«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әрбірінің жүрегі қазақ деп соққан әулет

Әрбірінің жүрегі қазақ деп соққан әулет
Автор
Қордайлық Сәкеновтар шаңырақ көтергендеріне 20 жыл толған үлгілі отбасы. Біреулер үшін бұл мерзім аса ұзақ болып көрінбеуі мүмкін. Ал Сәкеновтар өтіп жатқан өмірдің әр күн, әр аптасын қадірлеп, мағыналы өткізуге күш салады.

Шаңырақтың иесі Талғат Жолаушыұлы Алға ауылдық округінің Мұзбел ауылында 1981 жылы дүниеге келіпті. 2005 жылдан бері атбегілік жұмыспен және селекция саласымен (малды асылдандыру) шұғылданады. Ұлттық спорттағы жетістіктері үшін «Ұлт мақтанышы» медалімен марапатталған. Оның баптаған сәйгүліктері 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында 11 шақырым құнан бәйгеден ел чемпионы атаныпты.

Президент кубогындағы 11 шақырым құнан бәйгеде І орын, «Алаш арғымағы» республикалық ат жарысындағы құнан бәйгеде ІІІ орын, Қазақстан чемпионатында құнан бәйгеден І орын иеленгені – өңір үшін үлкен мақтаныш. Атбегілік – атадан қалған асыл өнер. Сол асыл өнерді дамытып жүрген Сәкеновтар әулетіне ауыл аймақ, аудан жұртшылығы риза. Атбегіліктің үлкен шыңына шыққан Талғаттың тағылымы талайға үлгі. Біз аттың жалында өскен, тұлпарды тізгіндеген жауынгер халықтың ұрпағымыз. Осы батырлық пен құндылықты Талғат Сәкеновтың әр баласы сезініп, әр немересі түсініп келеді.

Бұйырса шөбере, шөпшектер де сол дағдымен, осы үлгілі жолмен жүріп, осы үлгіні мұрат санайтыны анық. Себебі ата жолы – ұлағат жолы. Ол баршаға мақтан болған қазақтың абыройлы белесі. Оны Сәкеновтар отбасы жақсы түсінеді. Отанасы Маржан Рахымжанқызы 1984 жылы 30 қаңтарда Алматы облысы, Қабанбай ауданында дүниеге келіпті. Білімі – орта. Үй шаруасында. Тұңғыштары Дінмұхаммед Талғатұлы Алматы қаласынадағы Тұран университетінің заң факультетінің заңгерлік мамандығы бойынша ІІ курс студенті. 9 жасынан бастап шабандоз, сонымен қатар еркін күреспен айналысады. 200- ден астам бәйгеге шабандоз ретінде қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз атанған. Бірнеше халықаралық турнирдің жеңімпазы.

Алима Талғатқызы Қордай ауылы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы. 6 жасынан халық би өнеріне қатысады. Жеңіл атлетика спортымен шұғылданады, түрлі тәтті торттар пісіреді. Назар Талғатұлы 2014 жылы 21 тамызда Қордай ауданы, Қордай ауылында дүниеге келген. Ауылдағы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы. 8 жасынан бастап үлкен бәйгелерде шабандоз. Көптеген аламан бәйгелердің жеңімпазы.

«Үздік шабандоз» номинациясының иегері. 2025 жылы жеткен жетістігі де біршама. 11 жасар ұлы елімізге танымал шабандоз атанып үлгерген бұл шаңыраққа қызығатындар көп. Тіл көзіміз әрине, тасқа болсын. Бақытты шаңырақ перзенттерінің болашағы жарқын боларына сенеміз. Себебі болашақтың алтын іргесі осы бастан берік қаланып жатыр. Отанасы Маржан Рахымжанқызы да отағасының үлгілі ісіне, балаларының оң тәрбиесіне шүкіршілік етеді.

«Атбегілік, шабандоз болу – қазақ халқының үлкен дәстүрі, үлгілі жолы. Отағасы жылқы баптап аты шықса, ұлдарым бәйгеге шауып ауыл мерейін көтеріп келеді. Бұл жетістіктің барлығы бізге қуаныш сыйлайды. Міне, «Мерейлі отбасы» байқауына да қатысып бақ сынадық. Аудан көлемінде топ жардық. Ең бастысы, елдің құрметі мен жоғары бағасын сезіндік. Таныс, туыс, жекжат, ағайын, көршілер бәрі құттықтап, қуанып жатыр. Елді қуантқаннан артық бақыт барма? Отағасының жүрегі қазағым деп соғып келеді. Енді перзенттеріміз де халықтың сүйікті баласы, елдің перзенті боларына сенімді. Қазақ еліне деген құрметті олардың жүрегіне септік деп ойлаймын. Халқымыз жақсылыққа үнемі куә болып, осындай байқаулар жиі өте беруіне тілектеспін», – дейді ол.

 

Есет ДОСАЛЫ.

Қордай ауылы

Ұқсас жаңалықтар