«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Әулиеата – кітап оқитын өңір»: Ауқымды жобаны қалай жүзеге асырып жатырмыз?

«Әулиеата – кітап оқитын өңір»: Ауқымды жобаны қалай жүзеге асырып жатырмыз?
Автор
Жамбыл өңірі көркем әдебиеттің көрнекті өкілдеріне ешқашан зәру болған емес. Әйгілі «Қара Маржанымен» Мемлекеттік сыйлықты алған Шерхан Мұртазаның орны ұлт әдебиетінің құзар шыңында тұрғанына ешкімнің таласы жоқ. «Аты жоқ әңгіме», «Айғыр кісі», «Көгілдір көйлекті келіншек», «Құдірет пен қасірет» секілді шығармалары арқылы қазақ әдебиетінде өзіне тән қолтаңбасын қалдырған, Шерағаның өзі «Қордайдың қоңыр құлжасы» деп ат қойған Несіпбек Дәутайұлының есімі де жұрт жадынан өшпек емес. Оның типтік образдары оқырманын бейжай қалдырмасы анық

Ал поэзия туралы сөз қозғала қалса, «қазақ әдебиетінің ақ гүлі» атанған, лирикалық жырларымен қазақ қоғамының жүрегінен ойып тұрып орын алған Күләш Ахметованың туындылары қай кезеңде болсын көркемдігімен жүректі жаулап, жаныңды баурап алатыны даусыз. Ақынның «Құт», «Орман», «Бақ» секілді жинақтары оқырман қолынан түскен емес. Өңірде басталған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын» ұлт бастамасымен сабақтасып жатыр. Оқырман ойын онға бөлген қуатты қаламгерлері көп Жамбыл жерінде дәл мұндай жобаның жүзеге асуы – заңдылық. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының маңызы зор деп білеміз. Өңір тұрғындарының рухани кеңістігін үстемелеуге бағытталған жоба көркем әдебиетке деген ынтызарлықты арттыруға бағытталып отырғаны анық. Оған ешкімнің таласы жоқ шығар. Қалай болған күнде де көркем әдебиеттің орны бөлек. Сонымен өңірде аталған ауқымды жоба аясында жыл басынан бері қандай ірі іс-шаралар ұйымдастырылып, қандай байқаулар өткізілді? Облыс әкімінің бастамасы өңірде қай деңгейде жүзеге асырылып жатыр? Бірнеше жауапты мекемеге хабарласып, көкейде тұрған осы сауалдарға жауап іздеп көрдік. Әуелі бірер жыл бұрын құрылған Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының мамандарына хабарластық. Орталықтың бөлім меңгерушісі Мадияр Ералыұлының айтуынша, өңір жастарын көркем әдебиетке қызықтыру мақсатында көптеген байқаулар мен іс-шаралар өткізіліпті.

– «Шынның жүзі – Шераға», «Ойыма ой қосқан шығарма» атты облыстық әдеби байқауларда әр қатысушы өзі оқыған кітаптан алған әсерін, түйген ойын, автор мен кітапқа деген көзқарастарын кеңінен талқылап, талдауы тиіс. Байқау барысында қатысушылардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын айқын аңғардық. Сонымен қатар аталған жоба аясында орталық директоры Жасұлан Әбдіманаптың бастамасымен «Мөп-мөлдір көздің қарасын...» атты шағын өлеңдер жинағын, «Менің анам», «Әулиеата аңыздары», «Шер», «Той – дәстүр діңгегі», «Шерағаның шекпенінен шыққандар», «Таңбалы тарих» секілді жеті кітапты шығарып, бүгінде бұл еңбектер оқырман қауымға таныстырылды. Бұдан бөлек белгілі журналист, мәдениет қайраткері Асқарбек Сейілханның «Шерағаның шекпенінен шықпасам да» деген кітабы мен Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы Бекет Момынқұлдың «Момышұлы әлемі» атты кітаптарының таныстырылымын ұйымдастырып, оқырманмен қауыштырған да осы орталық, – дейді Мадияр Ералыұлы.

Орталық қызметкерінің айтуынша, ауқымды жоба аясында атқарылған жұмыс аз емес. Жыл соңына дейін тағы бірнеше іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр екен.

Кітапханашылардың еселі еңбегі

Қазіргі ақпараттық заманда жастардың гаджетке тәуелділігі артып, кітап оқуға деген қызығушылығы бәсеңдеп бара жатқанын байқаймыз. Ал «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы өңір тұрғындарын көркем әдебиет оқуға, ұлт қаламгерлерінің жауһар туындыларымен танысуына мұрындық болғаны анық. Жалпы алғанда жоба бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Ең бірінші кезекте тұрғындардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырады. Бұдан бөлек жоба арқылы кітап оқудың жаңа формалары енгізіледі. Атап айтар болсақ, буккроссинг, QR-кодпен оқу, заманауи әдебиетпен таныстырып, мәдени ортаны қалыптастырады. Жергілікті деңгейде рухани іс-шаралар көбейіп, оқырмандар мен авторлар арасында байланыс орнайды. Сонымен бірге жастарды тәрбиелеуге әсер етеді. «Кітап – тәрбие құралы» дейтін болсақ, сол кітап жас буынның дүниетанымын кеңейтуге ықпал етеді. Осы ретте облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы аталған жоба аясында «Ел болып оқимыз» және «Жазушымен бір күн» жобаларын жүзеге асыруда. Кітапхана директоры Эльмира Абдинованың сөзіне сүйенсек, олардың бастамасымен үш жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан облыстық «Ел болып оқимыз» жобасы бойынша биыл Кеңес Одағының Батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы аясында даңқты тұлғаның ерлігі, еңбектері мен шығармашылық жолын дәріптеу мақсатында 145 ісшара ұйымдастырылған. Сонымен қатар Жуалы ауданы Б.Момышұлы атындағы музейде Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына орай «Өршіл рухтан – өлмес ерлік туады» атты даналық сағаты, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай қалалық, аудандық кітапханалар жүйелерінің арасында «Ел үшін туған ерлер» облыстық байқауы ұйымдастырылып, бүгінгі күнге дейін Тараз қалалық және барлық аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелері өздерінің жобаларын ұсынған. «Жазушымен бір күн» жобасы бойынша 120 іс-шара өткен.

– Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақсұңқар Ақынбабақызының қатысуымен «Сезімнің сырлы әлемі» поэзия кеші өткізілді. Сондай-ақ Ілияс Есенберлин мұрасына арналған «Ұлт тарихын көркем әдебиетте алғаш суреттеген қаламгер» атты конференция өтті. Конференция барысында қатысушылар жазушының бай шығармашылық мұрасы, әсіресе қазақ хандығы кезеңін суреттейтін «Көшпенділер», «Алтын Орда» туындылары мен өзге де тарихи шығармаларындағы ұлттық сана мен рухани жаңғыру идеялары жайлы баяндамалар жасалды. Қаламгердің ұлттық сана мен рухани жаңғыруға қосқан үлесі кеңінен сөз болды. Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері жазушы І. Есенберлиннің «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас», «Алтын Орда» сынды тарихи романдары арқылы ұлт рухын көтеріп, ұлт тарихын көркем тілмен зерделей білген жазушылық шеберлігіне шолу жасап, оқырмандарды Есенберлин әлемімен таныстырды. Кітапханада «Сөз құдіретін ұлықтаған тұлға» тақырыбында фольклортанушы ғалым, этномузыкатанушы, эпик жыршы, филология ғылымдарының кандидаты, өнертану доценті, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Берік Жүсіповпен дидарласу кеші ұйымдастырылып, кеш аясында «Эпикалық жыршылық: жанды орындау және импровизация» кітабының тұсаукесері өтті. Кешке қазақ әдебиеті мен руханиятының танымал өкілдері, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты. Қонақтар Берік Жүсіповтің ғылыми-зерттеу бағыттары, шығармашылық ізденістері мен қазақ эпикалық дәстүрін дамытуға қосқан үлесі туралы ой бөлісті. Ғалымның еңбегі кеңінен талданып, эпикалық жыршылық өнері мен оның заманауи маңызына қатысты пікірлер айтылды. Сондай-ақ қатысушылар авторды жаңа еңбегімен құттықтап, ұлттық руханиятқа сіңірген еңбегін жоғары бағалады. Рухани кештің ерекшелігі – ғалымның қазақ эпикалық дәстүрін жан-жақты зерттеген тың ғылыми еңбегі – «Эпикалық жыршылық: жанды орындау және импровизация» атты кітабының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылып, оқырманға жол тартты, – дейді кітапхана директоры.

Сондай-ақ «Кітап – ұлттық құндылық» AULIEATA BOOK республикалық кітап фестивалі бойынша өткізілген 71 іс-шараға 4 мың 500-ге жуық оқырман тартылған. Осы цифрдан-ақ жұрттың көркем әдебиетке деген қызығушылығы артқанын аңғаруға болады.

Жаңа жинақтар жарық көрді

Жоба аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Қайырбек Асановтың «Махаббат», «Шапағат», «Парасат» атты үш томдық жинағының тұсауы кесілді. Дәстүрлі түрде өтетін «Оқуға құштар оқырман» кітап оқу марафонының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде 14 оқырманға «Үздік оқырман» статуэткасы мен кітаптар табысталыпты. «Жаңа кітапқа жарқын жол» алаңында Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, танымал ақынжазушылар Е.Жүніс, Ы.Дәбей, М.Мәлік, жергілікті ақындарымыз «Шабыт» ақындар клубының мүшесі, Әлем Халықтары Жазушылар одағы мүшесі Мағауия Аманкелдиевтің «Өлеңдерім – өмірімнің айнасы», Түркі Әлемі Халықтары Жазушылар одағы төсбелгісінің иегері Дәмегүл Бақытжанованың «Сезім сыңғыры» кітаптарының тұсауы кесілді. Сонымен қатар «Autograph.kz» алаңында танымал ақын-жазушылар Е.Жүніс, Ы.Дәбей, М.Мәліктің оқырман қауыммен ке зде суі ұйымдастырылған. Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті тұлға – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың естелік эсселерінен құралған «Ақиқаттан аттауға болмайды», ақын Нақсұлу Ержігіттің «Менің қалам Яссауи», «Жүрегім жырға бөленген», жазушы, өлкет анушы, қоғам қайраткері Мұханбетқұл Сабыровтың «Мойынқұм ауданының құрметті азаматтары», Түркі Әлемі Халықтары Жазушылар одағы төсбелгісінің иегері Д.Бақытжанованың «Сезім сыңғыры», Ерімбет Қарасақалдың шөбересі Күланда Ерпаизованың ұйымдастыруымен Қараша Қараманның «Сыр сүлейі Ерімбет», Қазақстан Республикасы Үздік өлкетанушысы, Талас ауданының Құрметті азаматы Сәулембай Әбсадықұлының «Бозборан», Қазақстанның Құрметті журналисі, детектив жанрындағы шығармалардың авторы Шымкентбай Жылмағанбетовтың «Өмір көшінде», «Қателіктің құны», ардагер журналист Әділбек Баққараұлының «Қайран елім, қазағым, қайран жұртым» кітаптарының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Сондай-ақ таластық жас ақын Асылхан Әліқұловтың «Әппағым», Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Болат Оңғарбайдың «Ақыртөбе», этнограф, құсбегі, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Жапар Сатылғановтың «Өз шаңырағыңа табын», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шоқан Шөжеевтің «Жарқырап өткен жыр ғұмыр» атты кітаптары жарық көріп, салтанатты жағдайда тұсауы кесілді. Кітапты сүйіп оқитын оқырман үшін бұл – үлкен олжа.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Көркем әдебиеттің орны – қай кезде де төр. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жобаның ауқымы кең екені түсінікті. Әйтсе де, бұл жобаға жаңашылдықпен қараған жөн болар деп ойлаймыз. Кітап оқуды науқанға айналдырудың қажеті жоқ. Өйткені өңір басшысының бастамасымен қолға алынған жобаға жаңаша көзқарас керек екені анық. Бұл ретте Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен өткізілген «Асқақ рухты Әулиеата», Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы өткізген «Шерағаның шекпенінен шыққандар», Шоқан Уәлиханов атындағы кітапхана ұжымы бастамашы болған көптеген ісшараның маңызы зор екені анық. Қай ұжым болсын, барынша еңбектенгеніне таласымыз жоқ. Әйтсе де, жоба аясында ұйымдастырылған іс-шаралардың басым бөлігі «жылдық жоспарға енгізу» мақсатында едел-жедел дайындалған ба деп те ойлайсың. Цифрлық контент жоқтың қасы. Мәселен, жоғарыда өзіміз шығармаларын тілімізге тиек еткен Шерхан Мұртаза, Несіпбек Дәутайұлы секілді мүйізі қарағайдай қаламгерлердің шығармалары, олардың кейіпкерлерінің ерекшелігі, сол туындылардағы қазақ қоғамының келбетін есімі елімізге белгілі қаламгерлерді, әдебиет зерттеушілерін қатыстыра отырып, түрлі подкасттар ұйымдастыруға болатын еді. Көркем әдебиетті насихаттаудың түрлі жолы бар десек, оның бірі – цифрлық контент. Қазір кітаптан гөрі ютубқа құмар жастардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру үшін де бірнеше жоба жасағанның еш артықтығы болмас еді. Өкінішке қарай, ондай қадам байқалмайды. Бұл да Шераға айтатын «бір кем дүние» шығар. Кім білсін.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

 

Ұқсас жаңалықтар