Жайлаутөбе қонысынан ерте ғасырларға тән жәдігерлер табылды
- author «Ақ жол»
- 11 қазан, 2025
- 529
Былтыр қазылған шеткі бөліктен күл, қоқыстар шыққан. Жайлаутөбе қалашығының біздің дәуіріміздегі ІІ ғасырға тән қоныс екені анықталыпты. Қоныстан табылған жәдігерлер 19 ғасыр бұрын қолданыста болған бұйымдар. Биыл мұндағы қазу жұмыст ары ерекше қарқынды жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде бірнеше тастар, құмыралар мен дән үккіштер шыққан. Тіпті су құюға арналған бір ыдыс 98 пайыз өз қалпын сақтағаны БАҚ өкілдерін ерекше қызықтырды.
– Археологтың жұмысы аса маңызды әрі ауыр. Үнемі тау мен тастың арасында, белгісіз қоныстарда айлап жүресің. Осы Жайлаутөбе қонысын қазу үшін де талай зерделеу жүрді. 2010 жылы белгілі зерттеуші Карл Байпақов жетекшілік ететін «Археологиялық сараптама» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мамандары зерттеу жүргізіп, жоспарын жасаған. Біз сол ізбен келіп қазып жатырмыз. Зерттеу жұмысымыз сәтті жүріп жатыр. Қазба жұмыстары барысында ІІ ғасырға тән құндылықтардың табылуы одан сайын қызығушылығымызды арттыра түсті. Дән үккіштер көбірек табылды. Демек, ол мұндағы тұрғындардың отырықшы болғанын, егіншілікпен айналысқанын көрсетеді. Әуелі екі жайпақ тастардың арасына дәнді үйкеу арқылы үгу жұмыстары жүрген. Кейінен диірмен шыққан ғой. Зерделеу барысы мұнда қаңлы тайпаларының тұрғандығын растап отыр. Маңайдағы Ақтөбе, Аймантөбе елді мекендерінен де топырақ қабаттарынан зерттеу сынамаларын алдық. Ол сынамалардың нәтижесі де екінші ғасырды көрсетуде. Біз аталған қоныстың кейбір бөлшегін 7,5 метр тереңдікке дейін қаздық. Жайлаутөбе қонысын толық қазу барысында ІІ ғасырдан да әріректегі құндылықтармен ұшырасып қаламызау деп ойлаймыз. Осы жолда тер төгіп жатырмыз. Ескерткіш – қоныстың аумағы 5 гектар жерді қамтиды. Осы Жайлаутөбенің жақын маңайына осы төңіректегі ауылдар өмірден қайтқан кісіні жерлейді екен. Біз сол мүрдеге бұдан былай кісі жерлемеуін де өтініп отырмыз. Себебі бұл келешекте Жайлаутөбе қалашығы болып зерттеледі. Зерттеу нәтижесіне қарай археологиялық және құрылыс жұмыстары жүргізілуі мүмкін, – дейді археолог Қуаныш Сүйіндікұлы.
Қазу жұмыстарына жұмысшы – мамандары іріктеліп алынады. Кім болса соны ала салмайды. Аз уақыт археологтар оларға бағыт-бағдар берген. Әрі қарай өздері жалғастырып алып кетіпті.
«Таң ертең жұмыс сағат 6-да басталады. Кешкі сағат 4-ке дейін жалғасады. Жұмысымыз жеңіл емес, бірақ ерекше. Қызықты жұмыстың қатарына жатады. Біз қазып алып жатқан бұйымдардың тарих болып, зерттеліп жатқанына қуаныштымыз», – дейді жер қазушы Қайрат Исабеков.
Археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде алынған деректер өңір тарихының жаңа қырларын ашуға, Жайлаутөбе қалашығын тарихи-мәдени туризм нысандарының қатарына енгізуге жол ашпақ. Жұмыстың одан әрі қалай өрбитіні Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының ұсынысымен бірқатар шет мемлекеттерде жасалып жатқан зерттеу қорытындыларынан соң нақты белгілі болады. Осы орайда облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру » дирекциясының белсенді жұмысын да атап өткеніміз абзал.
Есет ДОСАЛЫ
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




