«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Талғаттың ізбасарлары теңізде тәжірибеден өтті

Талғаттың ізбасарлары теңізде тәжірибеден өтті
Автор
Әскери салада абыройы асқақтаған санаулы қандасымыздың бірі – Талғат Бигелдинов. Кеңес Одағының Батыры атағына екі мәрте ие болған Шығыстан шыққан жалғыз ұшқыш нағыз дүрдің өзі еді. Бұл күнде қазақтың қыраны Талғаттай өреннің ізбасарлары да қайтпас қайсарлығымен көзге түсіп үлгерді. Нақтылай түссек, баһадүрдің есімі берілген Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты әскери-теңіз кафедрасының курсанттары болашағынан зор үміт күттіреді.

Келешекте офицерлік шеннің иесі атанатын жас жігіттер теңізде тәжірибеден өтіп, ұшутехникалық даярлықтарын кезекті рет пысықтады. Оқужаттығу Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскеритеңіз күштеріне қарасты 29011 әскери бөлімінің базасында ұйымдастырылған. Болашақ офицерлер әскери-теңіз күштерінің бөлімдері мен бөлімшелерінде вахталық және штурмандық дайындықтан өтіп, теңіз өмірінің нақты жағдайына бейімделе түскен.

Бастапқы кезеңінде курсанттар судағы қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтіп, бөлімшелерге бөлініп, міндеттерін орындауға рұқсат алу үшін сынақ парақтарын алады. Тәжірибе барысында төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету, сүңгуір жабдықтарын меңгеру және суда өмір сүру негіздеріне ерекше көңіл бөлінген.

Жалпы, арнайы сабақ әскери кемелердің бортында да, оқу жаттығу орталықтарында да жүргізілген. Әскеритеңіз факультетінің доценті, І дәрежелі капитан Артур Тудаковтың айтуынша, бұл – даярлықтың маңызды кезеңі. Ол өз сөзінде мұндай ісшаралар болашақ офицерлерге теориялық білімдерін бекітіп, құнды тәжірибелік дағдыларды алуға мүмкіндік береді.

«Теңіз ортасы жедел ойлауға, тәртіп пен жауапкершілікке үйретеді. Кеме тәжірибесі – әскери-теңіз күштерінің болашақ мамандарының кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға, жеке дамуына және жауынгерлік қабілетін арттыруға ықпал етеді», – деп атап өтті капитан.

Айта кетейік, курсанттар қызметтен бос уақытта мәденитәрбиелік іс-шараларға белсене қатысады. Олар мұражайларға, ескерткіштерге, тарихи орындарға барып, мәдениет нысандарымен де танысады.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар