«Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жұмыстарын баяндамай тұрып, бір азаматшаның жігері мен қайсарлығына ерекше тоқталып өткім келеді. Ол – Анар Бексұлтанова. Анар ерекше жан ретінде тағдыр сынағын сабырымен жеңген адам. Жеңіп ғана қоймай, табандылығымен жетістіктерге жетті.
Өзін қоғамның мүшесі ретінде бейімдей алуы өз алдына, үлкен қоғамдық бірлестіктерді басқаруға мүмкіндік тапты. Мұндай қабілет кез келгеннің қолынан келе бермейтіні анық. Анардың жасы үлкенді қадірлеп, ана сыйлап өскендігі – үлкен қасиет. Қазіргі таңда ол басқаратын қоғамдық бірлестікте бірнеше ақ жаулықты әжелер жұмыс істейді. Олар қазіргі жастарында өздерінің тігіншілік қырларын, қолөнерге бейім қабілеттерін дамытып жүр.
Мәселен, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылынан келген шебер Алтыншаш Қаныбекова 73 жаста. «2019 жылы наурыз айында Анар қоңырау шалып хабарласып, осы қоғамдық бірлестіктің жұмысына шақырды. Оған дейін де біздер танысып, қайсар қызға үнемі батамды беріп жүретінмін. Өзім ұзақ жылдар мектепте химия пәнінен сабақ берген ардагер ұстазбын.
Екінші топтағы мүгедектігім бар. Қолөнер қазақтың қасиеті ғой, халқымызбен біте қайнасқан құндылық. Киіз басуды бала күнімізден анамнан, ауыл апаларынан үйреніп өстік. Ол кезде киіз баспайтын, текемет әзірлемейтін үй болмаушы еді. Түрлі оюымен басылған текеметтер керемет көздің жауын алатын.
Ондай ғажайып қолөнерге жастар назар аударып, көңіл бөліп өсетін. Қазір базардан түрлі кілемдер сатып алып, киіз бұйымдарды тұтынудан алыстап барамыз. Текемет, алаша дайындаудан бөлек, бала күнімізден құрақ құрадық. Ши құрақ құрауға бейім болдық. Әлі де құрақ құраймын. Құрақтың да ши құрақ, сегіз жапырақ, бұғы мүйіз деген бірнеше түрлері бар. Онан соң түс киіз тоқимын. Қазір біз киізді шиге салмай, жаңаша тәсілмен басамыз. Яғни, сабынды пайдалану арқылы алақанмен басып жүрміз. Бір сөзбен айтқанда, өзіміздің қоғамдық бірлестікке үлесімізді қосу жолында аянбай тер төгудеміз.
Айша бибі ауылынан осы қоғамдық бірлестік жұмысына үнемі асығып келемін. Себебі, бойымдағы өнерді пайдаланып, қазақтың ұлттық өнерінің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Мұнда біздер – үлкен ұжымбыз. Бірігіп, ақылдасып атқарған істе береке бар. Жасаған қолөнер бұйымдарымыз – үлкен олжа. Ол қолөнер бұйымдарымызды тұтынған әр қазақ жастарының көңілінде ұлттық құндылыққа деген құрмет артса, біздің еңбегіміз еленгені, үмітіміз ақталғаны.
Одан бөлек қоғамдық бірлестік мүшелері бірігіп түскі асымызды ішеміз, қолөнер туралы әңгімелесеміз. Қолөнердің тәсілдерін бірбірімізден сұрап, олқы тұстарымызды дамытып отырамыз. Мәселен, сырмақ жасап көрмеген едім. Қазір әріптесім Ақмарал Мамытовадан сырмақ жасауды үйреніп жүрмін. Өнерді үйрену қай жаста да кеш емес. Бәріміз бір әулеттің мүшелері секілді тату болып кеттік. Қай кезде де бірбірімізге тілеулес болып, жанашырлық танытып тұрамыз.
«Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген нақыл біздерге арналып айтылғандай. Біздің бірлестіктің «Шебер шаңырақ» деп аталуы да бекер емес. Бәріміз бір шаңырақ астында шеберлігімізді шыңдап, өнерге үлес қосып жүрген жайымыз бар. Адам білмеген жерін сұрап алудан, ұқпаған нәрсесін жақсылап үйренуден ұялмауы керек. Үйрене білу – үлкен қасиет. Мен өзімнің отбасыма да білгенімді үйретуге талпынамын. Бірқатар немерелерім қолөнерге мән беріп, ісімді үйренуге көңіл аударуда. Ол үшін қуанамын. Біздің бұл ісіміз ерекше жандарға үлгі деп ойлаймын. Ерекше жандар деген – мемлекеттің жәрдеміне сүйеніп ғана жүретін кісілер деген ұғым тумағаны жөн. Біздер де өз шеберлігіміз арқылы айналаға тағылым тарата білуіміз қажет. Өзіміз де алға талпынудан жалықпаймыз. Жетекшіміз Анар Бексұлтанова да бізді тек алға жетелеп, бізге жігер мен қолдау беріп отырады үнемі. Ол үшін бірлестік басшысына рахмет. Ерекше жандар мемлекеттің қамқорлығын сезінуде. Біз де мемлекеттің дамуына өнерімізбен болсын, еңбегімізбен болсын үлес қосуымыз қажет», – дейді ол.
Мұнда әр адам үшін мүмкіндік бар
Аталған бірлестіктің тағы белсенді мүшесі, ерекше жанның бірі – Ақмарал Мамытова. Ол осы кезге дейін «Қамқор жүрек» қайырымдылық қорымен бірлесіп жұмыс істеген. Аталған қор ерекше жандарды қуантуға, оларға жүрек жылуын ұсынуға арналған. Атап айтқанда, бұл қор аутизммен ауыратын және басқа да науқас балалардың отбасымен жұмыс істеген. Ерекше ұл-қыздары бар отбасы мүшелеріне қолөнер үйретумен айналысқан. Бұл кісі сырмақ жасаудың нағыз шебері.
«Сырмақ – қазақ халқының ерекше қолөнері. Оған бейімділік керек. Бала күнімізден сырмақ жасауды үлкендерден үйреніп, қалыптастық. Ұзақ жылдардан бері қолымыз жаттықты. Қазір сырмақ жасаудың нағыз маманы болдым десем артық айта қоймаспын. Бір сырмақты мен үш ай мерзім ішінде аяқтап шығамын. Жалпы, 4-5 ай уақытта жасалған сырмақтың да сапасы жоғары болатынын айта кеткім келеді. Сырмақтан бөлек ұлттық нақышта тақия, жастықша, кеудеше, көрпелер тігіп, әзірлейміз. Барлығының еңбегімізге қарай белгіленген бағасы бар. Мәселен, сапалы және сәнді тігілген тақия 10 мың теңге тұрады. Әрі қарай өзіңіз есептей беріңіз. Бұл жерде жасалатын еңбек аз емес. Оны түсініп, бағалауымыз керек. Қолөнер жұмысы да инемен құдық қазғандай. Кез келгеннің қолынан келе бермейді. Кез келгенге дарымайды бұл өнер. Себебі қасиетті өнер ғой. Бұйымдарды әркім әр уақытта тоқиды. Мәселен, мен 3 сағатта тігіп бітірген тақияны кейбір кісілер 2 күн бойы тоқуы мүмкін. Қолдың икемділігі мен жылдамдыққа да байланысты. Мәселе жұмысты ерте немесе кеш аяқтағанда емес. Негізгісі – жұмыстың сапасының жақсы болуында. Мұнда жұмыс өнімді, уақытымыз көңілді өтеді. Кілең өзіміз секілді қолөнер шебері, ісмер жандардың жанында болу қуанышты. Бірімізді біріміз жақсы түсінеміз. Жанымыздағы кісілерге жанашыр болып, тілеуін тілеп тұрамыз. Жұмыста ғана емес, біздер әр отбасының қуанышында, мерекелерде де біргеміз. Әр отбасының ұл-қыздарының жетістіктеріне қуанып, тілеулес боламыз. Бұл бауырмалдық қасиет ұрпақ тәрбиесіне де оң әсер етеді. Біздің перзенттеріміз, немерелеріміз де тату. Олар да осы ұлттық өнерді үйренуге ниетті. Мұнда қоғамдық бірлестіктің қолдауымен қолөнер жұмыстары жүріп ғана жатқан жоқ, тәрбие жұмыстарына да жарқын жол ашылып жатыр», – дейді тараздық шебер Ақмарал Мамытова.
Ал Эльмира Есеналиева да осы қоғамдық бірлестіктің мүшесі, екінші топ мүгедегі қайын сіңлісі бар екенін айтты. Осында келіп тігін тігіп, құрақ құрап, жұмыстың бір жағында жүр. Өзіне қамқорлық жасаған осы жердегі барлық шеберлерге алғысы шексіз, дән риза.
Аяулы жандардың айрықша жетістігі
Қоғамдық бірлестік мүшелері тек жеке табысты ғана ойламай, жұдырықтай жұмылып, ортақ іске де көңіл бөледі. Түрлі байқауларға қатысып жүр. Сырт елдердің Байрам, Бішкек шаһарларында өткен халықаралық байқаулардан жүлдемен оралған. Бұл туралы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Анар Бексұлтанова айтып берді.
«Қолөнер – қазақ халқының біздерге жеткен мол мұрасы. Тарихы тереңге кеткен Тараз қаласында аталған бағытты дамыту аса маңызды. Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қауымдастығына мүше қалалардың қатарына қосылуы да бекер емес. Ұлттық өнер сырт елден келген туристерге де өз болмысымызды танытуға сеп болады. Менің бірлестігімнің мүшелері бәрі ерекше жандар. Алайда жұмыс істеуге, өнер үйренуге деген құлшыныстары бөлекше. Жүзге жуық адам осында келіп-кетіп жүретін болса, оның ішінде 30-40 кісі белсенді. Көбінесе осы 30-40 кісімен бірлесіп жұмыс істеп отырмыз. Олардың табыс табуына да көңіл бөлуге тиіспін. Себебі бір кеменің ішінде ортақ мақсатта іс атқарып келеміз. Ішімізде он саусағынан өнері тамған талантты, жан-жақты кісілер өте көп. Осы ретте жоғары тарапқа айтатын базынамыз да бар. Кәсіпкерлік саласына жауапты басқарма қолөнершілер байқауын өткізді. Осы бағытта төрт қоғамдық бірлестік бар ғой. Қомақты қаражатты тек бір ғана бірлестікке бере салды. Мен басқаратын ұйымнан тек екі кісі 400 мың теңгеден қаражат алдық. Ал біздің ол байқауға дайындаған жұмыстарымыз өте маңызды болатын. Бірнеше ай көз ілмей еңбектеніп, байқау талабын орындадық. Ізденісімізге берген қаржысы татыған жоқ. Ал өзге екі қоғамдық бірлестік көк тиын ала алмады. Осындай байқау бола ма? Қазақтың қолөнерімен айналысып жүрген қоғамдық бірлестіктерді қолдаудан кім ұтылады? Ешкім де ұтыла қоймас. Осыны жауапты басқармалар келесі жолы қаперге алса дейміз. Өнердің қай түрі де ауыр ғой. Ерекше жандарды қолдау қай кезде де маңызды емес пе? Әшейін босқа жүріп қолда деп жатқан жоқ, маңдай терін төгіп еңбек етіп, сол еңбегімді бағала деп тұр. Мұндай ерекше жандар құрметке лайықты деп білемін. Сондықтан мен әріптестерімді мақтан етемін. Олармен бір қоғамдық бірлестік аясында, ұлттық құндылықтар жолында тер төгіп жатқаныма көңілім толады. Қолымнан келсе сол еңбекқор, көз майын тамызып, тігін тігетін жандарды қолдап, жандарына сая, күн жағына көлеңке, жел жағына пана болғым келеді. Сол ниетімді олар да түсініп, жылы көңілмен бірбірімізге жақындай түсеміз. Қолөнер арқылы да, тағдырлас жандар ретінде де бір-бірімізді қолдауға тиістіміз деп білемін. Себебі бәріміз бірге тер төгіп, бір терінің пұшпағын илеп отырмыз. Бұл кісілер де – нағыз еңбек адамы. Біз бұл кісілерді қолдау арқылы баталарын алып, алдыға жылжимыз. Сол батамен, ақ тілекпен алдымыздан ізгі жол ашылады. Мен оны үнемі сезініп келемін», – дейді ол.
Қоғамда адамдар әртүрлі. Біреулер отбасымен қатар Отанын да ойлайды. Ешкімге салмақ салғысы келмейді. Ерекше жандардың ізгі жұмыстарға ұмтылысы құптарлық іс. Сондықтан мұндай ұйымдарды қай кезде де қолдаған жөн. Біз «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жемісті жұмысынан соң осындай ізгі ойды ойладық.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




