Дрондарды пайдалану қазіргі сынқатерге толы майдан алаңында өте маңызды болып саналады. Бұл бағыттың сұранысқа ие болғаны соншалық, бүгінде оларсыз бірде-бір күрделі ұрыс жүргізілмейді. Олардың мүмкіндіктері қазірдің өзінде ойын ережесін өзгертуде. Әсіресе барлау жүргізуде, жоғары дәлдікпен оқ атқылауда және жүктерді шұғыл жеткізуде басымдыққа ие болуда. Жарыс барысында дрондардың нағыз шайқасы өтті.
Дрон операторлары ең күрделі тапсырмаларды орындау дәлдігімен жарысты. Операторлар үшін дронды басқару жеткіліксіз. Мысалы, олар жылдамдықпен келе жатқан дронды жерден төмен түсіріп, күрт оңға немесе солға бұрып әкете алулары тиіс, сонымен бірге кішкене саңылаудан ұшып өтіп, нақты кескінді командалық пунктке бере алулары қажет.
Сайыстағы негізгі сынақтардың бірі гранаталарды дрондармен лақтыру болды. Операторлардың міндеттеріне он метрден астам биіктіктен диаметрі шағын нысанаға дәл тигізу кірді. Нысана ретінде жауынгерлік машинаның ашық люгі қарастырылды. Мұнда әскери қызметшілерден зергерлік ыждақат, салқынқандылық және ұшқыштық шеберлік талап етілді.
Бір жыл бұрын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында ұшқышсыз авиациялық жүйелер қызметі құрылды. Оның жұмысын заманауи барлау, соққы жүйелерін басқару және қолдану саласының маманы, подполковник Роман Қожахметов басқарды. Оның міндетіне өзі басшылық жасайтын қызметке бағынатын барлық бөлімшелердің күнделікті жұмысына дрондарды белсенді енгізу кіреді. Аталған бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде оң нәтиже беруде.
– Дрондар кез келген бөлімшелерде: мотоатқыштарда, инженерлік-саперларда, байланыс және механикаландырылған бөлімшелерде сұранысқа ие, – дейді подполковник Р.Қожахметов.
– Ұшқышсыз басқарылатын жүйелерді қолданудың аясы кең. Біз дрондарды, соның ішінде FPV–ді қолдануды дамытуға басымдық береміз, бүгінгі жарыс соның айқын дәлелі. Жарыс қорытындысы бойынша Сарыөзек гарнизонының 12740 әскери бөлімінен дрон операторы, ефрейтор Ұлан Сүйдуов, Қызылорда гарнизонының әскери қызметшісі, дрон операторы, ефрейтор Шыңғысхан Сейдахметов және Тараздан келген 5-ші механикаландырылған бригаданың әскери қызметшісі, дрон операторы, сержант Мұхаметжан Қырғызәлі үздік операторлар болып танылды. Ал Жаркент гарнизонының 74261 әскери бөлімінің командасы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші жалпы командалық орны мен ауыспалы кубогын жеңіп алды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері командирінің ауыспалы кубогы команда капитаны-аға лейтенант Расул Мұналбаевқа табысталды. Жарысқа қатысушылардың өздері атап өткендей, олар үшін іс-шара барысында жеңіске немесе біріншілікке қол жеткізу маңызды емес, ең бастысы дрондардың тиімділігі мен оларды қолдану перспективаларының ауқымдылығын өздеріне тағы бір мойындату болды.
– Қазірдің өзінде дәлелденген дүние: бұл қазіргі заманауи армияның болашағы дрондармен байланысты екендігі. Мен әскери қызметімнің болашағын тек дрондарды қолдану саласымен байланыстырамын. Біз дрондарды басқаруда қажетті дағдыларды қалыптастырып қана қоймай, оларды өз қолымызбен жинауды да үйренеміз. Бұл шын мәнінде өте перспективалы бағыт. Біздің әскери қызметшілеріміздің көбі бұған қызығушылық танытуда, – дейді Луговой гарнизонындағы 03811 әскери бөлімінің дрон операторы, сержант Ұлыбек Қожанқұлов.
Айта кету керек, Қазақстанның Құрлық әскерлерінің барлық өңірлік қолбасшылықтарының ішінде оңтүстіктер мұндай жарыстарды бірінші болып өткізді. Кейін осы табысты тәжірибенің дәстүрге айналып, барлық өңірлерді қамти отырып, болашақта Қарулы Күштер шеңберінде өткізілетіндей болатындығына сенім бар.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




