«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қауіпті маусымда 47 орман өрті орын алды

Қауіпті маусымда 47 орман өрті орын алды
Автор
Облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы жер көлемі 4 миллион 425 мың гектар, оның ішінде орманмен қамтылған жерлер 2 миллион 311 мың гектарды құрайды. Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсіру ісін басқармаға бағынысты 15 орман шаруашылығы мекемесі жүргізеді.

2025 жылы облыс аумағында мемлекеттік орман қорында өрт қаупі бар маусым 26 наурыздан бастап белгіленді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Мемлекеттік орман қоры жерінде өрт қаупі маусымының өту барысы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев баяндады.

– Орман қорындағы орманшылықтарда 39 өрт бақылау мұнарасы, 16 дана найзағай бұрғыш жұмыс жағдайына келтірілді. Өрт қауіпті аумақтардағы 65 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құру жұмыстары жүргізілуде. Олар қазіргі таңда орман қорындағы жағдайлар бойынша басқармаға байланыс құралдары арқылы есеп беруде. Сонымен қатар облыстың 3 миллион 48 мың гектар орман қорына өрт қауіпті маусымы кезінде Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман қорғау» мекемесінің 1 ұшағы (АН-2) және 1 тік ұшағы (AS350) әуеден бақылау жүргізді. Мекемелер бойынша орман қорғау қызметкерлерінен 1-ші және 2-ші типтегі орман өртін сөндіру станцияларында 380 өрт жасақшысы құрылған. Өрт сөндіру жасақшыларыны саналы формалармен қамтамасыз етілген және арнайы оқудан өтіп, сертификаттарын алған. Орман өрт сөндіру станциялары 5 бірлік өрт сөндіру автокөлігімен, 15 бірлік Уаз-330365 АЦ-0,9 маркалы кіші кешенді өрт сөндіру автокөлігімен, 90 дана әртүрлі маркадағы МТЗ тракторымен (соқаларымен) және 15 дана жартылай тіркемелі 3 тонналық өрт сөндіргіш әмбебап цистерналармен жабдықталған. Орман қорын күзетуге, патруль жас ауға 72 бірлік жеңіл автокөлік орман шаруашылығы мекемелерінде кезекшіліктер жүргізуде. Алайда атқарылып жатқан алдын алу шараларына қарамастан, өрт қаупі жоғары маусым кезінде облыстың орман қоры аумағында жалпы ауданы 32 993 гектар болатын 47 орман өрті оқиғасы тіркелді. Оның ішіндегі 19 136,1 гектар жер орманмен көмкерілген жерлер. Өрт шығу себептері: 3 жағдай – азаматтардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауынан; 26 жағдай – найзағайдың түсуінен; 4 жағдай – әкімшілік аумақтардан мемлекеттік орман қоры жеріне өрттің өтіп кетуінен. Ал 14 жағдайдың шығу себебі анықталған жоқ. Биылғы жылы орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 11 154,5 шақырым болатын өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары жоспарланып, жоспар толық көлемде орындалды. 2025 жылғы өрт қауіпті маусымына дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Жамбыл облысының мемлекеттік орман қоры аумақтарын және оларға іргелес орналасқан ауылдық округтердің жерлерін өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз ету үшін өрттің алдын алу жөніндегі 2025 жылға арналған бірлескен профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған жоспарға сәйкес әрбір ауданда мемлекеттік орман қоры аумағында және оған шекаралас ауылдық округтердің жерлерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар жоспары аудан әкімдерімен бекітіліп, тиісті дайындық жұмыстары жүргізілді. 2025 жылға орман шаруашылығы мекемелерінің материа лдық-техника лық базасын толықтыру мақсатында жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған болатын. Бұл қаржы өртке қарсы техникалар, патрульдік автокөліктер және пилотсыз ұшу аппараттарын сатып алуға бағытталды. Жоспарға сәйкес қажетті техникалар мен құралжабдықтарды сатып алу кезеңкезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 9 бірлік патрульдік автокөлік сатып алынып, орман шаруашылығы мекемелеріне таратылып берілді. Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелерінің арнайы есепшоты есебінен 1 дана «Нива» автокөлігі сатып алынды. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Бұдан бөлек өнеркәсіпті дамыту қорынан лизингтік қаржыландыру аясында облыстың орман шаруашылығы мекемелеріне жалпы құны 1,8 миллиард теңгеге 60 бірлік өрт сөндіру техникаларын сатып алу жоспарлануда. Мұндай шаралар облыстағы орман шаруашылығы мекемелерін өртке қарсы техникамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, облыс аумағындағы орман қорын күзету, қорғау жұмыстары басқарманың тұрақты бақылауында, – дейді Нартай Әлібекұлы.

 

Aq jol-Aqparat

Ұқсас жаңалықтар