«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Білім нысандарының қауіпсіздігі - басты назарда

Білім нысандарының қауіпсіздігі - басты назарда
Ашық дереккөз
Мемлекеттің басым міндеттерінің бірі – балалар мен жасөспірімдер үшін білім беру объектілерінде тәрбиелеудің, оқытудың, демалудың қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ету. Жергілікті атқарушы органдар, білім бөлімдері өкілдерінен тұратын мониторингтік комиссиялар білім беру объектілерінің жаңа оқу жылына дайындығын тексеріп, барлық қауіпсіздік шаралары жасалып, жаңа оқу жылы үлкен дайындықпен басталды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен чек-парақтар әзірленіп, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мәселесі бойынша консультациялар өткізілгенін облыстық санитариялықэпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шиналиев мәлімдеді. Облыстағы 520 мектептің 4 мектеп-бақшасы мен 8 мектеп-интернатты қоса алғанда, барлығы мониторингпен қамтылған.

– Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен оның аумақтық басқармалары жазғы демалысқа шығар алдында әкімдіктерге, білім басқармасына және оның аумақтық бөлімдеріне жаңа оқу жылына жөндеу жұмыстарын аяқтау қажеттілігі туралы және білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау жөніндегі негізгі өзекті мәселелер туралы 30-дан астам хат жолдаған болатын. Облыстағы 520 мектептің 447-сі мемлекеттік және 73-і жекеменшік. Типтік ғимараттарда 393-і, бейімделген ғимараттарда 127-сі орналасқан. Мектептердің ішінде 400-і орталықтандырылған, 118-і жергілікті сумен қамтамасыз етілген. Нақтырақ айтсақ, 20-сы Байзақ ауданы бойынша, Жамбылда 11, Жуалы ауданы 8, Қордайда 9, Меркіде 5, Мойынқұмда 3, Сарысуда 18, Талас 19, Шуда 21, Тараз қаласында 4 мектеп. Бұдан бөлек, 2 мектепте су тасымалданады, бұлар Қашқантеңіз бастауыш мектебі мен Ақсүйек ауылындағы №1 мектеп. 130 мектеп орталықтандырылған, 390-ы жергілікті су бұрумен қамтылған. Ал жылыту жағына келсек, 110 мектеп орталықтандырылған, 410-ы жергілікті, яғни автономды жылытумен қамтамасыз етілген. Балалар мен білім беру объектілерінде санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету мақсатында санитариялық нормаларға сай келмейтін білім беру объектілерінің санын азайту жөніндегі мәселелерді шешуге бағытталған нысаналы индикаторлар айқындалды. Қазіргі уақытта апатты және үш ауысымды мектептерді пайдалану мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Облыс аумағында 2 апатты мектеп бар. Біреуі – Шу ауданы, Шу қаласында орналасқан Ғ.Мұратбаев атындағы 1176 оқушыға арналған орта мектеп. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен орта мектептің жаңа корпусының құрылысы жүргізілуде. Оқушылар ескі мектеп ғимаратында оқиды. Екіншісі – Мойынқұм ауданы Көшаман ауылының Амангелді атындағы шағын орталығы бар, 143 оқушыға арналған орта мектеп. Ғимараттың апатты жағдайын растайтын мектептің техникалық сараптамасы жүргізілді. Апатты мектеп мәселесін жаңа ғимарат салу есебінен шешу жоспарлануда. Оқушылар ауыл әкімшілігінің ғимаратында уақытша оқитын болды. Сонымен қатар үш ауысымды 1 мектеп жұмыс істейді. Ол – Қордай ауданы Александр Пушкин атындағы №7 жалпы орта білім беретін мектеп. Апатты және үш ауысымды мектептер облыстық жоспарға енгізілген және білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау объектілерінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау жөніндегі Жамбыл облыстық ведомствоаралық штабының бақылауында, – дейді Байділда Сейділдаұлы.

Жыл соңына дейін 19 білім беру нысанының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Оның 9-ы мектеп болса, оның ішінде 3-уі ыңғайлы және 10 мектепке қосымша ғимараттың құрылысы. Бұл құрылыстардың 3-уі Байзақ ауданында болса, тағы 3-уі Жамбылда, екеуі Қордайда, біреуі Таласта, бесеуі Шу ауданында, екеуі Т.Рысқұловта, үшеуі Тараз қаласында.

Биыл 12 мектепке күрделі жөндеу жүргізілген. Атап айтқанда, Байзақ ауданындағы №2 орта мектеп, Қордай ауданындағы №7 орта мектеп, Сарысудағы Б.Көшкінбаев атындағы орта мектеп пен Шоқай датқа атындағы орта мектеп және Тараз қаласында 6 мектеп, яғни №1, №45 гимназия, №13, №25, №54 орта мектептер мен Абай атындағы гимназия, Т.Рысқұлов ауданындағы А.Сұлтанбеков атындағы және Қ.Сатпаев атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстары аяқталмаған объектілер бойынша оқушылар жақын орналасқан білім беру нысандарына ауыстырылады.

– Жаңа оқу жылына дайындық барысында санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг шеңберінде балалар киімінің 64 үлгісі, оның ішінде мектеп формасының 29 үлгісіне, сонымен қатар 11 мектеп сөмкесінің үлгісіне Кеден Одағының КО ТР 007/2011 «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарына сәйкестігіне және санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізілді. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша 13 үлгі таңбалауға сәйкес келмейтіні белгілі болды. Қазақстан Республикасы ПремьерМинистрінің тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі, Білім министрлігі, Қазақ тамақтану академиясы және ЮНИСЕФ және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) сияқты халықаралық ұйымдар білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандартын және мектептегі тамақтанудың үлгілік перспективалық мәзірі әзірленді. Тамақтану стандартының негізгі артықшылықтары – тұзды, қантты және майды тұтынуды азайту, көкөністер мен жемістерді тұтынуды арттыру, ет ассортиментінің әртүрлілігі, яғни жылқы еті, сондай-ақ мәзірден табиғи емес тағамдарды және тұз бен қант көп тағамдарды, яғни шұжық өнімдері, ысталған ет, қант қосылған шырындарды алып тастау. Бұл семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа жұқпалы емес аурулардың даму қаупінің төмендеуіне мүмкіндік береді. Облыс бойынша мектеп тағамдарының перспективалық мәзірін Денсаулық сақтау басқармасы бекітеді. Жамбыл облысының санитариялықэпидемиологиялық бақылау департаментінің, облыс әкімдігінің білім басқармасының, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының биылғы 27 мамырдағы №146/315-Ө/199-Ө бірлескен бұйрығына сәйкес Жамбыл облысының білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында тамақтану стандартын енгізу бойынша онлайн форматта семинар-тренинг өткізілді. Департаменттің аумақтық басқармалары, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері тамақтану стандартын енгізу, тамақтан уланудың алдын алу және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша 10 семинар, 1 дөңгелек үстел өткізді. Аумақтық басқармалардың мамандары ұйымдасқан ұжымдарда тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын санитариялықэпидемиологиялық талаптар, тамақтан уланудың алдын алу, ба ла лар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау және нығайту мәселелері бойынша тамақтану қызметтерін көрсететін кәсіпкерлер, білім беру объектілерінің әкімшілігі үшін белсенді ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізеді. Жыл басынан бері білім басқармасының аудандық бөлімдері мен жергілікті атқарушы органдарға 111 ақпарат дайындалды. 64 семинар өткізілді, бұқаралық ақпарат құралдарында 27 мақала жарияланды, радиорубкаларда 19 сөз сөйлеу ұйымдастырылды, 1910 әңгіме өткізілді, 289 дәріс оқылды. Департаменттің және аумақтық басқармалардың әлеуметтік желілердегі аккаунттарының беттерінде 395 жарияланым орналастырылды. 11 дөңгелек үстел, 15 акция, 66 ашық есік күні ұйымдастырылды, тұрғындармен 15 жиын өткізілді және 1047 парақша таратылды, – деді департамент басшысы Байділда Шиналиев.

Білім беру және тәрбие объектілерінде санитариялық-эпидемияға қарсы салауаттылықты қамтамасыз ету мәселесі Жамбыл облысының санитариялықэпидемиологиялық бақылау органдарының бақылауында болмақ.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА.

 

Ұқсас жаңалықтар