«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отбасы – қоғамның іргетасы

Отбасы – қоғамның іргетасы
Ашық дереккөз
Отбасы – қоғамның іргетасы. Яғни, отбасының бүтіндігі – қоғамның бүтіндігі. Ислам діні отбасын өте жоғары дәрежеге көтеріп, оның тұрақтылығын, сүйіспеншілігін, тәрбиелік қызметін ерекше атап өтеді. Құран мен сүннетте отбасы құндылықтары кеңінен түсіндірілген. Мәселен, отбасы құрудың басты шарты – некелесу. Некелесу – Аллаһтың бұйрығы. Ол адамды зинадан қорғайды, ұрпақты дұрыс жолмен жалғастыруды қамтамасыз етеді.

Құранда былай делінген: «Олармен (әйелдермен) тыныштық табу үшін сендерге жұбайлар жаратқан әрі араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салғаны – Оның белгілерінің бірі», – дейді. Мұхаммед Пайғамбарымыз өз хадисі арқылы талай құндылықты ескерткен. «Неке – менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менің үмбетімнен емес» дейді хадисінде.

Отбасында кімнің рөлі жоғары болуы керек. Ер адам – отбасының жауапты басшысы, ризық табушы, қорғаушы. Әйел адам – отбасының ұйытқысы, бала тәрбиесінің негізі. Пайғамбарымыз: «Әрбірің – бақташысың және әрқайсың өз қарамағындағыға жауапты», – деді.

Баланың бойына иман, әдеп, білім сіңіру – ата-ананың басты міндеті. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды тозақ отынан қорғаңдар...» (Тахрим сүресі, 6-аят), деп келетін аят бар. Исламда сабыр мен кешірімділік – берекелі отбасының негізі . Дауларды сабырмен шешу, бір-бірін түсініп, құрметтеу – отбасын ұзақ сақтайды. Исламда отбасы – тек әлеуметтік бірлік емес, Аллаһтың рақымы мен нығметі. Отбасының тыныштығы – қоғамның да, ұлттың да болашағы. Сондықтан әрбір мұсылман отбасы шариғат негізінде құрылып, Аллаһтың разылығы үшін өмір сүруі қажет.

 АСТАР ЖӘНЕ ИМАНДЫЛЫҚ

Жастар – ұлттың тірегі, қоғамның болашағы. Ислам діні жастарға ерекше мән береді. Себебі жастық шақ – адамның күш-қуаты, ізденісі, өмірге бағыт таңдауы қалыптасатын кезең. Бұл уақытта иманмен өмір сүру – үлкен нығмет әрі сынақ. Жастық шақ – Аллаһтың аманаты. Пайғамбарымыз: «Қиямет күні адам бес нәрседен сұралмайынша орнынан қозғалмайды: өмірін қалай өткізгені, жастық шағын неге жұмсағаны...», – деп ескерткен. Жастық шақ – жай ғана өтіп кететін уақыт емес, Аллаһ алдында есеп беретін кезең. Иманды жас – қоғамның рухани тірегі. Жастайынан Құран үйреніп, хадисті танып, сүннетпен өмір сүру – иманды тұлғаның негізі. Пайғамбарымыз: «Кім Аллаһ разылығы үшін білім іздесе, оған жәннат жолы жеңілдетіледі» деген. Жастарға діни білім беру – ата-ананың, қоғамның, ұстаздардың міндеті. Қазіргі қоғамда түрлі фитналар: харам әдеттер, жалған идеологиялар, интернеттегі азғындықтар жастарды иманнан алыстатады. Мұсылман жасы бұлардан өзін қорғауы керек. Пайғамбарымыз: «Жеті топ адамды Аллаһ аршының көлеңкесіне алады, олардың бірі – Раббысына шынайы ықыласпен құлшылық еткен жас» дейді хадисінде. Ислам тарихында жастар үлкен рөл атқарған. Мысалы, Али ибн Әбу Тәліб – жас сахаба, батырлық пен білімнің символы. Усама ибн Зайд – Пайғамбар армиясын басқарған жас қолбасшы. Мұса ибн Үмейр – алғашқы мұсылман жастардың бірі, дінді Мединеге алғаш жеткізген. Иманды жас – отбасын, қоғамды, елді көркейтеді. Жастарға бағыт беру – бүкіл үмбетке ортақ міндет. Жастық шақты босқа өткізбеу – Аллаһтың алдында жауапкершілік. Сондықтан әр жас мұсылман өз өмірін иманмен, біліммен, ізгі амалмен көркемдеуі қажет.

 ӘЙЕЛГЕ ҚҰРМЕТ – ИМАН БЕЛГІСІ

Ислам – әйел затына ерекше құрметпен қараған дін. Ислам келгенге дейін араб қоғамында әйел адамның құқығы жоққа тең болатын. Алайда Аллаһ Тағала Құран арқылы әйелдерге үлкен мәртебе беріп, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) сүннетімен оларды қорғап, қадірін арттырды. Аллаһ Тағала ананы жоғары мәртебеге қойған. Лұқман сүресінің 14-аятында: «Адамға ата-анасына жақсылық жасауды өсиет еттік. Анасы оны әлсірей жүріп көтерді, оны омырауынан айыру екі жылда болады...», дейді. Пайғамбарымыз: «Жәннат – аналардың табанының астында» деп, ананың діндегі орнын көрсеткен. Әйел – ерінің сенімді серігі, балаларының алғашқы ұстазы. Ол отбасындағы тыныштық пен мейірімнің, береке мен тәртіптің қайнар көзі. Әйел – ана. Ананың орны шариғатта өте жоғары. Исламда әйелдің: білім алу құқығы, мал-мүлкіне иелік ету құқығы, неке құруда келісім беру құқығы, мұрагерлік құқығы бар. Бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріне жақсы қарағандарың», – деп, ер адамдарға әйелге деген жауапкершілікті ескертті. Ислам – әйелді қорлаушы емес, қадірін арттырушы дін. Әйелге деген құрмет – иман белгісі. Қазіргі заманда мұсылман қыз-келіншектер осы шариғат берген мәртебені дұрыс түсініп, өзін де, отбасын да, қоғамды да көркейтуі тиіс.

Ержан АМАНБАЕВ,

Тараз қаласының бас имамы

Ұқсас жаңалықтар