«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өрт қауіпсіздігі - белсенділер назарында

Өрт қауіпсіздігі - белсенділер назарында
Автор
Соңғы кездері облыс орталығындағы жеке тұрғын үй секторында және аулаларда техногендік өрт шығу дерегі жиі орын алып отыр. Осыған орай Қазақстан Халық партиясының белсенділері 9-10 қазан күндері тұрғындар арасында ақпараттық-танымдық шара өткізген болатын. 11 қоғамдық тамақтану орны мен жеке тұрғын үй секторының отыз ауласын аралап, өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша 349 жадынама таратқан партия белсенділері дөңгелек үстел басында осы мәселені талқылады.

Партияның «Халық үні» жобасы аясында «Өрт қауіпсіздігі: өңірлік мониторинг және Қазақстан Халық партиясының алдын алу шаралары» тақырыбындағы дөңгелек үстелге партия белсенділерімен қатар Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсел Жапарова, Жуалы аудандық мәслихатының депутаты Жаныбек Исаев және облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының өкілдері қатысты. Жиында мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары Құрмет Имаш аймақтағы өрт оқиғаларына қатысты мәселелерді алға тартты.

– Жыл басынан бері облыс аумағында 746 өрт тіркелді, оның салдарынан 3 адам қаза тауып, 13 адам жарақат алды. Материалдық шығын 72 миллион 250 мың теңгені құрады. Дегенмен, 2024 жылмен салыстырғанда өрттердің саны 14,5 пайызға, өрт салдарынан адамдардың қаза болуы 2 есеге азайып, жарақат алғандар саны 3 есеге көбейген. Бұл ретте өрттен келтірілген материалдық шығын сомасы 4 пайызға азайды. Айта кету керек, ағымдағы жылы қоғамдық резонанс тудырған ірі өрттер тіркелген жоқ. Ал өртке жол берген кінәлі тұлғаларға қатысты 524 әкімшілік жаза қолданылды, оның ішінде 125 тұлғаға жалпы сомасы 3 миллион 588 мың теңге айыппұл салынды және 399 тұлғаға ескерту берілді. Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу мақсатында департамент қызметкерлері жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен және волонтерлермен бірлесіп 417 мыңнан астам аулаларды аралап, 2225 жиын өткізді, оның барысында 596 мыңға жуық адамға нұсқау берілсе, 441 мыңнан астам жадынамалар мен нұсқаулықтар таратылды, – деді ол.

Орман және далалық алқаптардың өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында облыс әкімдігінің «Облыс аумағында табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі шаралар туралы» 2024 жылғы 1 ақпанда №11 қаулысы негізінде мемлекеттік орман қоры мен дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу және ескерту іс-шараларының жоспары бекітілді.

Бұл табиғи өрттерді алдын алу және оларға жедел әрекет ету мәселелері облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысында қаралды. Облыс аумағында жыл басынан бері 47 орман өрті тіркелді, ондағы материалдық шығын 12 миллион 47 мың теңгені құрады, осыған орай ағымдағы жылы облыс аумағындағы барлық 15 орман шаруашылығында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша 8 өрт-техникалық жаттығу өткізілді, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен трансшекаралық табиғи өртті жою бойынша «Шекара - 2025» арнайы тактикалық жаттығу да ұйымдастырылды.

Жол қызметтерінің жұмыс жоспарына сәйкес облыс аумағындағы республикалық маңызы бар 1237 километр автожолдардың 1074 километрінде, облыстық маңызы бар 1943 километр автожолдардың 712 километрінде және 840 километр темір жолдың 104 километріндегі орман екпе ағаштары бар жерлерде өртке қарсы жырту жұмысы 30 мамырда толық аяқталды. «Автокөлік жолдарды ұстау, ағымды және күрделі жөндеу кезінде жүргізілетін жұмыстар түрлерінің классификациясын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2024 жылғы 26 қыркүйектегі №532 бұйрығына сәйкес, автокөлік жолдарда өртке қарсы жырту тек қана екпе ағаштары бойында жүргізіледі. Қазіргі уақытта орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша әлеуметтік желілерде белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Жергілікті атқарушы орган өкілдері, орман қорғау мекемелері, ішкі істер және азаматтық қорғау қызметкерлерімен құрамында 82 адамы бар 16 мобильді топ құрылды, олармен орман алқаптарында 904 рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде орманды далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзу деректері бойынша 447 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 282 тұлғаға жалпы сомасы 3 миллион 795 мың теңге айыппұл салынды және 165 тұлға ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Баршаға белгілі, жылыту маусымы 2025 жылдың 15 қазанынан 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін жалғасады. Жылыту маусымын қауіпсіз өткізу мақсатында, облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері 29 тамыз – 26 қыркүйек аралығында облыс аумағындағы тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізді.

Айлық барысында тұрғын үй секторындағы өрттер мен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу және жол бермеу мақсатында, бұқаралық ақпарат құралдарын тарту арқылы профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталған іс-шаралар жүргізілді. Өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу шеңберінде 3222 тұрғын үйді аралап, көппәтерлі, каркасқамысты, тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың үйлеріне басты назар аударылуда. Барлығы 6632 тұрғынмен әңгімелесіп, QR-код арқылы жадынамалар таратылды.

Жылу беру маусымы кезінде өрт салдарынан адамдардың қаза болуының алдын алу үшін 6632 азаматқа нұсқаулық берілді, жылыту пештерін, электр қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша 3055 адамды қамтыған 186 жиын ұйымдастырылды. Сонымен қатар облыстық «Қазақстан-Тараз» және «77 ТВ» телеарналарында департамент қызметкерлерімен 5 рет сұхбат ұйымдастырды. Айта кетерлігі, облыс аумағында 881 тұрғын үй өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған.

Анықталған кемшілік 1752, оның ішінде автономды жылыту жүйелерімен байланысты 604, электр желілері және электр қондырғыларымен байланысты 978 және басқа да 170 кемшілік байқалды. Биылғы жылы 1 маусымнан бастап әлеуметтік осал топтардың қатарына жатқызылатын отбасылардың үйлерінде 84 есептегіш орнатылды. Оның ішінде, улы газды анықтайтыны – 61 дана, табиғи газды анықтайтыны – 23 дана. Қалай дегенде де, биылғы жылыту маусымы қарсаңында жергілікті атқарушы органдар тарапынан улы және табиғи газды анықтау қондырғыларын сатып алу жұмыстары төмен деңгейде жүргізілуде.

– Қосымша айтар болсақ, 2025-2026 жылғы жылыту маусымына жергілікті атқарушы органдар тарапынан осындай анықтау құрылғыларын Сарысу ауданында 500 дана, Мойынқұм ауданында 200 дана және Қордай ауданында 180 данасын сатып алып, орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал керісінше, Т.Рысқұлов ауданында – 300 дана, Шу ауданында – 200 дана, Меркі мен Талас аудандарында – 100 данадан және Байзақ ауданында 60 дана, 2024-2025 жылғы жылыту маусымынан қалған улы газ датчиктерін орнату жұмыстары кеш жүргізіліп отыр. Аталған аудандарда 2025-2026 жылғы жылыту маусымына датчиктерді сатып алу жұмыстары жүргізілмеуде. Тағы ескерер жағдай, улы және табиғи газды анықтайтын датчиктерді орнатуды қажет ететін әлеуметтік осал топтағы отбасылар саны Тараз қаласында – 950, Жуалы ауданында – 228 және Жамбыл ауданында – 85. Алайда, бүгінгі күнге жоғарыда аталған қала және аудандарда датчиктерді сатып алу және орнату жұмыстары мүлдем жүргізілмеуде. Ал оның салдары ауыр боларын ескерер болсақ, бұл жұмыстарға жауапты мекемелердің ертерек қамданып қалғаны дұрыс болар еді, – деді Құрмет Имаш.

Сондай-ақ басқарманың жетекші маманы Ербол Несіпбай өрттің алдын алу бойынша жекелеген мекемелердің жауапты жұмыстарына қатысты тетіктерді түсіндіріп өтті. Мысалы, кез келген жаңа нысанды мемлекеттік қабылдап алу кезінде комиссия құрамында мемлекеттік өрт бақылау басқармасының өкілдері болуы керек.

Алайда, 2016 жылдан бері бұл мекеменің қатысуы алынып тасталған. Ал маманның айтуынша 2026 жылы басқарма мамандары комиссия құрамына енгізілетін болыпты. Жуалы аудандық мәслихатының депутаты Жаныбек Исаевтың «Тараз қаласындағы гидранттардың бүгінгі жағдайы қандай?» деген сауалына, мамандар гидранттардың 85 пайызы жарамды екендігін алға тартты. Басқосуда партия белсенділері, квартком төрағалары мен «Қоғамдық көмекші» облыстық қоғамдық ұйымның өкілдері бүгінгі күні облыс орталығындағы жеке секторларда орналасқан техникалық қызмет көрсету орталықтары, түрлі-түсті металл сынықтарын қабылдайтын орындарда көлік доңғалақтарын өртеу жиі орын алатындығын жеткізді.

«Біріншіден, бұл үлкен өрттің орын алуына жол береді. Өртеген соң өшіріп, орынын тазалап кетіп жатқаны жоқ. Екіншіден, доңғалақ резіңкелер өртенген аумаққа жақын балалар бөбек жайы, медициналық мекемелер, тіпті жеке сектор тұрғындары түтінге қақалып, ауаның ластанғанына реніштерін білдіреді. Әсіресе, мұндай келеңсіздікті Жамал Аппасова көшесінің бойында орналасқан Қан орталығына қарсы аумақтағы техникалық қызмет көрсету орталығынан жиі көремін. Өзім мұнда таңертең бассейнге барар кезде жиі өтемін. Тағы бір мәселе, бұл қураған тал бұтақтары және қатты тұрмыстық қалдықтар. Өздеріңіз білесіздер, қала көшелерінде электр бағандарын жөндегенде тал-дарақтар кесіледі, қала берді қураған ағаштар мен бұтақтар алынады. Бұл қалдықтар жиналып тұрғындарға кедергі жасайды. Үйін, пәтерін жөндеуден өткізіп жатқандар қатты құрылыс материалдарын тастайды. Ал «Жасыл елТараз» мекемесі мұндай қалдықтарды алып кеткенімен, күл-қоқыс тасымалдаумен айналысып отырған өзге жеке кәсіпкерлер мұндай тұрмыстық қалдықтар мен ағаш бұтақтарын алып кетпейді. Әсіресе, жеке сектор тұрғындарынан қосымша құн сұрайтынын қайтерсің. Бұл қалдықтардың да өрт қауіптілігі жоғары екендігін ескеруіміз керек қой. Қазір қала аумағы кеңейді. Екі әкімшілік құрылымға бөлінді. Сондықтан мұны бақылайтын инспекторлар жетіспей отырған шығар. Жоғары айтқанымдай, доңғалақ өртегендердің әрекетіне шағымданып, өрт сөндіру техникасын шақырсақ, бұл экономикалық шығын. Сондықтан полиция қызметкерлерімен қадағалау шарасын күшейту керек», – деді қоғам белсендісі Наталья Гончарова.

Жиынды қорытындылаған партияның аймақтық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Рахман Аққозиев көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатындығын жеткізді.

«Бұл жиынға қала әкімдігінің мамандары да шақырылған болатын. Өйткені, бүгінгі көтерілген өрттің алдын алу мәселесі қала аумағындағы жағдайларға қатысты айтылып отыр. Сондықтан хаттама негізінде жауапты мекемелерге хат жолдайтын боламыз» – деді ол.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар