«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасөспірім – жарқын болашағымыз

Жасөспірім – жарқын болашағымыз
Алтынбек Қартабай
Балалардың білімі, тәрбиесі, һәм қауіпсіздігі тек атааналар мен ұстаздардың ғана айналысатын шаруасы емес, бұл мемлекеттік деңгейде ара түсуді, үйлестіруді қажет ететін шаруа. Өйткені бүгінгі жасөспірім – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан олардың алаңсыз білім алып, аман-есен азамат болып өсуі қоғам үшін аса маңызды. Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Ендеше, басталатын жаңа оқу жылы балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы болуға тиіс. Осы орайда бүгінгі дайындығымыз қандай?

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында балалардың білімі, тәрбиесі, һәм қауіпсіздігі жан-жақты талқыланды. Жиын барысында бірқатар әлеуметтік, құқықтық және тәрбиелік бағыттағы мәселелер қаралды.

Алдымен облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков өз саласы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен облыс бойынша барлығы 43971 оқушыны киім-кешекпен, кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету жоспарланғандығын айтып, аталған шараға жалпы сомасы 2,3 миллиард теңге бөлініп, 1 балаға шаққанда 53117 теңге көлемінде қаржылай көмек қарастырылып отырғанын атап көрсетті.

Бүгінгі күнге 37047 оқушының атаанасының есеп шотына жалпы көлемі 2 миллиард теңге қаржы аударылыпты. Қалған 6924 оқушыға 20-25 тамызға дейін толық аударылмақшы.

Басқарма басшысы өз сөзінде «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясына арнайы тоқталды.

 – Жалпы акция барлық ауданда ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Алайда Меркі, Шу, Жамбыл, Жуалы аудандарында акция жұмысын күшейту қажет. Мойынқұм, Жуалы аудандарында жеңілдетілген бағада жәрмеңкелер ұйымдастырылмаған. Сондай-ақ акцияның басталуы туралы Қордай ауданы әкімдігінің ғана сайтында жарияланған. Ал Тараз қаласы мен басқа аудан әкімдіктерінің ресми сайттарында «Мектепке жол» акциясы туралы жарияланым жоқ, – деді Нұрбек Әбубекұлы.

Баяндамашы есебінен кейін Серік Жақсылықұлы әлеуметтік көмек көрсету орталығында тәрбиеленіп жатқан өрендердің қажетті оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілуіне назар аударды. Сонымен қатар санаулы күндерден соң есігін айқара ашатын мектептердің қауіпсіздігі қай деңгейде екеніне алаңдаушылық білдірді. Білім ошақтарында турникеттердің, ішкі-сыртқы бейнебақылау камераларының, дабыл түймесінің, күзет қызметінің жұмысын ерекше қадағалау қажеттігін айтты. Сондай-ақ «Мектепке жол» акциясында белсенділік танытпай отырған аудандағы жауаптыларды сынға алды. Күн тәртібіне шығарылған мәселеге қатысты облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков түсініктеме берді. Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік көмек орталығында 15 бала бар. Оның 11-іне тиесілі қаражат бөлініп, көмек көрсетілген. Қалған 4 балаға қажетті қаражат тамыздың 25-іне дейін толықтай төленбек. Ал мектептердің қауіпсіздігіне келсек, облыс бойынша 500 мемлекеттік және 229 жекеменшік білім беру мекемесі терроризм тұрғысынан осал нысандар санатына жатады. Оның ішінде мемлекеттік мекемелердің 66 пайызы (354 мекеме) бүгінде қажетті қауіпсіздік техникаларымен, құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Турникеттер, дабыл түймелері мен күзет жүйесін орнату жұмыстары осы аптаның соңына дейін 100 пайызға орындалмақ. Жекеменшік мектептер арасында 229 мекеменің 122-сі барлық талап бойынша толық қамтылған. Қалғандарында әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Басқарма басшысы бұл сұрақтар Үкімет деңгейінде кезеңкезеңімен шешілетінін жеткізді. Сол секілді қазіргі таңда Қордай ауданындағы 25 мектепте турникет орнату жұмыстары аяқталуға жақын, алдағы апта соңына дейін толық іске қосылады. Мойынқұм ауданында да кейбір білім ошақтарында күзетке қатысты сұрақтар туындағанымен, ол мәселелер де шешімін тауып жатқан көрінеді. Жиында облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мақсат Юсупов баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты 29 қылмыстық іс қозғалған.

– Қылмыстық істің 13-і жыныстық қолсұғушылыққа байланысты тіркелді. Талдау көрсеткендей, мұндай қылмыстардың бір бөлігі жәбірленушінің туыстары (ағасы, өгей әкесі), бір бөлігі таныстары тарапынан, ал кейбірі кездейсоқ адамдар мен такси жүргізушілері тарапынан жасалған. Қазіргі таңда 29 істің 12-сі сотқа жолданып, қалғандары тергеу сатысында тұр. Сонымен қатар өңірде балаларға қызығушылық танытатын жыныстық ауытқуы бар ер-азаматтардың педофилия қылмыстарының алдын алу бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облыстық полиция департаментінің есебінде 157 адам тұр. Оның 80-і қамауда, бір бөлігі диспансерлік ем алуда, ал 72-сі жазасын өтеп, бостандыққа шыққан. Бұл тұлғаларға қатысты учаскелік полиция қызметкерлері және әкімдік өкілдері бірлесіп тұрақты бақылау жүргізеді. Әсіресе олардың мектептер мен балалар шоғырланатын орындарға жақындығы ескеріледі, – деген Мақсат Мүсірепбекұлы соңғы бес жылда осындай ауыр қылмыс қайта жасалмағанын атап өтті.

 Алайда биыл 26 шілдеде Шу ауданында 13 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп, 2022 жылы бостандыққа шыққан бұрынғы сотталған азамат қайта қылмыс жасаған. Бұл жағдай құқық қорғау органдарының ерекше назарына алыныпты. Полиция полковнигінің сөзіне сүйенсек, бостандыққа шыққан азаматтар сегіз жылға дейінгі мерзімде әкімшілік қадағалауға алынады. Оларға белгілі шектеулер қойылып, тұрғылықты жерінен тысқары шығу немесе орын ауыстыруы сот шешімімен реттеледі. Дегенмен конституциялық құқықтарына байланысты кейбір шектеулер заң аясында ғана жүзеге асады.

Жасөспірімдерге жыныстық қолсұғушылық мәселесіне байланысты жиынға қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Серік Жақсылықұлы құзырлы органдарға бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ әлі де оқшауланбаған 72 педофилге қатысты нақты шара қолдану қажеттігін атап өтті. Әсіресе атаанасымен бірге тұратын, бірақ әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы балаларға ерекше қамқорлық қажет екендігі баса айтылды. Олардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау – қоғамның да, мемлекеттік құрылымдардың да ортақ міндеті. Бірқатар өзекті тақырыптар талқыланған басқосуда Талас ауданы, Көктал ауылында орын алған мәселеге қатысты жүргізілген зерделеу қорытындысы және «Қауіпсіз терезе» акциясының орындалуы жөнінде облыс әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Қарлығаш Салықбаева баяндап берді. Қарлығаш Әшірбайқызының сөзіне сүйенсек, Талас ауданында орын алған келеңсіз жағдайға байланысты жергілікті білім бөлімінде Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің, Қаратау технология және бизнес колледжінің және Талас аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау комиссиясының жұмыстарын зерделеу барысында бірқатар мән-жайлар анықталған.

– Зерделеу барысында, Талас ауданы, Көктал ауылы, Қазыбек би көшесі №1 үйдің тұрғыны Н.Нурмуханбетованың кәмелетке толмаған 6 баласы бар екендігі анықталды. Балаларға мектеп әкімшілігі тарапынан зерделеу жұмыстары осы жылдың қаңтармамыр айлары аралығында жүргізілген, қалған уақыттарда балалардың тұрғылықты жері бойынша тұрмыстық жағдайлары зерделенбеген. Жеткіншектердің бірі – кәмелетке толмаған Ерсін Нурмуханбетов биыл 24 сәуірде Алматы облысы, Талғар ауданы, И.Ф.Халипов атындағы №1 жалпы білім беретін орта мектептен Қаратау қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің 4-сыныбына ауысып келген. Бірақ Ерсінге оқу-жазу, санауды меңгеру қиынға соққан көрінеді. Осыдан кейін анасы Н.Нурмуханбетованың 28 сәуір күнгі өтініші мен педагогтер отырысының хаттамасы негізінде ол бірден 2-сыныпқа ауыстырылған. Ерсін Нурмуханбетовтің психологиялық-педагогикалық жағдайы зерделенбей, мектеп әкімшілігі тарапынан заңбұзушылыққа жол берілген және аудандық білім бөліміне хабарланбаған. Сондай-ақ осы отбасындағы Ерсұлтан Төлен және Нұрсұлтан Төлен 2024-2025 оқу жылына «Электр жабдықтары» мамандығы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы оқуға қабылданған. Тексеріс кезінде екі жігіттің сабаққа қатысу деректерінде сәйкессіздік анықталды. Атап айтқанда, электрондық және қағаз жүзіндегі журналда 116 сағаттық айырмашылық бар. Ерсұлтан Төленнің 4 күн (8 сағат) сабақтан қалғаны тіркелсе, Нұрсұлтанның сабақтан қалмағаны көрсетілген. Өзіндік жұмыстар бойынша да алшақтық байқалды. Нұрсұлтан Төленнің тапсырмалары колледжде сақталған, ал Ерсұлтанға қатысты құжаттар ұсынылмаған. Сонымен бірге тексеріс барысында курстастарынан да пікір алынды, – деген Қ.Салықбаева кәмелетке толмаған Н.Төлен бұған дейін осы жылдың 12 шілдесінде де үйінен өз бетімен кетіп қалып, кейін қайта табылғандығы анықталғанын жеткізді.

Орын алған жағдайды ауылдық учаскелік инспектор, аудандық ювеналды полиция инспекторы және Көктал ауылының әкімі білген. Отбасындағы тұрақсыз жағдай сол кезден анық байқалғанымен, учаскелік полиция қызметкері, ауыл әкімі бұл мәселені аудандық комиссияның қарауына ұсынбаған. Талас ауданында орын алған келеңсіз жағдайға байланысты облыс әкімінің 2025 жылғы 11 тамыздағы өкімімен жұмыс тобы құрылып, облыс әкімдігінің білім басқармасының Талас ауданындағы білім бөлімінде, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінде, Қаратау технология және бизнес колледжінде және Талас аудандық әкімдігінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарының қорғалуы, олардың арасында құқықбұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы бағытындағы жұмыстарға зерделеу жүргізген.

Зерделеу барысында аталған мекемелерде бірқатар кемшіліктер анықталып, қорытындысы бойынша облыстық білім басқармасына аудандық білім бөлімі басшысының, сонымен қатар Қаратау технология және бизнес колледжі директорының тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы колледж құрылтайшысына ұсыныс енгізу қарастырылып, Талас ауданы әкіміне әлеуметтік салаға жауапты орынбасарының және Көктал ауылы әкімінің, облыстық полиция департаментіне аудандық полиция қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігін қарау бойынша ұсыныс енгізіліпті.

Күн тәртібіне сәйкес кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен суицидтің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова мен Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов баяндама жасады.

Серік Жақсылықұлы облысымыз республика бойынша суицид көрсеткіші жағынан бірінші орынға шығып отырғанын атап өтіп, мәселені шешу үшін кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. С.Сәлемов ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, балаларды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін себептердің бірі – қуаныш гормонының төмендігі екенін айтты. Оның пікірінше, бұл гормон ең алдымен спортпен шұғылдану кезінде бөлінеді.

– Сондықтан өскелең ұрпақты спорттық және мәдени-көпшілік шараларға белсенді тарту қажет. Өйткені жасөспірімдердің планшетке телміріп, жаман ойдың шырмауына түсуіне жол беруге болмайды, – деді С.Жақсылықұлы.

Жиын соңында орын алған олқылықтарды түзетуді көздейтін тиісті ұсыныстар енгізіліп, хаттамалар толтырылды. Облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қыркүйекте өтетін кезекті отырысында жайсыз отбасылардағы балалардың хал-жайы, педофилиямен күрес және оқу орындарында кездесетін ақша бопсалаушылар мен агрессорлық іс-әрекетке бейім топтағыларға қатысты мәселелер қаралатын болды.

Aq jol-Aqparat.

Ұқсас жаңалықтар