«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұғырдан түспеген тұғырлы азамат

Тұғырдан түспеген тұғырлы азамат
Автор
Халық ішінде ел құрметтейтін, сөзіне құлақ қоятын, болмысы бөлек, тұлғасы биік азаматтар болады. Соның бірі – тұғырдан түспеген тұғырлы азамат, денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Алтын дәрігер» медалінің иегері, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашев.

«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» демекші, Сейітхан Шерелханұлы бүгінгі күні қандай болмасын қоғамдық жұмыстың бел ортасынан табылады. Ол егемен еліміздің жанашыры, денсаулық сақтау саласының жоғары дәрежелі ұйымдастырушысы, іскер және адамгершiлiк қасиеттері мол, еңбекқор да iзденімпаз, өз қарамағындағы қызметкерлерді ортақ iске жұмылдыра алатын бiлiктi басшы бола білді. Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмай, белсенділік танытып келеді. 2016 жылы аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланып, аталған құрылымның қызметін бір жүйеге түсірді.

2022 жылдан бері «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жуалы аудандық филиалының төрағасы болып қызмет атқарып келеді. Қоғам қайраткері Сейітхан Шерелханұлы 1952 жылдың қыркүйек айында Таңшығыс ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Алматы мемлекеттiк медициналық институтына түсiп, 1976 жылы аталған оқу орнының емдеу ісі факультетін аяқтағаннан кейін 1977 жылы Жамбыл облыстық ауруханасында хирургия саласы бойынша интернатураны бітірген.

Еңбек жолын дәл сол жылы Жуалы аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінде дәрігер-хирург болып бастаған. 1988 жылы өзiнiң енбектегi жетiстiктерiнiң және iскерлiгiнiң нәтижесiнде хирургия бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Жоғары дәрежелі дәрігер-хирург Сейітхан Жұмашев хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған осы жылдар аралығында республика және облыс көлемінде жасалатын күрделі операциялар аудандық орталық ауруханада жасала бастады. Өңірдегі хирургиялық қызметтiң дамуына үлес қосқандығы үшiн бiрнеше дүркін Орта Азиялық және Бүкiлодақтық, республикалық хирургтар съезінің делегаты болды.

Облыстағы аға буын дәрігер-хирургтар – Нағым Мұқышев, Евгения Константинова, Көлбай Үсенов, Рақым Нұров, Сағындық Ордабеков сияқты саңлақтардан тәлім алып, кәсіби маман болып қалыптасты. Одан бөлек, Алматы, Мәскеу, Киев, Харьков, Новокузнецск, Новосибирск қалаларында тағылымдамадан өтіп, біліктілігін жетілдіргені жас дәрігердің адымын аша түскені анық.

Кәсіби шеберлікпен қатар, ұйымдастырушылық қырынан да таныла білген дәрігер-хирург Сейітхан Жұмашев 1992 жылы аудандық орталық ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалады.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында жаңа басшы кадр мәселесін шешумен қатар, аурухананы жаңа қондырғылармен қамтамасыз ету ісін де естен бір сәт те шығарған жоқ. Науқастарды тамақтандыру үшін шаруашылықтармен өзара байланыс орнатқаны, аурухананың төрт гектар алма бауын тиімді пайдаланғаны, сонымен қатар, ел өміріндегі өте қиын кезең саналатын тоқырау жылдары орталық ауруханаға газ құбырын кіргізіп, ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуі сияқты қадау-қадау істері ол тұста кез келген басшының қолынан келе бермейтін жұмыс болатын. Сол тұста Денсаулық сақтау министрі болған Василий Девяткомен тікелей байланыс орнату арқылы ауруханаға УЗИ аппаратын және қызметтік «УАЗ» көлігін алып келді.

Иә, ол заманда басқа аудандарды айтпағанда, құны 14 миллионға бағаланатын мұндай аппарат Жамбыл облысының орталығындағы үлкен ауруханаларда жоқ еді. Іскерлік деген осы емес пе? Ол тұста бас дәрігердің бұл жұмысы ерлікпен пара-пар болғанын баса айтуға тиіспіз.

Басшылыққа тағайындалған алғашқы жылдардан бастап-ақ бас дәрiгер Сейітхан Жұмашевтің тiкелей ұйымдастыруымен емдеу алдын алу мекемелерiне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманға сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтылды. Заманауи үлгiде бес ауылдық дәрігерлік амбулатория және 11 фельдшерлік пункт жаңадан салынып, аудандық орталық аурухана аумағынан сазбен емдеу бөлмесі, ауруханаішілік дәріхана, реанимация, гинекология, жүктілік патология бөлімдері, төрт орындық ақылы палата және залалсыздандыру бөлімі ашылды.

Сонымен қатар бас дәрігерлік қызметтегі соңғы бес жылда медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету 32,5 пайыздан 79 пайызға өсіп, кейіннен 90 пайызға жеткізілді. Сондайақ аудандық орталық аурухананы кадрмен қамтамасыз ету мақсатында да атқарылған қыруар жұмыстар өз нәтижесін берді деуімізге толық негіз бар. Материалдық-техникалық база айтарлықтай нығайды. Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiнiң енгiзiлуiне байланысты жоғарғы көрсеткіштері үшiн жоғары дәрежелi ұйымдастырушы Сейітхан Жұмашевтің басқаруындағы Жуалы аудандық орталық ауруханасы 2014 жылы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң №492 бұйрығына сай республика көлемiнде «Ең үздiк 50 аурухананың» қатарына еңгiзiлдi.

Талантты адам қай салаға салсаң да талантты, іскер адам қай жұмысты тапсырсаң да іскерлігінен айнымақ емес. Оған талмайтын қанат, мұқалмас жігерді беретін де өзінің істеген ісі мен бойындағы қажыр-қайраты және халықтың құрметі мен берген бағасы екені анық. Сейітхан Жұмашев денсаулық сақтау саласынде еңбек ете жүріп өңірдің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласты. Ол аудандық мәслихаттың үш шақырылымының депутаты бола жүріп, өңір халқының тұрмысын көтеруге еңбек етті. Сол тұста Билікөл ауылдық округіне қарасты үш бірдей ауылға таза ауызсу құбыры тартылып, «Күйік-Қаратау» бағытындағы (Күйік асуынан Қарабастау ауылына дейін) үлкен күре жол жөндеуден өткізілді. Ал халық қалаулысы С. Жұмашевтің тікелей ықпалымен Қарасаз ауылында мерзімінен бұрын дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар облыстық партиялық бақылау комиссиясының мүшесі.

Бұрынғы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің және партиялық бюросы кеңесінің мүшесі, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы ретінде де өңірдегі күрмеуі қиын проблемалардың және аудан аумағын басып өтетін үлкен күре жолдың бойындағы ірілі-ұсақты мәселелердің оң шешімін табуына сіңірген еңбектері өз алдына.

Ұзақ жылғы еткен еңбек пен төгілген тер мемлекет тарапынан да елеусіз қалған жоқ. С. Жұмашев 1997 жылы Жамбыл облысы әкiмiнiң «Тараз рухы» медалін кеудесіне жарқыратып таққан аудандағы бірден бір азамат.

Одан кейінгі жылдары Президент Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсiздiгiне – 10, 20 жыл» мерекелік медальдарымен, денсаулық сақтау саласында сіңірген еңбегі мен қызметтегі жоғары көрсеткіштері үшін «Шапағат» медалі, сондай-ақ «Астана қаласының 10 жылдығы» және «Денсаулық сақтау саласының үздігі» медалі оның еңбегіне берілген лайықты баға болғаны анық. Сондай-ақ 2012 жылы Республикалық дәрiгерлер ассоциациясының шешімімен «Алтын дәрігер» медаліне ие болды.

Өңірдің денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі мен қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі әрі бірегей азаматтығы үшін 2012 жылы Жуалы ауданының Құрметті азаматы атанды. Жамбыл облысының «Құрметті ардагері» деген атақ та ардагер дәрігерге берілген лайықты баға деп білеміз.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар