«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған
Автор
Адамзат баласының ғұмыры қысқа болғанымен, аты мәңгіге қалып, артындағы өнегелі істері, ғибратты ғұмыры мен адами амалдары мәңгі өмір сүретін, ел жадында сақталып, жақсылығы мен шарапаты халық кәдесіне жарап жататын тұлғалар болады. Қырғыздың Қызыломпол тауының Ортатоқай деген жерінде дүниеге келіп, бүкіл саналы ғұмырын ата-бабасының мекені, қазіргі Қарасай батыр ауылында өткізген, өзіндік ұстанымы бар, халық арасында белгілі болған батагөй қария, ақын, шежіреші, саятшы, басшылық қызмет атқарған, бір елдің бас көтерер азаматы Асық Уәлиұлының өмірден озғаны туралы қаралы хабар оны білетіндердің ешқайсысын да бей-жай қалдырмағаны белгілі. Өйткені, қырғыз туғандармен төскейде малы, төсекте басы қосылып қатар өмір сүріп жатқан осы өңірде Асық атаны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біледі десем, сөзім артық болмас.

Асық деп атын атағанда кескін келбеті мен сымбаты жарасқан, ақылына ажары сай, сөздері салмақты, шаршы топта суырылып шығып сөз бастайтын шешен, абыз ақсақалдың бейнесі көз алдыңа келеді. Оның жан-жақты дарынын айтуды бата жайынан бастасақ, көп әңгімені ширатуға болады.

Дара тұлғалы даңқты батыр Бауыржан Момышұлы бата туралы былай деген екен:

«Бата деген – Құран сөзі, Құран – Құдай сөзі. Бата деген – қазақтың темірқазығы, рухани азығы. Бата – әдебиет, бата – мәдениет, бата – қасиет, бата – өсиет».

Бауыржан батыр осындай анықтама берген бата құдіреті бойына дарыған туған жерінің, одан қала берді бүкіл қазақтың тарихынан, шежіресінен, әдебиетінен, ақындық өнерінен нәр алған, Асық Уәлиұлы қарымды қаламгер, ақылшы ақсақал, ортасына сыйлы көшбасшы бола білді. «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер» дегендей, әр жағдайға, әр қуанышқа орай жанынан шығарған, арнайы айтылған баталарын көздің қарашығындай сақтап, жинақтап кітап етіп шығаруы – болашақты ойлаған болжампаздығы. Ол – елге қажет құнды еңбек. Осы еңбегімен автор бұл дәстүр – тәрбиенің бастауы екенін меңзеген.

Қазақ қандайда бір істі бастамас бұрын үлкендердің батасын алған. Онсыз істің оңға баспайтынын көріп жүрміз. Осыны оқырмандарының есіне салып, саналарына сіңіргісі келгені байқалады. Әсіресе, үлкен ағаларымыз, ақсақалдарымыз кейде бата сұраса қашқақтап, қиналып қалатын тұстары көп.

Батаның өсіп келе жатқан жастарымызға қаншалықты қажеттілігін, бата берудің қазақ руханиятының ажырамас бөлігі екенін ескерсек, Асық атамыздың «Ақ бата – асыл қазына, қасиетті асыл сөз» атты бұл кітабының маңызы зор. Асық Уәлиұлының тағы бір қыры, ақындығы туралы айтқан көрнекті жазушы Несіпбек Дәутайұлының сөзін еріксіз еске аламыз. «Көргені көп, көңілге түйгені көл-көсір, кемел ойлы келісті жандар әр ауылда көп те болмас. Алайда бар. Сол бардың ішіндегі бір атамыз – Асық Уәлиұлы ақсақал. Өлең жазып жүру – оның жан қалауы. Өмір бойы шаруашылық өндірісінде қызмет еткен Асекең жарық дүниенің «жан алып, жан беретін» жанталас тірлігін жанай өтіп жүре бермей, оның өзі аңдаған, пайымдаған қилы-қилы құбылыстарын қағаз бетіне түсіріп, түйсігінің түбіне тұнып жатқан ойларын өлең арқылы түгендеумен келеді. Бұлай ету кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ақыл – парасат, табиғи білімдарлық пен біліктілік, өмірдің оғындай сөз бен мінез керек.

Кезегімен келіп, кетіп жататын ұрпақтардың ғұмыр көшінен келесілеріне қалып отыратын өсиет өлең – Асық ағамыздың басты тақырыбы». Қайран Несіпбек аға қаншалықты әділ, нақты жоғары баға берген. Асыл атамыздың ел басқарған білікті маман, көшбасшылығын айтпағанда, саналы ғұмырын ел ертеңіне арнаған, жастар келешегі үшін, түн ұйқысын төрт бөліп, көзінің майын тауысып жазған, жүрегін жарып ұшқан кітаптары үшін алды бұл бағаны. Кісі ойына қиянат жасамай, осы жерде қаламгер Кәмілдің Асық атамыздың ақындығы туралы айтқан мына сөздерін мысалға келтіре кеткеніміз жөн болар:

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін»,- деп Абай айтқандай, Асық ата бұл құнды еңбектерін, жыр-шумақтарын өскелең ұрпақтың болашағына арнады.

2015 жылы «Аманат» атты жырлар жинағы жарық көрді. Мысалы, мына «Адам өзгерді ме, заман өзгерді ме?» деген өлеңінен «тамырын тереңге тартқан, адамгершілік, мейірімділік пен тектілігінен танбаған қазақ халқының кейбір өкілдері осы кезеңде неге азғындықтың жолына түсті екен» деген алаңдаушылығын көреміз, сезінеміз.

Әділдік, шындық азған заман болды,

Көбейді таңдағандар арам жолды.

Кәнігі, жеп үйренген жемқорларың,

Іздегені алдау, жеу, амал болды.

Бұл заман бүйте берсе бұзылады-ау,

Адалдық, шындық белден сызылады-ау.

Бұл індет өрши берсе дәл осындай,

Сөнеді көгіңдегі қызыл алау.

Ал, келесі тағы бір «Жастықтың базары», деген өлеңіне назар аударсақ, мәңгі тақырып жастық шақ адамзаттың ең бір қызық, қымбат шағы алау жастықтың қадіріне жету керектігін және босқа өткізбей өмірден өз орнын табу қажеттігін меңзейді:

Жаратқан жас өмірді екі бермес,

Ойласаң жас өмірге не бар теңдес?

Кетпестей көрінетін қайран жастық,

Тілесең де, сұрасаң да енді келмес.

Сонау 2009 жылы Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында «Атадан аманат – ұрпаққа ұлағат» атты облыстық байқауда:

Мен, Қордай кәрі тарлан сұңқарымын,

Қосылған аламанға тұлпарымын.

Болғанда әкем Уәли, атым – Асық,

Атақты Қарасайдың ұрпағымын, – деп бір таныстырса, артынан:

Қордайдың табысы мол таңқаларлық,

Қазір тұр облыстың алдын алып,

Табыстан, ынтымақтан, проценттен,

Алдына көрген емес аудан салып, – деп, бір ауылдың ғана емес, бүкіл ауданның намысын қорғап, жоғын жоқтайтын жанашыр, ауқымы кең, өрелі азаматтық тұрғыдан сөйлейді.

Қордайдан Кенен, Сарбас ақын шыққан,

Өтеген, Қарасайдай батыр шыққан.

Ноғайбай, Кебекбай мен Жанқойлықтай,

Даналар сөзге шешен асыл шыққан, – деп өзінің туған жерінің тарихын жетік білетін білімділігін, жан-жақтылығын, патриоттық сезімін жоғары деңгейде көрсетіп, мерейі үстем болып, қазылар алқасы шешімі бойынша жеңімпаз атанып, «Шежірелі қария» атағын алғанына бәріміз куә болдық. Өз өмірін де, ел өмірін де өлеңмен өрнектеген ақын атамыздың жүріп өткен жолынан бір үзік сыр осы.

Асық аға 1955 жылы инженер мамандығы бойынша Фрунзе қаласында оқуын бітіріп шыққан соң бас инженер болып 40 жыл, барлығын қосқанда табаны күректей 44 жыл қызмет атқарған екен. Жас маман ретінде еңбек жолы Қырғызстанда басталғанымен туған жеріне келіп табан тіреп, қасиетті мекені үшін аянбай тер төкті.

Өзінің бауыр жерлестерінің жағдайын, ел әлеуетін көтеруге, жеке азаматтардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға арнаған еңбегін ел біледі. Басқаны айтпағанда, менің әкем мен біздің отбасы Асық ағамыздың шарапатын молынан көрдік. Жас болсақ та, бәрі көз алдымызда. Ондайды ұмыту мүмкін емес шығар. Өмірінің соңында риясыз көңілімен, әкелік сүйіспеншілігімен маған беріп кеткен батасын өз басым тебіренбей еске ала алмаймын.

Жалпы ағамыздың ғибратқа толы өмір жолы туралы да, ұл-қыздарының өмірдегі орындары туралы да, өзінің еліміз үшін ең қиын кезеңдеріндегі ерен еңбекке толы жылдары туралы да және өзін танып, азамат болып қалыптасуында үлкен рөлі бар, көкірегі ояу, болашағын болжай білген Құрманалы ағасы туралы да қаламгер, жорналшылар Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Болат Жаппарұлы мен Қазақстанның Құрметті журналисі, Қордай ауданының Құрметті азаматы Құрманбек Әлімжан ағаларымыз өз мақалаларында керемет жеткізіп жазып кеткен екен. Сондықтан мен ол тұстарға көп тоқталмайақ қояйын деп шештім. Асық Уәлиұлының саналы ғұмырындағы ең бір елеулі ісі қазақ халқының ұлттық ұстанымы болған үлкен дүние – шежіре жазуды қолға алуы еді. Текті қазаққа шежіреден артық қандай тақырып бар? Санасы бар халықтың ұлттық намысы, ұлттық рухы оянатын кез келгенін түсінген ағамыз жасынан қызығушылық танытып жүрген осы маңызды іске кірісуі тегін емес.

Осы тұрғыда Асық аға өзі былай деп әңгімелейді: «Дегенмен ата тегімді білсем деген қызығушылық жас кезімнен бар еді. Өз әкемнен, ағаларымыздан, кәрі құлақ қариялардан сұрай беруші едім. Кейде естігендерімді парақшаларға, блокнотқа түртіп жазып та жүрдім. Сол кісілердің арасында шежірені Доспанбет, Қонысбай, Айтбай, Қайнарбек ақсақалдар жақсы талдап, айтып беретін. Сондай-ақ, Әбдірахим, Беспай, Нури, Сұлтан ағайлар да жақсы талдайтын.

1990 жылдардан бастап шежірелер шыға бастады. Білгеніміз әжептеуір кеңейіп, көзіміз ашылғандай болып қалды». Кеуделері көлдария қайран аталарымыздың орны мен бағалары ерекше екен ғой. Бүкіл қазақ елінің бүтіндігін сақтайтын шежіре жеке рудың адамдарына да өте қажет екені айдан анық еді. Демек, шежіре аталарымыз үшін тарих қызметін атқарған. Мен осы жерде қазақ елінің тарихындағы ең ауыр қиын заманында өмір сүрген атақты қолбасшы, шежіреші, тарихшы, саяхатшығұлама бабамыз Қазыбек бек Тауасарұлының сөзін келтіргенді жөн көрдім.

«Мен осы кітапты тасып төгіліп, артылып бара жатқандықтан жазған пенде емеспін. Мен көзіммен көргенімді, айғақты айнытпай көрген нәрселерімді қағазға түсірмек болдым. Ондағы ойым қазіргі жуан ағаш өсіп, өркендеп, бұтағын, берегін, бостанын тартқанда, шыбық ұшы арғы ата-бабасы, жеті ата, түп-тұқиянынан хабардар болсын. Майқы атам айтқандай, біреулер үрім-бұтағымызды «жеті атасын білмеген жетесіз неме» демес үшін осы жазбаны қалдырдым», – депті көреген бабамыз.

Міне, қарап отырсақ ұлт санасының бостандығына үміт сыйлаған, бірақ қабырғаға аяздай батқан сексен алтының ызғары әлі қайта қоймаған өткен ғасырдың сексенінші жылдарында атақты Қазыбек бабасы айтқандай «жеті атасын білмей опық жеп қалмасын, менің де артымда ізім қалсын» деген ұлы идеясымен Асекең жастарға шежіре керектігіне көзі жетеді.

Қылышынан қан тамған кеңес өкіметінің шырмауынан шыға алмай, санасы сан-саққа шашырап, ел ұйықтап жатқан заманда шежіре жазуға қаншалықты жанкештілік пен батырлық және көңіл жүйріктігі қажет болды десеңізші. Ол кезеңде жеті атасын білмей адасып жүрген жастар да, үлкендер де болғанын көзіміз көрді.

Алғаш рет 1998 жылы «Қарасайдың ұрпағы Түктіқұрттың шежіресі» кітабы шықса, оны толықтырып 2005 жылы «Шапырашты Қарасай батырдың ұрпақтары Түктіқұрттың шежіресі» кітабы жарық көреді. Әрине шежіренің әңгімесі осымен бітті деуге болмайтыны белгілі.

Асық Уәлиұлы бастап кеткен ұлы бастаманы жалғастыру кейінгілердің арасынан шығатын арманы асқақ өрелі, рухты жастарымыздың еншісінде деп ойлаймын. Асекеңнің туған ауылы, қазақ қоғамы, жастардың болашағы үшін зор парасатты, табандылықты, жауапкершілікті және арнамысты қажет ететін адами іс-әрекетін айтпай кетуге болмас, сірә.

Тарих қойнауында қалып қойып, ел жадынан шыға жаздаған өткен ғасырдың 30-шы жылдары осы өңірге, қала берді бүкіл Орта Азияға белгілі тұлға болған ауылымыздың тумасы, даңқты Қарасай бабамыздың сарқыты Түктіқұртұлы Кәумен батырдың ұрпағы, қаһарман Боташұлы Ағыбайдың атын бірінші болып тірілтіп, жан берген еді. Кеңес өкіметінің солақай, жауыздық саясаты мен жалған насихатының арқасында ел үшін от кешіп, өмірден баз кешіп, жанын азапқа салған Ағыбай батырдың өмірін әлі де түсіне де, мойындай да қоймаған жерлестеріміздің бар екені шындық. Біраз қиындықтарға қарамастан Еңбек ауылындағы батырдың өзі тұрған көшесіне аты берілуіне Асық ата тікелей мұрындық болды. Ізденіп, бар білгенін ортаға салып, батырдың атын ұлықтап аудан, облыс көлемінде газеттерге мақалалар жазып, бұлыңғыр жерде жарық сәулесін түсіргендей болды.

Әрине, мұндай қадамға баруы еліне деген, елінің төл тарихына деген шынайы жүректен шыққан жанашырлығы, көңіл жүйріктігі мен сезім сергектігі. Асық ағамыз үлгере алмай, толық кемеліне жеткізе алмай кеткен Ағыбай батырдың асыл бейнесін елге таныстырып, жас буын тәрбиесіне жарататын міндеттер бар екені даусыз.

Көкірегі ояу, көзі ашық ел азаматтарының және екі ауыл халқының ниеттерімен Еңбек ауылына батырдың аты берілетін күн де алыс емес деген үмітіміз зор. Сонда екі ауылдың тұрғындарының қасиетті мекені «Батырлар елі» болмай ма?!

Сөйлеп қал, сөйле тілім, бақ барында,

Басыңда сөйлейтұғын жақ барында.

Сөйлеп қал қызыл тілім осындайда,

Артымда мирас қалсын жастарыма – деп Шал ақын айтқандай, сөз өнеріне жастайынан бой ұрып, халқымыздың асыл қазынасынан сусындап өскен Асық ағамыз ақындық өнерді, батагөйлікті өзіне бойтұмар етті. Ақиық ақын, мұзбалақ Мұқағалидың:

«Күпі киген қазақтың қара өлеңін Шекпен жауып өзіне қайтарамын», – деп жырлағанындай, қазақтың ықылым заманнан саф алтындай қазынасын ой елегінен өткізіп, өзінің жүрегін жарып шыққан төл шығармаларын «ұл-қыздарымның бір кәдесіне жарасын» деген ниетімен Асық ағамыз қолынан қаламын тастамады.

Саналы, салиқалы ұрпағы көп болып, осы маған керек десе, нұр үстіне нұр болар. Әлі де еліміз еңсесін көтеріп, жастарымыз осындай ағаларымыздың өнегесіне назарларын тіктеп, оқып танысатынына сеніміміз зор!», – деп аяқтайды Кәміл ағасы туралы айтарын. Оған біздің алып қосарымыз жоқ.

Мен – Асық атаның тұңғыш қызы Айнагүлмен жүректі де, тілекті де бір арнада тоғыстырып, өсіп-өніп отырған күйеу баласымын. Бүгін «өлмейтұғын артында сөз қалдырған» қайын атам туралы бір үзік сырымды, жүрек сөзін айтқым келді. Өз шама-шарқыма қарай айтқан да сияқтымын.

Басынан ақ жаулығы түспеген, аналық мейірімін төгіп өткен, Асық атамыздай азаматының жолында қалтқысыз еңбек етіп, тілеуін тілеп өткен адал жары Айымкүл апа Айтбайқызының ерен еңбегін, қазақ әйеліне тән асыл қасиеттерін қалай айтпай өтеміз. Ол анамыз да батасын беріп кетті бәрімізге. Ел алдында азаматтық, перзенттерінің алдында ата-аналық борышын адал ақтаған екі жанның әруақтарының алдында басымызды иіп тағзым етеміз.

Жандары жәннатта болсын! Артында қалған ұрпағы, батырлар мен ақындарға бай елжұрты аман болсын!

 

Баймұрат ЖАҚСЫБЕКҰЛЫ

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі,

«Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» және «Тараз қаласының Құрметті ардагері» төсбелгілерінің иегері.

Ұқсас жаңалықтар