді ұйымдарға жастардың, оның ішінде қазақ жастарының көбірек тартылуы ойлантатын мәселе. Сондай-ақ, «салафизм» деген дін атауын жамылып жүрген «ваххабизм» ағымы жастарды дәстүрлі ислам жолынан ауытқуға, ислам дінін «терроризм, экстремизм» ұғымымен байланыстыруға тырысып бағуда.
Жоғарыда келтірілген қоғамға теріс діни ағымдар ішінде салафизм елімізде басым орын алуда. Бұл дін ағымы жайлы аздап болса да оның тарихы мен қазіргі жайы туралы қысқаша мәлімет беріп өткенді жөн көрдік. Салафизм ілімінің қалыптасуы ұзақ дәуірлерге созылды, оны үш шартты кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Алғашқы кезең – Салафия идеялары араб елдерінде VII ғасырдан, халифат дәуірінің алғашқы кезеңдерінде пайда бола бастаған. Себебі, ислам дініне өзге шеттен алынған басқа дінифилософиялық ілімдер (христиандық, иудаизм, мистицизм, гностицизм және т.б.) кіруіне тосқауыл қою, яғни ислам тазалығын сақтау қажеттігі туындады.
Зерттеушілердің пікірінше, алғашқы ғасырларда салафияны мазхаб ретінде ұстану атымен болмаған. «Сәләф» сөзі өзінің «алдыңғы, бұрынғы» деген сөздік мағынасында ғана қолданылған. Халифат дәуірінде барлық мұсылмандардың «әһли сүннә уәл жамағат» жолында болғаны анық. Екінші кезең – XIII ғасыр делінеді. Бұл кезең мұсылман теоретигі, ойшыл һәм құқықтанушы шейх ибн Теймияның есімімен тығыз байланысты. Ол көп кітаптардың авторы әрі өзінің белсенді қайраткерлік қызметінің арқасында салафилер қозғалысына қажетті дүниетанымдық, құқықтық, философиялық негіздерді қалап үлгерді. Сондықтан салафилер қозғалысы теориялық тұрғыдан қайта жаңғырды деуге толық негіз бар. Бірақ бұл кездерде қозғалыс таралмады және үлкен беделге де ие болмады. Жанып-бітуге айналған оттың қоламтасында жылт еткен шоқшоқтар сияқтанды. Ибн Теймияның өмірі мен шығармашылығы он үшінші ғасырдың екінші жартысына, моңғолтатар шапқыншылығы салдарынан мұсылман мемлекеттерінің едеуір бөлігі жойылған, тіпті әлсіреген қиын кезеңге тап келді.
Турасында бұл кешегі ұлы мұсылман өркениетінің құлдырау дәуірі еді. Ибн Теймия доктриналарының мақсаты – мұсылман өркениетін даму жолына қайта шығару болғандығы сол. Үшінші кезең – XVIII ғасыр. Ибн Теймия өз заманының ірі ғалымы еді. Бірақ оның ізін қуған шәкірттері ұстаздың ілімін дамытудың орнына, кейбір шетін пікірлерін сүзіп алып, кейбірін қиғаштап өз көзқарастарына пайдаланып отырды. Соның бірі де бірегейі – XVIII ғасырдағы Мұхаммед ибн Абдул Уаххаб. Ол ибн Теймияның ұмытыла бастаған мақсаты мен идеяларын іске асырушы реформатор ретінде тарихта қалды. Былайша айтқанда, сөнуге айналған қоламтаның үстіне тамыздық салып, шоқтарды көсеп, үрлеп, отты лаулату осы адамның үлесіне тиді.
Салафия ағымының тарих сахнасына өз алдына жамағат (әһли сүннә уәл жамағаттан тыс), керек десеңіз жаңа бір мазхаб болып шығатыны осы кезең. Сөйтіп, Абдул Уаххабтың салафия идеологиясын қайта жаңғырту әрекеттерінің нәтижесінде салафизм идеясы тірілуінің жаңа үшінші кезеңі басталды. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында ибн Теймияның идеяларына негізделген «уахабиттер» қозғалысы египеттік исламдық реформаторлар – «Мұсылман бауырлар» (әл-ихуан әл-муслимун), үнділік фараидтер сияқты мұсылман әлеміндегі көптеген діни-саяси қозғалыстардың қолдауына ие болып, осы заманғы исламдық реформаторлық құбылысқа айналды.
Осыдан беріде Арабиядағы Мұхаммед ибн Абдул Уаххаб негізін қалаған салафилік діни-саяси қозғалыс өкілдері «уаххабшылар» («уаххабиттер») деген атаққа ие (мұсылман әлемінде пайда болған діни бағыттар мен қозғалыстар, әдетте, сол бағыт – қозғалыстың бастауында тұрған адамның есімімен аталады). Уаххабизмнің теориясын ақтауға ұмтылып, оны бүгінгі заман ағымына бейімдеген салафит авторлары бар. Олар: Әл-Албани (1999 ж. қайтыс болған), Ибн Баз (1999 ж. қайтыс болған) және Ибн Әл-Ұсаймин (2000 ж. қайтыс болған). Енді салафизмнің қысқаша сипатына келейік.
Салафшы (салафилік) бағытта мынадай екі басты ұстаным бар: бірі – исламды жаңашылдықтардан (бид’ат) тазарту, екіншісі – исламдағы алғашқы принцип – Бірқұдайлықты (таухид) нық орнықтыру. Бір қарағанда бұл екеуі орынды талаптар сияқтанғанымен де, шынтуайтында осы заманға жарамсыз, кертартпа танымдардың көмбесіне айналып отыр. Салафия идеясын, бағытын ұстанушылардың қысым көрушілер мен қудаланушылар қатарына жатуы осы жайтпен өз түсінігін табады. Айталық, ғұрпы исламға енгізілген кейбір жаңалықтар бағзы заманнан келе жатса да мойындалмайды.
Әсіресе, ұлттық әдетғұрып, салт-санаға қатыстыларына «ширк» (шірік) деген қара күйе жағыла салады. Бұл қалай сонда? Екіншіден, салафилер бүгінгі мұсылмандардың әулиелер мен шейхтерді Алла мен дінге сенушілер арасындағы делдал ретінде құрметтеулерін қатаң сынға алады. Қасиетті шейхтерді шектен тыс дәріптеуге, тіпті пайғамбарымыз Мұхаммедді (с.ғ.с.) де пір тұтуға қарсы. Аталмыш діни ағым әулие әмбиелерге сену амалдарына қарсы тұрумен де ерекшеленеді. Неге десеңіз, айтылған амаләрекеттердің бәрі-бәрі, салафилердің білуінше, бірқұдайлықтан шегінудің (жаңылудың) көрінісі болып саналады, оларша бір Алладан басқа ешкімге құлшылық етпеу мұсылман баласына басты шарт.
Осылай дей отырып, салафшы-уаххабшы ағымның өкілдері сенім мен танымның, сыйыну мен сыйлаудың, табыну мен құрметтеудің аражігін білуге, басқаша айтқанда, Құдай ісін дін ісінен айырып, ажыратуға бас қатырып жатпайды. Яғни олар исламның рухани әлеміне терең бойлай алмағандар.
Салафи-уаххабилердің ұстанымдары және Аллаға ғибадат ету (құлшылық қылу) мәселелері тек қана Құран мен Сүннә бойынша бекітілген. Ал жергілікті әдет-ғұрып, салт-сана іліміне (мұсылманша «ижма» дейді) пысқырып та қарамайды. Ханафи мазхабының ғұламалары ижманы қатты ескеріп, оны маңызды тірек деп білгені мәлім. Әрине, біз ижманың қазақы исламға әсері, яғни шариғат пен әдеттің өзара бейімделуі (адаптация) деген мәселеге арнайы тоқталатын боламыз. Өйткені, исламның қазақы моделі ұғымы осыдан туады.
Әділі керек, салафилер исламның әлдебір шартына, шариғаттың көмескілеу тұстарына күмән-күдік келтіргенінде қасиетті кітап Құранға көп жүгінеді. Онда не делінген деген мәселеге баса көңіл бөледі. Осыған қабат, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде Алладан өзгеге сену мен пір тұту қашанда адасушылыққа алып келетіндігі ескертілгенін дәлелге алады. Расында да, христиан қауымының алғашқы кезде Бірқұдайға табынушылар болғандығы, кейіннен Иса (ғ.с.) пайғамбарды асыра дәріптеуден келіп, үштікке ауысқандықтары жайлы біршама хадистер бар.
Қайталап айтқанда, салафилер Алладан басқа ештеңені көзге ілмейді және Алла мен адам арасында дәнекер (дуа бит-тауассуль) болу өтінішін, заңдылығын теріске шығарады. Себебі, Жаратушы тұрғанда мұқым жаратылыс иелерінің еш көмегі жоқ, сондықтан дұға тек қана Жаратушыдан тіленуге тиіс деп кесіп-пішеді.
Осылайша олар Жаратушы Құдіреттің шексіз хикметі мен мүмкіндігін шектеп, белгілі бір қалыпқа салады. Мұның өзі ұлы Құдірет Иесін адамның ақылы өлшеміне сәйкестендіру екендігін өздері де аңдамай қалады. Салафилер жамағат, умманы иландыру әрекетінде көптеген дәлелдерін алдыға тартады. Солардың бірі – Құдай нұрының (барақа) әулиелер мен шейхтер немесе солармен байланысты заттармен берілу қажеттіліктерін теріске шығаруға байланысты. Оларша Алла тағала өз нұрын қалаған пендесіне береді. Ол үшін араға делдалдың қажеті жоқ. Бұл қасиетті Құранда ескертілген деседі. Мысалы, Алла Құран Кәрімнің Каф сүресінің 16-аятында: «Біз адам баласына күре тамырынан да жақынбыз!» – деген.
Демек, Алла тағала сөзі ақиқат, бізге қабірде жатқан мәйіт емес, Алла тағала жақын екен. Алла тағала Бақара сүресінің 186-аятында: «Мен оларға ақиқатында жақынмын, менен тілек тілесе қабыл аламын» деп анық айтады. Олай болса, өте жақын Алла тағаладан тілемей, айшылық, күншілік жол жүріп, айдаладығы әулие, әруақтардан тілек тілегеніміз қай сасқанымыз?!
Осы орайда салафилер өз ұстанымдарын бекіте түсуге мынадай мысал-уәждерін келтіре кетеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) заманында бір сахаба келіп:
– «О, хазірет, менің үйімде тұз жоқ. Барлық жерде тұз жоқ. Не істесем екен?», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай депті: «О, Алланың пендесі, сен неге Алладан тұз сұрамайсың. Жаратқан иемнің құдіреті барлығына да жетеді». Сонда сахаба: «О, хазірет, тұзды да Алладан сұрауым керек пе?»,
– «О, бауырым, түймедейден бастап, түйедей дүниеге дейінгінің барлығы да тек Жаратушының қолында емес пе? Ендеше, одан неге қашасың? Барлық нәрсені, қандай болмасын, Алладан сұра, кез келген жәрдемді Алладан күт», – деген екен. Содан әлгі пақыр екі рәкәғат намазын оқып алып, Алладан үйіне тұз беруін сұрап, қайтып келе жатса, көше толған керуен көрінеді.
«Ой, бұл керуендер қайдан келген?» десе, «Садақаға тұз таратып жүргендер», – деген көрінеді. Міне, осындай дәлелдерге сүйене отырып, салафилер өз пәтуасын айтады. Яғни Алла мен адам арасында делдалдардың болуы шарт екенін жоққа шығарады. Сондықтан да, тағы бір айтайық, салафилер қазақстандық дәстүрлі қоғамға тән, халқымыздың санасына нық орныққан, қанына сіңген атақты әулиелерге тұрғызылған кесенелерге барып, тілек тілеу мақсатында зиярат ету, аруаққа сену, тұмар тағу және тағы басқа нанымдарды қабыл алмай, терістейді.
Салафилер қандайда бір жаңашылдықтарды айыптай отырып, сонымен бірге Құранда және Сүннетте көрсетілген мұсылманның барлық міндеттерін атқаруға, оның сыртқы келбеті мен жүріс-тұрысына және салт-дәстүрлерге қатысты аяттарды бұрмалаусыз, барынша таза ұстауға шақырады. Сонымен, бір қарағанда «таза ислам» ұрандарының жаны бар сияқтанады. Бірақ, әлбетте, жаңа сөз, тың ұғым дегенге үңіле қарап, қазбалай тексергенде, киімнің өзгертіп киген ескіліктің дүниесі болып шығатыны бар. Сол сияқты салафия да «жаңашылдық» емес. Тарихы мың жылға тақаған кәрі саланың бірі. Ол әр дәуірде түрленіп, бөркі мен шапанын ауыстырып отырды.
«Жаңашылдық» деп салафизм теоретиктері ислам дінінің сан ғасырлар бойы заман ағымына бейімделуі мен жергілікті әдет-ғұрыптарды елеп-ескеруін, бір сөзбен оның синкреттілік қасиетін айтады. Исламды бұл қасиеттен ада қылу, одан аршу мен жалаңаштау амалдары, әсіресе, біздің қазақ халқы сияқты кешегі көшпелі өркениет иелеріне ауыр соққы болып отырғанын атап айтуға тиістіміз. Апыр-ау, жаңашылдық десе қаны қараятын аталмыш ағым өшпей, сөнбей бүгінгі күнге қалай жетті, оның себебі неде? Тәсілдері кандай, көлеңкелі жақтары қайсы? Біздің елімізде салафизм идеялары 1990 жылдың басынан келеді. Оның бірден-ақ, өртке тиген дауылдай ел-елге, жер-жерге таралғанының куәсі болдық.
Сол кездерде қазақы исламды жоққа шығару орын алғанын, дінімізді «реформалау» осы бағытта жүргенін көзіміз көрді. Қарапайым жұртшылық та, кейбір дін басшылары да иманды нығайту ісін арабша ғұрыптарды қабылдаумен шатастырып алды. Мәселен, жаназаға қатысты ең орнықты рәсімдердің өзі де «реформаға» ұшырады.
Тіпті жұма күні үйді қоңырсыту, яғни аруақтарға дұға оқу «ширк» деп жарияланғаны, мұны естіген елдің жағасын ұстағаны жадымызда. Бостандықтың ауасымен кеудені кере тыныстап, тәуелсіздіктен бас айналған алғашқы эйфория кезеңінде «таза ислам» үшін немесе «шариғат заңы солай» деп жүргізілген түрленістердің мәнісін айыра алмаған халқымыз оларды үнсіз қабылдауға мәжбүр болды. Қыл аяғы, талай ғасыр айтылып келе жатқан, ұлы Абай солай қолданған Тәңірінің мұсылманша атын «Алла» демей, соңғы он жыл көлемінде «Аллаһ» деп өзгертіп айтатын болдық. Ойланыңызшы, дін атын жамылған ағымдар ұлттық құндылықтарды сылып алып тастай берсе, арты не болмақ? Сойылдың ұшы онсыз да қалт-құлт жағдайдағы ұлттық болмыс пен менталитетке тиері сөзсіз.
Тарихта қазақ болып қалғымыз келе ме? Онда салафия идеологиясына бүкіл қоғам болып бірлесіп қарсы тұрудың уақыты жетті. Дiн дегенiмiз – адамды имандылыққа баулу, жақсылыққа шақыру, өмiрдi жақсы көру, сүйiспеншiлiкке, бауырмалдыққа тәрбиелеу. Қазiр елiмiздiң дiни қызметкерлерi арасында медреседен дәрiс алып, дiни орта бiлiм оқу орындары мен ислам-дiни университеттерiн тәмамдаған, терең, жан-жақты бiлiмдi, сауатты имамдар баршылық. Бiрақ дiн жолына «жолдан қосылған» кейбiр шала, сауатсыз жандар бiлiмi мен ой-санасы, қарымы мен түйсiгi жетпей жатып, жастар арасына түсiнбеушiлiк пен iрiткi салып, миын улап, тiптi терiс жолға түсiрiп жүргендерi де өмiрдегi шындық.
Өткен жүзжылдықтың 90-шы жылдары Кеңес заманы ыдырап, тәуелсiздiктiң қоңыр самалы ескен шақта, қазақтың белгiлi азаматы, академик-жазушы Қалтай Мұхамеджанов: «Бұрынғы кезде барлығымыздың жауымыз Қызыл империя едi. Бәрi содан қорқатын. Ал келешектегi қауiп ендi дiн жағынан болады.
Дiннiң әртүрлi бағыттары iшiмiзге дендеп ене беретiн болса, түбiнде қазақ бiр-бiрiмен жауласады» деген екен. Орынды айтылған пікір. Жаһандану дәуірінде түрлі ағымдар мен сыртқы ықпалдар жастарға әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Кеңестік заман ыдырап, ел-жұрт сол мезетте туындаған қиындықтардан есін жия алмай жүрген сәтті орынды пайдаланған өзге дін өкілдері елімізге лап беріп, нешебір теріс дін ағымдарын дер кезінде енгізіп үлгерді. Сөйтіп ертеден ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі ислам дініне сызат түсті.
Діннен шала сауатты жастар әлгілердің жетегінде кетті. Әрине, дін мәселесіне дер кезінде орынды көңіл аудармай, босаңсытып алғанымызды мойындауымыз керек. Сол сәтті орынды пайдаланған теріс діни ағымдардың өкілдері қоғамды барынша ыдыратуға күш салды, әртүрлі діни ағымдар пайда болды. Тіпті діни фанатизмге бой берген жастар алғашқы кезеңде аз болмады. Шетелдерге білім аламыз деп барған жастардың біразы базбіреулердің арбауына түсіп, еріксіз басқа дін жолына түсіп, еліміздің әр өңірлерінде экстремистік дінитеррористік топтар құрып, ылаң салғаны есімізде.
Сонымен қатар ортада өз орнын таппаған білімі таяз ынжықтар, соқыр сенімге сенгіштер, иманды интернеттен іздеген жастар басқа ағымға ілесіп кетуге дайын тұрады. Кейіннен олар өз ісінен опық жеп, өмірлерінің біраз бөлігін темір тордың арғы жағында өткізуге мәжбүр. Қазіргі кезде бірте-бірте теріс ағымдағы діндердің өкілдері айылын жия бастағандай. Бірақ әлі де қауіп ыдырамай тұр. Сондықтан жастардың діни сана-сезімін жаңаша арнаға бұрып, заман талабына сай ой қалыптастыруға ықпал ететін жаңа іс-шаралар қажет. Жастардың діни дүниетанымын қалыптастыруға көпшілік болып атсалысуымыз керек.
Әлеуметтік желідегі діни контентті дамыту, радикализмге қарсы ақпараттық жобалар құру, заманауи технологияларды пайдалана отырып, рухани-ағартушылық жұмыстар жүргізу мәселелері қажет-ақ. Бұл бүгінгі жас буынның дінді тек мешіт қабырғасымен шектемей, қоғамның барлық саласында насихаттау қажеттігін көрсетеді. Иә, қазiргi қауiп – дiни экстремизм, дiни фанатизм екенiн өмiрден көрiп, жүрекпен сезiнiп жүрмiз. Атабабаларымыз көрсетіп кеткен оңды, дәстүрлі жолдан таймайық, ағайын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ
дәрігер-хирург, облыстық әкелер кеңесінің және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




