Мұндай қасиетті топырақта дүниеге келген қайратты ұландар жетерлік. Олар намыстың нажағайындай жарқылдап, еңбек пен ерліктің құнын жақсы ұғынып өскен. Сондай жандардың бірі – Бейс ембай Жаңбырбаев. Ол Шу қаласындағы N303 қазақ теміржол орта мектебінде білім алады. Осы мектеп қабырғасында ең аяулы да сағынышты жылдары өтті.
«Адамның ең бақытты кезеңі – балалық шағы емес пе? Яғни, Шу қаласындағы N303 қазақ теміржол орта мектебінде білім алған кездерім ең қызықты жылдарым болғаны анық. Қолыма қалам ұстатқан алғашқы ұстазым Бүбән Шабақбаеваны ерекше құрметпен еске аламын. Әр баланың жанын түсінетін ерекше мейірімді мұғалім еді. Қолымнан қаламымды әлі тастаған жоқпын. Біздің уақытта көркем жазу, әдебиет сабағында дауыстап оқу деген болатын. Ондай сабақтың да берері көп еді. Қазіргі жас ұрпақ осы дәстүрді жалғастырса нұр үстіне нұр болар еді», – деп өткен күндерді сағынышпен еске алады Б.Жаңбырбаев.
Аталмыш білім ошағын 1972 жылы тәмамдаған соң, Бейсембай Смағұлұлы еңбек жолын туған ауылында Шу теміржол бөлімшесіне қарасты Хантау бекетінде, 38-ші Шу жол дистанциясының қарапайым жол жөндеуші маманы болып бастайды. Бұл 1973 жыл еді. Мұнан соң Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеп келіп, Шу теміржол бөлімшесінің Шу вагон депосында вагон жөндеуші, вагон қараушы болып жалғастырады. Мұнда оның тәжірибесі толысып, 1977 жылы Хантау бекетіне оралады. Онда жас маман вагон құрастырушының көмекшісі, вагон құрастырушы, станса кезекшісі сынды қызмет сатыларынан өтеді.
Б.Жаңбырбаев 1981 жылы өз жұмысын жалғастыра отырып, Алматы теміржол техникумына сырттай оқуға түседі.
Осылайша теміржол қызметінің жүк тасымалдау инженері мамандығын иемденеді. Бұл қадам білім мен білікті қатар ұштаған Бейсекең үшін болашақ қамына жасалған қарекет еді. Ол қадамы құтты болды да...
1981-1990 жылдары аралығында ол Қазақстан теміржолының Шу теміржолдары бөлімшесінде, поезд диспетчері, аға поезд диспетчері, шұғыл бөлім бастығының орынбасары болып шыңдалып шығады. Бейсембай Смағұлұлы болат жолдың бойында бейнет етіп, Тәуелсіз Қазақстанның теміржолының дамуына, ел экономикасының еңсе тіктеуіне өз үлесін өлшеусіз қосқан азамат. Себебі ол 1990-1993 жылдары Жамбыл жол бөлімшесінің, Шу теміржол бекетінде, станса бастығының жүк және коммерция жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарған.
Онан кейінгі жылдары Алматы теміржолының жүк және коммерция қызметінің басшысы қызметін атқарды. Оның Алматы теміржолының жүк және коммерциялық жұмыс қызметінің бастығы лауазымында ауыстырып тиеу пункттерін механикаландыру, «Дружба» шекаралық станциясында (қазіргі Достық стансасы) жолдарды, сигналдық құрылғылармен байланыстарды әзірлеуді аяқтау жобаларына қатысқанын атап өткен жөн. Сан салалы теміржолда логистиканы жетік меңгерген менеджер 2002 жылы «Кедентранссервис» ЖШСде жүк басқармасының басшылығы қызметінде болды.
Ұзақ жылдар бой жинаған тәжірибе оның қызметте тез көтерілуіне себеп болды. Ол «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚның орталық аппаратында жауапты қызмет атқарды. Кейінгі 4 жылда Қазақстан теміржолы «Орталық сервис» акционерлік қоғамының вицепрезиденті лауазымын абыроймен атқарды. Бейсембай Смағұлұлы қоғамдық жұмыстардың ортасынан табылып, тиісті жерде қаржылай көмегін көрсетіп, әрдайым жас буынға өзінің еңбектегі және өмірдегі жиғантерген тәрбиесін бөлісіп келеді.
Мысалы, «Биназар қоры» атаның құрметіне арналған жыл сайынғы іс-шараларға тұрақты демеушілік жасап, Сұңқар алқабында мұражай, Хан-Тау стансасындағы мешіт жанынан 250 орындық асхана салуға миллион теңгеден астам жеке қаражат бөлді. Б.Жаңбырбаев 2015 жылы туып өскен мекені – Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы атанды. Бұдан ертерек теміржолшыларға арналған айрықша марапат «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегері атанған болатын.
Бұдан бөлек Бейсембай ағаның алған Алғыс хаттары мен төсбелгілері жетерлік. Бүгінгі таңда Бейсембай ағаның кеудесінде темір жол саласындағы көпжылдық және мінсіз еңбегі үшін берілген «Біртұтас Қазақ теміржолына – 50 жыл» төсбелгісі, «Мойынты-Шу теміржолына – 70 жыл» мерейтойлық медалі, Қазақстан Республикасының «Құрметті Азаматы» төсбелгісі, еліміздің Әлеуметтiк және экономикалық дамуына қосқан үлесi, қоғамдық қызметте атқарған елеулi еңбегi үшiн «Қазақстан Республикасының Алтын Жұлдызы» атты төсбелгісі жарқырап тұр. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы еңбек етіп жүрген Бейсембай Смағұлұлы 45 айда жүргізілген Мойынты-Шу учаскесін электрлендіруге белсене қатысты.
Табиғатынан ақынжанды Бейсембай аға халықтың үні – Қазақ радиосында да жұмыс істеген. Яғни, көңілі көркем, білімі терең, жан-жақты кісі. Қазақ радиосында еңбек ету екінің бірінің маңдайына жазылмаса керек. Ол туралы өзі де сыр шертіп, толғанады.
«Қазақ радиосы – үлкен тағылым мектебі емес пе? Радиодан да үйренгенім көп болды. Талай талантты ағалар мен әпкелер еңбек етті. Ол жылдарды қайта айналып келмейтін тарихи кезең деп еске аламын», – дейді Бейсембай Смағұлұлы.
Биыл 70 жастың желкенін керсе де Бейсембай Смағұлұлының аяғы әлі үзеңгіде. Бұл кешегі батыр бабаларымыздың дағдысы болса керек. 2020 жылдан қазіргі уақытқа дейін «ТРАНССИСТЕМА ТЛК» ЖШС бас директоры қызметін атқаруда.
Өмірлік жары Шарапатпен бірге ұл мен қыз өсіріп, ұрпақ өрбітті. Олардан тараған ұрпаққа сүйікті ата мен әже болып отыр. Беделіңіз биіктей берсін, болат жолдың берекесі, Бейсембай аға!
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




