«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ережеге бағыну елдіктің белгісі

Ережеге бағыну елдіктің белгісі
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, азаматтардың құқығының қорғалуы туралы ерекше айтты. «Заң мен тәртіп мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуы тиіс. Бұл – ең алдымен ешқандай құқықбұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным», – деп атап өтті Президент.

Қазіргі таңда Президенттің биыл жариялаған Жолдауынан туындаған міндеттерді орындауға қатысты жұмыстар біздің өңірімізде басталып кетті. Облыстық ардагерлер кеңесі мен Жуалы ауданы әкімдігі бірлесіп, ауқымды іс-шара өткізді. Әуелі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған Тараз қаласы және облыс аудандарынан келген қонақтар Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Бауыржан музейін де аралап, батыр рухына арналып оқылған Құранға қол жайды. Мұнда қонақтарға «Ақ әжелер» ансамблі әсем әндерін тарту етті. Мұнан соң қонақтар Жуалы жерінде ашылған жаңа өндіріс ошақтарымен танысты. Мәселен жеке кәсіпкер Мұрат Нысанов «ALI – KO SUT» сыр зауытын ашып, кәсібін дамытуда. Тәулігіне 4 тонна өнім өңделетін кәсіпорында 10 адам тұрақты жұмыс көзімен қамтылған. Орташа жалақы 130 мың теңгені құрайды. Мұнда сары май, ірімшік, құрт, қаймақ, айран өнімдері өндіріледі.

Жуалылық өнімдер еліміздің барлық ірі қалаларына тасымалданып жатыр. Ақсай ауылдық окургіндегі «Ақсай – су» зауыты да минералды судың бірнеше түрін шығарып жатыр. Тәулігіне 12 тонна өнім өндіретін кәсіпорында 15 тұрақты жұмыс орны ашылған. Алдағы уақытта тәулігіне 60 тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндік берілмек. Ол кезде мұнда 60 адам тұрақты жұмыс істейтін болады.

Президент биылғы Жолдауында «Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап, оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отыр» деп атап өтті. Сол бағалауға міне осындай ауданда ашылған кәсіпорындарды да қосуға болар. Қонақтар облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында екінші жүлде алған Ақсай ауылдық округінің «Дала спорты» алаңымен танысты. Осы тұста аталған ауылдық округ әкімі Мақсат Мәтен округтің игі жұмыс, жетістіктерін айтып өтті.

Келесі кезекте Ақсай ауылдық мәдениет үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындаған міндеттерге орай жиын өтті.

Жиынды Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев жүргізіп отырды. Алғаш сөз алған Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйледі.

– Мемлекет басшысы бізге үлкен ауқымды міндет жүктеді. Ол жауапкершілікті сезіну баршамыздың парызымыз. Бүгін міне облыстық арлагерлер кеңесінің белсенді тобы келіп отыр. Бұл ардагерлердің бойында кісілік, кішілік, ізгілік, даралық, даналық бар. Соңғы апталарда облыс аумағында болған жасөспірімдерге қатысты жайсыз жағдайлар ойландырады. Біздің ауданда үш жұмыс тобы құрылған. Барлық ауыл, елді мекендерді аралап, бақылау жасайды. Оның ішінде белсенді ардагерлеріміздің орны ерекше. Жасанды интеллекттің мүмкіндіктері дамығаны дұрыс. Сонымен қатар жасөспірім баланың жаттау қабілеті, сөйлеу дағдысы, қазақтың бай көзқарасымен мазмұнды сөйлей алуы өте маңызды. Ал заң мен тәртіп – аса керек құндылық. Ол біздің ауданда да күн тәртібінен түспей, басты назарда тұрады», – деді Анар Ахметова.

Мұнан соң «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық тәртіпті сақтау мен заңдылықты орнықтырудың кепілі туралы аудан прокуроры Илияс Тойшыбеков, Жуалы ауданындағы «Заң мен тәртіп» қағидаттарының орындалуы туралы аудандық полиция бөлімінің міндетін атқарушы Әміребек Ардақ, «Дін қолдана алсаң – қасиетің, Қолдана алмасаң – қасіретің» тақырыбы аясында Жуалы ауданының бас имамы Есет Таласбаев, «Отбасы құндылықтары: отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» туралы Отбасын қолдау орталығының директоры Жамиля Қалымбетова, «Бала тәрбиесінің қоғамдағы рөлі» туралы Көкбастау ауылдық округінің Аналар алқасының мүшесі, кәсіпкер Күнсұлу Қамбарова, «Ішімдіксіз ауыл және жаназа мәдениеті туралы» Билікөл ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Еңсебек Абсалямов баяндама жасады.

Жиналысты облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қорытындылап, Заң мен тәртіп қағидаты қоғамдық тәртіпті сақтау мен заңдылықтарды орнықтырудың кепілі жайлы айтып, пікір алмасып, талқылады.

– Біз бүгін Жуалы ауданындағы үлгілі ауылдардың бірінде бас қосып отырмыз. Облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында жүлдеге ілігу үшін 31 негізгі талаптарды орындау керек. Оның ішінде жастар тәрбиесі, ауылды таза ұстау, әлеуметтік мәселені шешу, қылмысты болдырмау, ажырасу жағдайының азаюы секілді өзекті бағыттар бар. Бұл ауылдық округте жарқын жұмыс бар деген сөз. Оған ардагерлер де сүбелі үлес қосып отыр. Облысымыз бойынша 142 мың ардагер бар. Президенттің тапсырмасы – баршамызға ортақ. Азаматтық қоғам мүшелері ретінде Жолдау жүктеген міндеттерге біздер де жауаптымыз. Заң мен тәртіпті сақтау, той мәдениетін қалыптастыру, жиындарда ысырапшылыққа жол бермеу, жаназа дастархандарын қарапайым өткізу – ұйымшыл ауылдың өнегелі ісі. Ішімдіксіз ауылдардың көбеюі де қуантады. Бұл үрдіс дами берсе деген тілектеміз. Ауылдарда мәселелер де жоқ емес. Оның бастысы ұрлықты азайту. Басқа да мәселелер сәтті шешіліп, барша тұрғындар қауіпсіздікті, өздерінің заңмен қорғалғанын сезінуі керек. Біз осы жолда жұмыла жұмыс істеуіміз қажет», – деді Еркінбек Бейсенбекұлы.

Жиын соңында айтылған ұсыныстар назарға алынып, қаулы қабылданды. Жуалыда өткен жиынның көпшілік қауымға әсері зор болды.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар