«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Станоктан стартапқа дейін

Станоктан стартапқа дейін
Автор
Жұмысшы мамандықтары жылына орай Қазақстандағы ТОП-10 техникалық білім беру мекемелерінің қатарына енген оқу орны Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің базасында «Станоктан стартапқа дейін» баспасөз туры өтті.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжі – аймақтың техникалық білім беру хабы. Мұнда инновация, өндіріс пен қолданбалы зерттеулер тоғысып отыр. Сондай-ақ химия, машина жасау, энергетика, құрылыс, ІТ, автоматтандыру, дизайн және де басқа салаларға мамандар даярлап, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына серпін беріп келеді.

Бүгінде атаулы білім ордасы шетелдік және қазақстандық алдыңғы қатарлы оқу орындарымен, өндірістік кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып отыр. Мұнда KNAUF компаниясымен бірлескен құрғақ құрылыс бойынша құзыреттілік ашылып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне «Қазфосфат» ЖШС және (ЖЖФЗ) «Фосфор зауыты» кәсіпорнында оқу кабинеттері ашылған. Сонымен қатар өңірдегі 100-ден астам кәсіпорынмен әріптестік орнатылып, еңбек нарығына қажетті білікті кадрлар даярлауға жағдай жасалған.

Колледж директоры Асхат Картаковтың айтуынша, қыркүйек айының 25-не колледжде үлкен жиын өтіп Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ Көлік және Коммуникация Академиясымен екі жақты меморандумға қол қойылады екен. Яғни, көлік саласы бойынша колледжде білім алған студенттер келешекте білімдерін аталған академияда жалғастырып жоғары білім алады.

– Колледж еңбек нарығының талаптарын және аймақтың даму перспективасын ескере отырып химия, энергетика, құрылыс салаларына жоғары білікті мамандарды дайындайды. 2025-2026 оқу жылына 30 мамандық 47 біліктілік бойынша 2589 студент, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде – 2382, ақылы келісімшарт негізінде 207 студент білім алуда. Сырттай бөлімде 165 студент оқиды. Барлығы 127 топ, оның ішінде жергілікті бюджет – 117, ақылы – 10 топ. 2024- 2025 оқу жылында колледжді 593 түлек аяқтап, оның жұмысқа орналасуы 86 пайызды құрады. Студенттермен кәсіптік практиканы жүргізу үшін облыстағы және Тараз қаласындағы 120 кәсіпорынмен келісімшарт жасалынып, 85 кәсіпорында дуальдік оқыту жүйесі енгізілген. Колледждің материалдық-техникалық базасы – 2 оқу корпусы, 2 шеберхана, 2 жатақхана (320 адамдық), 82 пәндік кабинет, 19 оқу зертханасы, 15 компьютерлік кабинет, 21 шеберхана, 3 спорт зал, 1 спорт алаңы, оқу полигоны, 2 кітапхана, 2 акт залымен қамтамасыз етілген. «Жас маман» жобасын жүзеге асыру үшін еліміздегі 180 колледждің қатарына еніп, «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» және «Механикалық өңдеу, өлшеу-бақылау аспаптары және автоматика» мамандықтары мамандар даярлануда. Оқу жұмыс жоспарлары финдік «SOPRANO» компаниясының білім беру бағдарламасы негізінде жасалынды. Осы жобаға жергілікті бюджеттен 380 миллион теңге қаржы бөлініп, «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» және «Механикалық өңдеу, өлшеу-бақылау аспаптары және автоматика» мамандықтары бойынша жаңа үлгідегі жабдықтар алынды. Сондай-ақ «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» және «Мехатроника» құзыреттіліктері бойынша құзыреттілік орталығы ашылды. Колледж өз қаражатымен «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша оқу гараждары салынды. Колледж облыстық «Үздік колледж» байқауының жеңімпазы атанып, 750 мың теңге сертификатына ие болғанын мақтанышпен айтамыз. Мұндай жетістікке жету үшін білім мен практика қатар жүруі керек қой. Сондықтан «Worldskills-2021» Ұлттық чемпионатында колледж студенттері «Мехатроника» құзыреттілігі және «Визуальды мерчендайзинг және витринистика» құзыреттілігі бойынша ІІІ орынды иеленсе, «Токарлық іс» құзыреттілігі бойынша «Үздік маман» номинациясымен марапатталды. Ал «Worldskills-2022» Ұлттық чемпионатында колледж студенттері 5 құзыреттілік бойынша «Үздік маман» номинациясымен марапатталды. «Worldskills-2023» Ұлттық чемпионатында «Кузовты жөндеу» құзыреттілігі бойынша Тасу Рауан чемпион атанып, І орынды иеленді. Студенттер 4 құзыреттілік бойынша «Үздік маман» номинациясымен марапатталды. «Worldskills-2024» Ұлттық чемпионатында «Ақпараттық кабельдік желілер» құзыреттілігі бойынша студент Ерасыл Үсенов чемпион атанып, І орынды иеленді. Студенттер 3 құзыреттілік бойынша «Үздік маман» номинациясымен марапатталды. Бұл жетістіктерді жалғастыру үшін оқытушылар мен студенттер әлі де тың бастамаларын ұсынады деген ниеттеміз, – дейді Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Асхат Картаков.

Іс-шарада журналистер робототехника кабинетінде болып, студенттер жасаған роботадам мен робот-итпен танысты. «Студенттер үшін олардың функционалдық қабілеті мен тапсырмаларды орындау қабілеті қызықтырады», – дейді автоматизация және басқару бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Жаманбаев.

Ал «Фосфор зауыты» ЖШС-інде болғанымызда кәсіпорынның жетекші маманы Серік Хусайынов мұнда колледждің 300 студенті өндірістік тәжірибеден өтетіндігін тілге тиек етті. Колледждің автокөлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу мамандығының оқытушысы Нұрбек Алпысбай студенттердің техникаға қызығушылығы жоғары екендігін айтады.

«Олар бүгінгі күні өндірісте еңбек етіп жүрген мамандардың орнын алмастырады. Сондықтан теориялық біліммен қатар тәжірибеден өту де олардың кәнігі, білікті маман болып қалыптасуына көмегін береді. Аға буын өкілдерінің де істәжірибесіндегі, шеберлігіндегі дәрістері де тиімді. Интеллектуал, жаңа технологияларды игерген жастар жаңашылдыққа құмар ғой», – дейді Нұрбек Ерланұлы.

Әлемдік брендтердің жоғары технологиялық жабдықтарымен қамтылған құзырет орталықтары мен оқу-өндірістік шеберханаларда оқытушылар мен студенттер әртүрлі өнімдер мен қызмет түрлерін келешекте жасанды интеллектіге сүйене өндірері анық. Бұл біліммен қатар еңбек өнімділігін арттырады.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар