Ел Президенті бүгінде «озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдары егіз екендігін, сол себепті цифрлық саясатты сан салада, әсіресе білім жүйесінде дамыту керектігін баса айтты.
– Біздің міндетіміз – жаһандық үрдістерге бейімделу. Ол үшін білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын үдету өте маңызды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтарлықтай арттыруға үлес қосады. Бүгінде еліміздегі мектептердің 95 пайыздан астамы жылдам интернетпен қамтылған. Аталған көрсеткішті 100 пайызға жеткізу керек. Жерсерік жүйелерінің мүмкіндіктерін осы мақсатқа пайдалануға болады. Мұны жай ғана инфрақұрылымға теңдей қол жеткізу мәселесі емес, әлеуметтік әділдіктің маңызды идеологиялық қағидаты ретінде қарастырған жөн. Сонымен қатар озық инновациялық тәсілдер ерекше қажеттілігі бар балалардың толыққанды білім алуына жол ашып, инклюзивті орта қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Елімізде мектепке немесе колледжге қабылдау, сондайақ басқа мектепке ауысу бойынша барлық негізгі қызметтер цифрлық жүйеге көшірілген. Электрондық Үкіметтің мобильді қосымшасында білім саласына қатысты барлық ақпарат жиналған Bilim қызметі жұмыс істеп тұр. Бірақ алда әлі де ауқымды жұмыс бар. Босаңсуға болмайды. Үкімет пен әкімдер бұл жұмысқа баса мән беруі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл бағытта білім беру мекемелерін тиісті интерактивті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету керектігін, оқытуға арналған цифрлық платформалар мен электрондық оқулықтар барлық оқушыға қолжетімді болуға тиістігін жеткізді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мектептерге жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне тоқталып өтті.
– Келесі маңызды міндет. Балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқытқан жөн. Бұл – болашақта жастарымыздың бәсекеге қабілетті озық маман болуына қажетті бірден-бір дағды. Бұл педагогтерге де қатысты. Мұғалім өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керек. Жалпы, білім беру саласын мүлдем жаңа сапалы деңгейге шығару үшін цифрландыру мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн. Сіздер тұтас елімізді технологиялық тұрғыдан жаңғырту ісінде алдыңғы шептен табылып, біздің қоғамды нағыз прогрессивті әрі дамыған ұлтқа айналдыруға ерен үлес қосасыздар деп сенемін, – деді ел Президенті.
Расында оқушылардың білім сапасына, ақпараттық құзыреттілігіне тікелей әсер ететін фактор – жоғарғы жылдамдықтағы интернетке қолжетімділігі. Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметінше, өңірде мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Бүгінде интернет жылдамдығы 20 мегабит/сек жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 97,3 пайыздан 100 пайызға көтерілген. Ал республикалық Старлинк жобасына енген облыстың 72 мектебінде интернет жылдамдығы 150 мегабит/сек дейін жетеді. Аймақта Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында 182 мектепте аппараттық-бағдарламалық кешен енгізілуде. Ол тегін тамақтануды есепке алу жүйесін, оқушылардың кіру-шығуын бақылау жүйесін, электронды кітапхананы, ата-аналарды ақпараттандыруды, ас мәзірін көрсетуді, сондайақ барлық мектептердің деректерін жинақтайтын интерактивті талдамалық панельді қамтиды. Басқарма басшысы Нұрбек Оршыбековтың сөзінше, білімді цифрландыру бағытында бірқатар бастамалар қолға алынған.
– Білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жаңартылған мазмұны негізінде жүзеге асырылуда. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында министрлік бастамасымен финдік «KiVa бағдарламасы» және «ДосболLIKE» жобалары енгізілді. Облыс деңгейінде «Бестерек», «Komek Stop Bullying», «HR+» автоматтандырылған психологиялық-педагогикалық мониторинг жүйесі», «Кел, дос болайық!» жобалары іске асырылуда. Барлық мектептерде республикалық «111», облыстық «109» телефондары мен «Komek Stop Bullying» жобасының QR-коды ақпараттық парақшалары орнатылды. Антибуллингтік бағдарламаларды енгізу мақсатында Жобалық кеңсе құрылып, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен ортақ меморандум жасалды, – дейді Нұрбек Абубекұлы.
Биыл Жұмысшы мамандықтары жылындағы назар аударатын келесі бір маңызды мәселе – жастарға кәсіптік-техникалық білім беру. Басқарма басшысының сөзінше, биыл еңбек нарығының қажеттілігіне сай 32 колледжде 66 мамандық бойынша 6720 орын игерілген. Мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде 570 орынға техникалық, аграрлық сала бойынша 117 кәсіпорынның сұранысына сәйкес талапкерлер қабылданған. Облыста кәсіптік білімді интернационалдандыру бағытында №7 Бетқайнар колледжінің базасында Қытай Халық Республикасының ең беделді XIAN TECHNOLOGY техникалық колледжінің филиалын пилоттық жоба ретінде ашу жұмыстары аяқталуда. Жоба аясында колледждің оқу кабинеттері 120 миллион теңгеге жабдықталады. Бұл пилоттық жобаны республикада ең алғашқы болып біздің облысымыз енгізіп отыр.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




