Мекеменің қызмет орны үшін Тараз қаласындағы Кенен Әзірбаев көше сі, №156 мекенжайдағы ғимарат таңдалған. Аумағы 2486 шаршыметрді құрайтын ғимарат 1984 жылы салыныпты. Содан бері мұнда басқа денсаулық саласына қатысты мекемелер орналасып, халыққа қызмет етіп келеді. 2023 жылы 290 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, «Аутизмі бар балаларды қолдау орталығы» мекемесіне берілгені ерекшелігі бар балаларға деген қамқорлық деп түсінеміз.
Орталықтың сыйымдылығы 150 орынды қамтиды. Қазіргі таңда 128 балаға арнайы әлеуметтік көмек көрсетілуде. Олардың ішінде 92-сі балалар аутизмімен, 13-і жүйкенің психикалық бұзылуымен, 23- аутизмнің басқа түрлерімен сырқатт анғандар. Орталыққа бекітілген тәртіп пен ережеге сай ерте және мектепке дейінгі немесе мектеп жасындағы мүгедектігі бар 1,5 және 18 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар қабылданады. Қазіргі таңда 21 топқа бөлінген балалар екі ауысым бойынша қызмет алып отыр. Мекеме мамандары мен қызметкерлері олармен жүйелі жұмыс істеп, әлеуметтік дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Мұндағы топтардың «Күншуақ», «Достық», «Құлыншақ», «Сұңқар», «Бірлік», «Ертөстік», «Дарын» деген жүрекке жылы тиетін атаулармен аталыпты.
МАМАНДАРДЫҢ КЕҢЕСІНЕ МӘН БЕРУ ҚАЖЕТ
Орталық түрлі білікті мамандармен қамтылған. Солардың қатарында дефектолог Гүлмира Садық та бар. Біз барған кезде ол 5 жасар Зейнұр Сүлейменовпен монтессори педагогикасы бойынша жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатты. Бір баламен 30 минут жұмыс істейді екен. Әрине мұндай мамандардың кеңесі балаларға ауадай қажет. Логопед Майра Өтеғалиеваны да балалармен жұмыс жүргізу барысында кездестірдік. Сенсорлық бөлмеде әлеуметтік мамандар Әселхан Қолпақова, Жанайым Айтбаева өздерінің міндеттерін жүзеге асырып жатқанына куә болдық. Музыкалық терапия кабинеті де балалар үшін маңызды. Бейімделу және емдік жаттығу залдары жұмыс істейді. Мұндағы түрлі бейімдеулер мен жаттығулардың балалардың денсаулығына оң әсері мол. Оны қызмет алушы жасөспірімдер жақсы сезінуде.
«Осы мамандар барынша жауапкершілікпен жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жұмыстың оң нәтижесі бар. Балалар алғашқы келген жағдайынан едәуір түзеліп, өздерін жақсы сезінетін кездері көп. Психолог, логопед пен дефектолог мамандардың қайсының жұмысын алып қарасақ та маңызды. Олардың ісіне ата-аналар да разы», – дейді мекеме басшысы Салтанат Жантаева. Біз мекеменің жұмысымен танысу барысында әдіскер Жадыра Қоспанова, заңгер Фариза Тілепова, психолог мамандар Нават Мырзаева, Наргиза Нарбаева, Айнұр Үмбеталиева, Лаззат Құдабаева, дефектолог Асима Боранбаева, логопед мамандар Мөлдір Сыдық және Айжан Әбітаеваның жұмыстарының сапалы екеніне көзіміз жетті.
ТАҒЫЛЫМ ТАРАТУШЫ – ТӘРБИЕШІЛЕР
Мейлі бала бақша болсын, мектептің даярлық тобы, интернат болсын тәрбиешінің рөлі ерекше. Олар – балалардың тәрбиесіне ең әуелі жауап беретін мамандар. Орталықтағы топтар бірнеше білікті тәрбиешілермен қамтылған. Жалпы, денсаулығы 100 пайыз жақсы балалармен жұмыс істеу де жеңіл емес. Ал аутизммен ауыратын жеткіншектерді тәрбиелеу екі есе ауыр. Соған қарамастан мекеменің тәрбиешілері Бибігүл Шекетаева, Гүлзат Оржанова, Қалбибі Қарақожаева мен Гүлнұр Қолан сапалы жұмыстарымен көзге түсіп отыр. Анна Матвеева, Ақерке Қырықбаева да – өз жұмысының нағыз шебер мамандары. Сондықтан бұл тәрбиешілерді балалар да жақсы көреді. Бала жүрегінен жол табу үлкен бақыт. Себебі бала психологиясы әрқашан күрделі. Олардың сезімтал көңілін тап басу, көңіл-күйлеріне жақсы әсер ету – нағыз тәжірибелі тәрбиешінің қолынан келеді. Бұл жерде тәрбиешілердің еселі еңбегін ерекше бағалауға болады. Себебі үйде әр атаана 3-4 балаға қарағанға шаршайды. Ал орталықтарда тәрбиешілер 25-30 балаға қабақ шытпай қарайды. Олар әртүрлі жастағы, әртүрлі мінезі бар, әртүрлі ерекшелігі бар балалар. Бір сөзбен айтқанда, бір-бір үйдің еркелері. Сол ерке балалардың тілін табу қайдан жеңіл болсын. Сондай балалардың тілін тауып жүрген тәрбиешілер нағыз еңбек озаттары дер едік. Мұндай білікті мамандар бұл орталықта аз емес сияқты. «Осы орталықта тәрбиеші болудың қандай жауапты жұмыс екенін сезінемін. Балалармен жұмыс істей жүріп те түрлі жағдайлармен бетпе-бет келеміз. Әр жағдайға байланысты шешім қабылдап, тәжіриб е жинаймыз. Мұндағы балалар өте сезімтал. Олармен жұмыс істегенде жауапкершілікті ұмытуға болмайды. Баланың көңілі әрқашан жылылықты қалайды. Сондықтан үнемі балаларды жақсы көреміз. Оларға жылы шырай танытып, шуағымызды төгеміз. Әр баланың қуанғанын көру үшін барымызды саламыз. Жұмысымызға әр баланың жағдайын жасау үшін, өздерін жақсы сезінулеріне әсер ету үшін барамыз. Әр бала – бір әлем. Сол әлемнің құпиясын ашуға күш салып, түрлі тәсілдермен еңбек етеміз. «Тәрбие – тал бесіктен» дегендей, тәрбие саласында жұмыс істеу ешқашан жеңіл емес. Оның салмағын күн сайын сезініп отырмыз», – дейді тәжірибелі тәрбиеші Сәуле Өмірбекова.
ЕҢБЕККЕ БАУЛУ – ҚАЖЕТТІЛІК
Орталықта балаларды дамытуға арналған барлық мүмкіндіктер бар. Ол үшін «Қамқорлық қоры» қажетті мөлшерде қаражат бөліп, көмегін көрсетіп отыр. Мұнда түрлі үйірмелер мен шеберханалар жұмыс істейді. Мәселен, қыш шеберханасында балалар қыштан құмыра, кесе, ойыншықтар жасап үйренеді. Яғни, қыш өнерінің тылсымын меңгеруге күш салады. Қыш шеберханасы бойынша еңбек нұсқаушысы Албина Қуатбек. Қышпен жұмыс істеуге балалар көп құмартатындықтан, Албинаның жұмысы жеңіл емес. Ағаш шеберханасы да жаңадан іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Тігін шеберханасының еңбек нұсқаушысы – Жанар Нарымбетова. Тігіншіліктің тәсілдерін үйретудің де өз қиындықтары бар. Білгенге тігіншілік дегеніңіз – үлкен өнер. Әжелерімізден мұра болған асыл өнерді оқушы қыздарға үйрету барысында Жанардың атқарып жатқан еңбегі ерен.
«Тігіншілік – қажетті мамандықтың бірі. Қазір қолы алтын жақсы тігіншілер жоғары сұранысқа ие. Тәулігіне 200-300 мың теңге табатын тігін мамандары бар. Бұл саланы үйреніп алған қыз бала қор болмайды. Тым болмағанда отбасы мүшелерінің киіміне түйме қадап берсе де, көмек. Біз осы жағын өз шәкірттерімізге ерекше айтып түсіндіріп отырамыз», – дейді тігін шеберханасының еңбек нұсқаушысы Жанар Нарымбетова.
Музыка мамандары Күлән Бекмағанбетова мен Қарлығаш Оралбекова өз істеріне аса жауапты. Жүректі жаулап алатын әннің кереметі әрқашан ерекше. Музыка жан дүниені тазалыққа, көркемдікке тәрбиелейді. Көңіл күйі сәт сайын өзгеретін мұндағы балаларға музыканың да әсері ерекше. Оны ән саласының мамандары жақсы түсініп, балалармен тығыз жұмыс жүргізіп отыр. Біз айтып өткен бағыттардың барлығы – еңбек. Баланың қимылқозғалысы маңызды. Балаға қимылқозғалыс өте керек. Бұл бағыттардың барлығы балаға жақсы әсер етеді. Ол талай зерттеу мен сараптамадан өткен тәсіл. Сондықтан ашылған шеберханалардың жұмысына көңіл толады. Бұл әрекеттер баланы еңбекке баулуда үлкен рөл атқарады.
АТА-АНАМЕН ЖҰМЫС АСА МАҢЫЗДЫ
Мұнда балалар тәулігіне 4 сағат қызмет алады. Екі ауысыммен жұмыс істейтінін жоғарыда айттық. Орталық басшылығы ата-анамен байланыс жұмыстарына ерекше мән берген. Ата-аналарға арнайы бөлме қарастырғаны – үлкен құрмет. Біз аталған бөлмеге де мойын бұрып, ата-аналармен де сөйлестік. Тараз қаласының Талас иінінен келген апай Сафина Сүлейманова 63 жаста. «Осында немерем Зейнұрды әкелдім. Күн сайын әкеліп, 4 сағат күтіп отырып алып қайтамын. Біздің осы жағдайымызды түсініп, орталық бөлме берді. Бұл жер бізге қолайлы. Ата-аналар әңгімелесеміз, шай ішеміз, сырымызды айтамыз. Сол үшін орталық басшыларына алғыс айтқым келеді. Бізге осындай деңгейде көңіл бөлуінен балаларымызға қалай қарайтынын байқап, аңғарып отырмыз. Немеремнің де қимылқозғалысы жақсарып, көңілкүйі жоғарылап келеді. Орталық қызметіне жүгінгеніміздің оң нәтижесі сезіледі», – дейді С. Сүлейманова. Ата-аналар Нұрайым Тоқтамысова 7 жасар, Хилолла Фазылова 5 жасар баласын әкеліпті. 64 жастағы ана Жұмақыз Иманбетова 6 жасар немересі Ислам Сәбитханды орталыққа үкілі үмітпен жетелеп келіп жүр. «Жасымыз ұлғайған шақта немерені осындай орталыққа сүйрелеу бізге де жеңіл емес. Дегенмен күнделікті келіп- кетуге үйреніп те қалдық. Орталықтың ішінен бөлме берілгені қуантады. Үйімізде отырғандай отырып, балаларымызды күтеміз. Өзіміз балаларымыздың денсаулығын ойлап қажып жүргенде орталық тарапынан көрсетілген бұл ізет біздерге үлкен көмек. Мұны орталықтағы мамандардың адамды бағалауы, адам жанын түсінуі деп қабылдаймыз. Мұның өзі орталық мамандары мен ата-ана арасындағы байланыстың жақсы екенін көрсетеді», – дейді ол.
БАЛАЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫ БӘРІНЕН ӨЗЕКТІ
Орталықта түрлі емдеу, дағдыны дамыту жұмыстары жүреді. «Нәтижесі қандай?» деген сұрақтың туатыны рас. Осындай жаттығулар мен емдеудің нәтижесінде Көркем Абибулла, Давид Полывода деген жасөспірімдер сөйлеп кетті. Бұдан бөлек үздіксіз жаттығу мен уқалау жұмыстарының нәтижесінде 2 -сынып оқуға тиіс Айша Боранқұл, Жансая Сәбен есімді балалар мектепке барып, білім алуға мүмкіндік алды. Дамир Албай, Арсен Мұхтар, Арсен Байжан, Раян Тоқтасын да 1-сыныпқа барып, мектепте оқитын болды. Осындай игілікті 9-сынып оқушысы Елдар Жүнісов, 7-сынып оқушысы Бекзат Мұсаев, Әсия Ермек те сезініп отыр. Кеше ғана денсаулығына алаңдап орталыққа әкелген балалар қазіргі таңда мектепке барып жатыр. Атааналар үшін бұдан асқан бақыт бар ма? Әрине, оның ішінде көпшілік оқушылармен қатар мектепке баратындар да, үйлерінен сабақ алатындар бар. Қалай дегенде де, мұнда келген балалардың денсаулығы жақсарып жатыр. Өздігінен жүре алмай, өздерін жайсыз сезініп келген балалардың қазір жағдайы қалыпты. Мұндай жақсы жетістіктер мемлекеттің шексіз қамқорлығының арқасында ғана мүмкін болып отыр. Осы орайда орталықтың білікті мамандары Айнұр Орманқұлова, Мадина Әмірова, асханашылар Айман Сотыбекова, Гүлнұр Дүйсебаеваның жемісті еңбектерін айта кеткен жөн. Ал аталған орталықтың директоры Салтанат Сайлауқызының өз айтары бар. «Орталықтың басты жұмысы – балалардың денсаулығына оң әсер ету. Ол үшін емдеу, дағдыларды дамыту, психологиялық жұмыстарды жетілдіру, баламен тұрақты жұмыс жүргізу өте маңызды. Сол тұрақты атқарылған жұмыстың оң нәтижесін көрудеміз. Әр баланың жағдайының жақсарғаны бізге ерекше қуаныш сыйлайды. Себебі, осында еңбек етіп жатқандардың бәрінің мақсаты бір. Балаларға қамқорлық – негізгі ісіміз. Мұнда жұмыс бір жағынан ауыр. Екінші жағынан бүлдіршін көңіл, періште пейіл балаларға қызмет етіп жүргенімізді қуаныш санаймыз. Сондықтан әрқашан жауапкершілікті сезінеміз. Ата-аналармен ынтымақта болу, жақсы байланыс орнату мәселесіне ерекше мән береміз. Себебі жұмыс – ортақ, мақсат – ортақ. Айналып келгенде мұндағы әр нәрсе бір бірімен байланысты. Оның бәрін үйлесімді түрде жүргізіп отыруымыз қажет. Ұйымдастыру жұмыстары да белсенділікті қажет етеді. Сондықтан ұжымның білікті де үлгілі мамандарына арқа сүйеп отырмын. Ең маңызды істің бірі – тазалық. Орталықтың білікті тазалықшылары Гүлмира Жолшыбекова, Гүлжан Тортаева, Гүлзира Әбішева сапалы жұмыстарымен көзге түсуде. Вахтерші Қалжан Шымкентқызы, күзетшілер Амангелді Тоққұлиев, Жасұлан Қобыланды – абыройға бөленген еңбек адамдары. Мемлекет басшысы да еңбек адамдарын құрметтеуді еске салып жатыр. Біз де осындай үрдіске ерекше мән берудеміз. Егер мұнда жұмыс табысты жүріп, балалардың денсаулығында оң нәтиже байқалып жатса, осы кіші қызметкерлердің де еселі еңбегі. Бөліп-жаратыны да жоқ. Осындағы барлық мамандарға жауапты жұмыстары үшін ризашылығымды білдіремін. Атааналармен де жиі байланысып, қарым қатынасты жақсартып отырмыз. Ол екі тарапқа да тиімді деп ойлаймын. Біздің жұмысымыз – денсаулығына алаңдап келген балалардың жақсы жағдайда болуына үлес қосу. Бір сөзбен айтқанда, балаларды қуанту. Одан артық бақыт жоқ», – дейді ол.
Мекеме басшысы айтқандай, тазалық мұнда бірінші орында. Мекеменің іші де, сырты да мұнтазтай таза. Мекемеде бір футбол алаңы, екі ойын алаңы бар. Балалар ойнау арқылы да өздеріне жақсы әсер алады. Мекеме ауласына раушан, астра және өзге де гүлдер егілген. Гүлдермен көмкерілген ауланың аурасы бөлек. Мұнда балалардың көңіл-күйін көтеру үшін, оң нәтижеге жеткізу үшін барлық жағдай жасалған. Өңірімізде ашылғанына көп бола қоймаған «Аутизмі бар балаларды қолдау орталығы» мекемесінде біз көрген жүйелі жұмыстар осындай.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




