Ауылдағы іс-шара Ұлы Отан соғысына аттанып, туған жер топырағы бұйырмаған 103 боздаққа арналған «Боздақтар» аллеясының ашылуымен басталды. Аллеяның ашылуында жазушы-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Құрметті жазушысы Көсемәлі Сәттібайұлы, айтыс ақыны Шорабек Айдаров, «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Азамат Есалы толғана сөз сөйлеп, сауапты іс жасаған ауыл жастарына ризашылықтарын білдірді.
Жиын барысында ауылдың боз жусанының иісі бұйырған боздақтар рухына Құран бағышталды. Мұнан соң Дінмұхамед Қонаев атындағы ауылдық мешіт жанынан ауыл азаматтарының бірлігімен жүзеге асқан Хатымхананың ашылуы өтті. Бұл жиында ауыл ақсақалдары Әбдікеш Әбуталиев, Балтабай Әбітаев, Жайлыбек Әбітаев жылы лебіз білдіріп, жастарға бата берді.
Мұнан соң кезінде белгілі қоғам қайраткері Берден Байқошқаров ақсақал салдырған Дінмұхамед Қонаев атындағы ауылдық мешітте келген қонақтардың қатысуымен жұма намазы оқылды. Түс қайта ауылдық клубта Алаш ардақтаған айтыс ақыны Шорабек Айдаровтың 70 жас мерейтойына орай «Айналайын ағайын» атты іс-шара бастау алды. Іс-шараны аталған ауылдан шыққан әншікомпозитор Перизат Оспанова «Тамабек ауылым» әнімен ашты.
Шорабек Бәтейұлының сөзіне жазылған Жарылқасын Дәулеттің «Сағындым бәрін» әнін Бауыржан Нұралиев орындады. Мұнан соң ән ырғағымен сахнаға көтерілген Шорабек Айдаровқа жерлестері зор қошемет көрсетсе, сахнадан ұстазы Балтабай Әбітаев күтіп алды. Осы тұста ұстаз бен шәкірттің жарасымды жүздесуі жүректі жылытты. Балтабай ақсақал берген батаның да мән-маңызы жоғары болды. Жиында жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы сөйлеп, ағынан жарылды.
«Біз бала күннен Шорабек ағамызға қарап бой түзедік. Ағаның әдеби кітапты көп оқитын әдетін біз де бойымызға жұқтырдық. Осы ауылдан 40 ақын-жазушы шықса, оның ішінде шоқтығы биігі – Шорабек. Бізге тәлім берген Балтабай, Әбіш, Есалы ағайларға алғыс айтып, рухына бас иеміз. Аңыз айтыскерге айналған Айдаровпен мақтанамыз», – деді.
Мұнан соң ақын Азамат Есалы, С. Шәкіров ауылдық округінің әкімі Болат Ақаев сөйлеп, мерейтой иесіне құрметтерін көрсетті. Жиында Шорабек Айдаров әсерлі әңгімесін айтып, өлеңдерін оқыды. Ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Анар Айдаралиева ән шырқаса, мектеп оқушысы Балайым Әбілда мерейтой иесінің «Лотерея билеті» өлеңін оқып берді.
Шорабек Бәтейұлы кішкентай өнерпаз Шәмші Ермекұлына батасын берді. Келесі сәтте інісі Асқарбек Айдаров мерейтой иесінің өлеңін оқыса, шәкірттері Есет Жаңабайұлы, Нұрым Сырғабаев жылы лебіз білдірді.
Ақын Елдар Боранбек арнау өлең оқыды. Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Мұхтаров, Мәдениет саласының үздігі Төрехан Жұмабеков сөз сөйледі. Кешке мерейтой иесінің жары Ләззат Байжиенова, қыздары Фариза, Күләш, ұлы Наурызбай ортақтасты. Ауылдастары мерейтой ие сіне құрмет көрсетті.
Жиын соңында Шорабек Айдаров ауыл халқына алғысын білдірді.
«Мен осы жасымда айтыстың талай биік жүлдесін алдым. Талай мерейім өсті. Бірақ оның бәрі ауылымның құрметіне жетпейді екен. Мен бүгін туған жеріме келіп, балалық бал дәуренім өткен жерде толқып тұрмын. Баршаңызға рақмет», – деді әйгілі айтыскер.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Әжелер ансамблі шын таланттың жарыққа шығатынына көз жеткізді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




